Экономика

Былтыр Ақтөбе облысы өнеркәсіп саласы бойынша жұмысшылардың жалақысын көтеруде көш бастады

Облыс әкімдігі, кәсіпорын басшылығы және  кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктері арасында әрі қарай келісіммен әрекет ету және еңбек қатынастарын реттеу мәселелері өңірлік деңгейде өзара түсінісу, жұмысшыларды әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету туралы меморандумға қол қоюмен аяқталып жүр.  Бүгінгі күні осындай меморандумдарға облыстағы ірі кәсіпорындардың 88 пайызы келісті. Бұл — жалпы саны 50 мыңнан астам жұмысшысы бар компаниялар.

Аманғос Қожин — «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» акционерлік қоғамының жұмысшысы. Бес жылдан бері осы зауытта еңбек етеді. Ол өндіріс орнында жұмысшыларға барлық жағдай жасалғанын айтады.

Зауытта еңбек еткенімен бес жылдан асты. Осы уақыт ішінде еңбекақыдан ешқандай кідіріс болған емес. Мұнда жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы басты назарға алынған. Атап айтсақ, жұмыста денсаулығымызды нығайту үшін сүт және сүт өнімдері ұдайы беріледі. Тіпті жұмысшыларды жалдамалы үймен қамтамасыз ету мәселесі де шешілген. Жас отбасы ретінде мен де осы  жұмысымның арқасында Ақтөбедегі Батыс-2 шағын ауданында жалдамалы үйде тұрып жатырмын. Ең бастысы, жыл сайын жұмыста жалақымызда өсім бар. Атап айтсам, былтыр жалақымыз 10 пайызға өсірілді. Бұл, бірінші кезекте, отбасымның әлеуметтік мәселелерін оңтайлы шешуге ықпал етсе, екінші жағынан, еңбекақымның мөлшеріне қарай басқа шаруаларымды жоспарлай аламын, — дейді Аманғос Қожин.

Жақында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Аманғос еңбек ететін «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ басқарма төрағасымен кездесіп, зауыт жұмысшыларының әлеуметтік жағдайын жақсарту, еңбекақысын көтеру, өндірісте еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша жылдағы дәстүр мен келісім жасасқан болатын.

Бір айта кетерлік жайт, былтыр мамыр айында облыс әкімінің шешімімен осы бағытта жұмыс тобы құрылған болатын. Жұмыс тобының мақсаты — облыс аумағында жұмыс жасайтын әрбір кәсіпорын  жұмысшыларының әлеуметтік жағдайын зерттеу. Оның ішінде, ең бастысы, еңбекақы мәселесіне айрықша басымдық беріледі. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің айтуынша, осы жұмыс тобы мүшелерінің жүргізген жұмыстарының нәтижесінде, 2017 жылдың қорытындысы бойынша аймақтағы өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындарда жұмысшылардың орташа еңбекақысы 16,4 пайызға жоғарылап, нәтижесінде 164 765 теңгені құраған.

Жыл басынан бері бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын тапты. Атап айтсақ, облыс әкімдігі, кәсіпорын басшылығы және  кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктері арасында әрі қарай келісіммен әрекет ету және еңбек қатынастарын реттеу мәселелері өңірлік деңгейде өзара түсінісу, жұмысшыларды әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету туралы келісіммен аяқталып жүр.  Бүгінгі күні осындай меморандумдарға облыстағы ірі кәсіпорындардың 88 пайызы келісті. Бұл — жалпы саны 50 мыңнан астам жұмысшысы бар компаниялар.

Тағы бір айта кететін мәселе, облыс әкімі Бердібек Машбекұлы ресейлік, қытайлық  кәсіпорындардың, трансұлттық компаниялардың басшыларымен кездескенде де, ең бірінші кезекте аймаққа инвестиция тарту, жұмысшылардың еңбекақысын көтеруді бірінші мәселе ретінде айтқан болатын. Сондықтан осындай кездесулердің нәтижесінде хаттамалық қол қойылған. Осыған байланысты облыста жұмыс тобы құрылып, хаттамаға сәйкес барлық кәсіпорындармен жұмыс жүргізіп жатырмыз, — деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Мемлекет басшысының қойып отырған тапсырмасына сәйкес әрі Қазақстандағы талап бойынша жыл сайын жалақы ең кем дегенде инфляция деңгейінде көтерілуі керек. Біздегі инфляцияның деңгейі — 7-8 пайыз. Сондықтан жалақы осынша пайызға көтерілу керек. Сондықтан Ақтөбедегі өндіріс орындары мен кез келген шағын және орта бизнестегілер жұмысшылардың жалақысын кем дегенде 10 пайызға өсіруі тиіс.

Қайрат Бекеновтің айтуынша, облыста жұмысшылардың жалақысына мониторинг жүргізіледі. 2017 жылдың басында аймақта жұмыс берушілердің жалақы мәселесіндегі қарызы  700 миллион теңгені құраған. Осыдан жыл қорытындысында 16 миллион теңге көлемінде қалыпты.  Облыс әкімінің орынбасары бұл орайда әкімдік пен мемлекеттік кірістер департаменті бірлесе жұмыс жүргізіп жатқанын, банкрот болған кәсіпорындардың мүлкі сатуға шығарылғанын атап өтті.

Жұмыс тобы жұмысшылардың жалақысын көтеруге қатысты жұмыс істеп жатыр. Ұжымдық келісімшарттағы міндеттемелердің орындалуына да назар аударылады. Облыстағы кәсіпорын басшыларымен әлі де кездесулер жүріп жатыр. Бұл орайда біз өндіріс орындарындағы қарапайым жұмысшының еңбекақысын көтеруге басымдық береміз. Еңбекақы — негізгі индикатор. Сондықтан бұл — мәселені оңтайлы шешу жұмыс тобы мүшелерінің үлкен дайындықпен, ұғынықты түсіндіре білулерінің нәтижесінде жүзеге асырылып жатқан шара, — деді Қ.Бекенов.

Қайрат Бекенов өз сөзінде өнеркәсіп саласында жұмысшылардың еңбекақысын көтеруде Ақтөбе облысының республика бойынша көш басында тұрғанын айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button