Мәдениет

«Жыр-Дәурен»

«Жұбановтар әлемі» мәдениет орталығында Әйтеке би ауданы Еңбекту орта мектебінің 11-сынып оқушысы Дәурен Тілеуханның «Жыр-Дәурен» атты поэтикалық мюзикл кеші өтті. Кешті ұйымдастырған —  «Шұғыла» шығармашылық орталығы.

Жас таланттарды қолтығынан демеп жүрген «шұғылалықтар» алғашқы мюзикл кешті Дәуреннің шығармашылығынан бастауды жөн көріпті. Оның реті де бар. Біріншіден, Дәурен — алыс ауылдың баласы. Екіншіден, тұма талант. Мөп-мөлдір өлеңдері еріксіз үңілдіреді. «Шұғыла» шығармашылық  орталығындағылардың да елең ете қалғандығы — содан.

Кеш өзгеше басталды.  Ақ қанат періште секілді киінген арулар мен сымбатты жігіттер өлең оқыды. Дәуреннің өлеңдерін. Кеш кейіпкерін ортаға екі балапан  ертіп шыққаны да жарасымды болды. Дәуреннің өзі де әдемі оқиды екен өлеңді. Жырларында түк жасандылық жоқ, тап-таза.

Сахнада еш артық қимыл болған жоқ. Үздіккен жігіт, назданған қыз, жүздері бал-бұл жанған балалар, бір бұрышта  қағаз шимайлап отырған суретші — бір-бір образ. Артық бір деталь жоқ, бәрі орын-орнында. Тіпті сүйемелге пайдаланылған әндер мен музыка да  талғаммен таңдалыпты. Кеш біте бергенде суретші орнынан тұрып, жаңа ғана салынған  Дәуреннің портретін көрсеткенде, жұртшылық риза болып, ұзақ қол соқты.

  • Біз бір жыр байқауында Дәуреннің өлеңдерін көріп таңғалдық. Сосын осы кешті ұйымдастыруға бел будық. Индира Кереева, Гүлжайнар Қалдина үшеуміз осындағы талапкер балалардың басын қосып, бірнеше апта бойы дайындалдық, — дейді кешті ұйымдастырушылардың бірі, ақын Гүлімай Әбішқызы.

Тағы бір ерекшелігі, кешке кіру ақылы болды. Түскен қаржы дәрі-дәрмекке мұқтаж бір отбасыға және  «ерекше балалардың» аналарына берілді. Бұл да — жақсы ырым.

Кеш соңында Мейірхан Ақдәулетұлы мен Бауыржан Бабажанұлы Дәуренге  тілектерін айтып,  баталарын берді. Бауыржан Бабажанұлы жас дарынға  Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе филиалының атынан Жұмекен Нәжімеденовтің 7 томдық шығармалар жинағын сыйға тартты. Әйтеке би ауданының әкімі Мәлімбет Ибрашов пен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұқандар кеш иесін құттықтап, сый-сыяпат жасады.

…Әйтеке би ауданында Көрпе дейтін ауыл бар. Дәурен сол ауылдың баласы. Ауылының, елінің атын шығарады деп сенеміз.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Айналайын, Ақтөбем! Қуанышың көбейсін! Мәртебең артсын! Кімге көп тілек тілесең, сол тілек өзіңе қайтып оралатыны ақиқат. Сондықтан, тілектер қабыл болғай!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button