Спорт

Ақтөбе командасы үздік атанды

Тоғызқұмалақ

Алматыда өткен тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасы Кубогына Ақтөбе облысының командасы ие болды.

Ақпан айының басында ұйымдастырылған сайысқа Астана, Алматы қалаларын қосқанда еліміздің 12 облысынан 104 спортшы қатысты.  Тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Қапаевтың айтуынша, биылғы жарысқа ылғи үздік командалар жиналған. Қатысушылар құрамында ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бар.

Жыл сайын өткізілетін бұл шарада  биыл да үздіктер бас қосты. Оның ішінде, Астана, Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда облыстарының командалары өте белгілі. Қатысушылар құрамында 2 Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 10 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 31 спорт шебері және 61 спорт шеберлігіне үміткерлер болды. Сондай-ақ  Ақтөбе облысынан шыққан әлем чемпиондары Нұрбек Қабиев пен  Диана Кенинада осы жарысқа қатысушылар сапында болды, — деп атап өтті ол.

Ақтөбе облысының намысын Н.Қабиев пен Д.Кенинадан өзге, Медет Хұсайынов, Гүлжанат Алдабергенова, Мөлдір Серікқызы, Азамат Қайдаров сынды спортшылар қорғады.

Жарыс қорытындысы бойынша төртінші турдан кейін алға шыққан Ақтөбе облысының командасы бір ұпай артықшылығымен Оңтүстік Қазақстан облысы командасынан басым түсті. Нәтижесінде 29,9 ұпай жинаған ақтөбеліктер бас жүлдені жеңіп алса, екінші орынды 28,5 ұпаймен Оңтүстік Қазақстан облысы, үшінші орынды 27,5 ұпай алған астаналықтар қанжығалады.

Марапаттау рәсімінде 2017 жылдың ресми жарыстарының қорытындысы жасалып, Ақтөбе облысы тоғызқұмалақтан «Ең үздік облыс» деп танылды. Ал ақтөбеліктер — аға жаттықтырушы Қабидолла Нұршин «Ең үздік жаттықтырушы», Бауыржан Төлегенов «Ең үздік төреші» атанды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button