Экономика

Қаржы маңызды салаларға жұмсалады

Мәслихат

Кеше депутат Апуажан Төлегенованың төрағалық етуімен облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және  кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.

Комиссия отырысына облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қуаныш Елубаев, тұрақты комиссияның мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық басқармалардың басшылары, қоғамдық кеңестің, Ақтөбе қаласы әкімдігінің, облыстық жергілікті полиция қызметінің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 8 желтоқсандағы №217 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тұрақты комиссияға ұсынылған мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Олжас Смағұлов хабарлама жасады.

Ол облыстық бюджеттің нақтылануына ұсынылған жалпы көлемі 3 698 428,0 мың теңге шығындар тізімін ұсынды. Бұл қаржының қомақты бөлігі білім мен құрылыс салаларына бөлініп отыр. Сондай-ақ энергетика саласы мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына тиісінше қаржы қаралған. Денсаулық сақтауға, дене шынықтыру мен спортты дамытуға, жолдарды жақсартуға да қаржы көзделген.

Тек осы үстіміздегі жылдың өзінде Ақтөбе қаласында 6 мектептің құрылысы жүреді. Оның бірі 900 орындық үлкен мектеп болмақ. «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында биыл облыста балаларға арналған  лагерьлер жөндеуден өткізіліп, қамқорлықтар таныту көзделіп отыр. Басқарма басшысы осы мақсатқа біраз қаржы қарастырылғанын айтты.

Аталған мәселелерді талқылау барысында тұрақты комиссия мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері біраз мәселелерді көтеріп, өздерінің ескертулері мен ұсыныстарын білдірді.

Тұрақты комиссия отырысының қорытындысы бойынша депутаттар қаралған мәселелерді сессияның қарауына енгізу туралы қаулы қабылдады.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button