Мәдениет

Ильсиярдың көрмесі

Өнер

Облыстық өнер музейінде Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Ақтөбе қалалық көркемсурет лицейінің оқытушысы Ильсияр Казакованың туындыларына арналған көрме өтті.

Аталған көрмеге суретшінің 30-дан астам туындысы қойылды.

Көрмені суретшінің шәкірттері, сондай-ақ әріптестері, жанкүйерлері, жора-жолдастары, сондай-ақ қала тұрғындары тамашалады.

Шарада Өнер музейінің директоры Марат Габдраxманов жылы лебізін білдіріп, Алғыс xатпен марапаттады.

Суретші жазушының сөзбен жеткізе алмағанын қыл қалам арқылы сөйлетеді. Ильсияр Насырқызы осы орайда өз картиналары арқылы адамның көңіл күйін, өмірге деген құлшынысы мен махаббатын, шынайы сезімді  бейнелейді.

Көп уақыт пен еңбекті талап ететін өнерді жанына серік еткен суретшінің әр картинасы  қазақы нақышта салынған. Оның «Кешкі жаз», «Бақыт» атты картиналарынан сөзбен айтып жеткізе алмайтын қуаныш, бақыт, қайғы, тылсым дүниені сезінуге болады.

Суретші өзінің орыс тілділігіне қарамастан, қазақ этнографиясын, дәстүрін, мәдениетін, танымын картиналары арқылы еркін жеткізген.

Ильсиярға мен көркемсурет лицейінде сабақ бердім. Ол кезде біз ұстаз бен шәкірт едік, ал қазір құрбымдай болып кетті. Оның шығармашылығының дамуына, ерекше картиналарының тууына куәгер болдым десем де болады. Ильсиярдың әрбір картинасы жазылған өлең сияқты, нағыз інжу-маржан. Бүгінгі көрмеге жиналған жұрт оны қолдауға келіп отыр. Ол осындай құрметке лайық, — дейді Ильсияр Казакованың ұстазы Ирина Құрманалина.

Көрмені тамашалауға келген қала тұрғыны Айжан Бөрібаеваға суретшінің «Маркиза» атты аралас бояумен салынған картинасы ерекше қызығушылық тудырыпты. Өнерді бағалайтын жас Өнер музейінде ұйымдастырылатын көрмелерге үнемі келетінін айтады.

Жалпы қаламызда болатын көрмелерден қалмауға тырысамын. Бүгінгі көрмеде суретшінің картиналарынан әсемдікті, нәзіктікті көруге болады. Ильсияр Насырқызына шығармашылық табыстар тілеймін, — дейді ол.

Көрме соңында суретшіге шәкірттері мен әріптестері гүл шоқтарын табыстап, қала тұрғындары естелікке суретке түсті.

Аяжан ВАЛИЕВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университетінің 4-курс студенті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button