Басты жаңалықтарЭкономика

Жыл жемісі: 792,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 2017 жылдың қорытындылары облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында шығарылды.

Облыста өткен жылы 792,3 мың шаршы метр тұрғын үй (6602 пәтер) пайдалануға берілді, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 28,5%-ға көп. Өсім «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын қарқынды жүзеге асыру нәтижесінде қамтамасыз етілді.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұртас Сейітов баяндағандай, есепті кезеңде 157 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары орындалды, оның ішінде тұрғын үй құрылысына инвестицияның үлесі 61 миллиард теңге құрады.

Бұдан басқа, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында іске қосылған құрылыстар мен ғимараттарды есептемегенде, 14 жаңа мектеп, 8 денсаулық сақтау, 7 мәдениет және спорт нысандары пайдалануға берілді.

«Тұрғын үй құрылысы біздің облысымыз үшін рекордтық деңгейге жетті. Бұл Мемлекеттің, Президенттің, Үкіметтің қолдауы, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру нәтижесінде болып отыр. Біз бұл жұмыстарды жалғастыруымыз керек», — деп атап өтті облыс әкімі.

Облыс басшысы ағымдағы жылы құрылыс жұмыстарының нақты көлемі индексін 177 миллиард теңгеге дейін ұлғайту, құрылыс материалдарын өндіруші-кәсіпорындарды дамыту есебінен құрылыс кластерінің тиімділігін арттыру, құрылыстың жоғары сапасын қамтамасыз ету міндетін алға қойды.

Аудандар мен Ақтөбе қаласының әкімдеріне 870 мың шаршы метрден кем болмайтын тұрғын үйді пайдалануға беру үшін түбегейлі шаралар қабылдау, сондай-ақ бөлінген қаржыны игеру мен құрылыстарды дер кезінде пайдалануға беруді қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.

Қалалық және селолық инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дастан Аманов есеп берді.

Басқарманың деректері бойынша 2017 жылы облыста 5 село газ желісіне қосылды, бүгінгі күні табиғи газбен облыс тұрғындарының 88 пайызы қамтамасыз етілді. 2018-2019 жылдары 6,75 миллиард теңгеге газбен жабдықтаудың 19 жобасын жүзеге асыру жоспарлануда, соның нәтижесінде табиғи газ он екі селоның 8 мың тұрғыны игілігіне берілетін болады.

«Нұрлы жол» және «Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту» бағдарламалары аясында сумен жабдықтау желілерінің тозуы 3 пайызға төмендеп (38,3%-дан 35,3%-ға дейін), ал тұрғындардың орталықтандырылған сумен жабдықталуы қамтамасыз етілуі 90,6%-дан 92,6%-ға дейін ұлғайды. Сондай-ақ есепті кезеңде электр берілісі желілерінің 972 километрден астам бөлігі жөндеуден өтті.

«Бұл сектордағы біздің басты міндетіміз — тұрғындарды коммуналдық қызметтермен дер кезінде қамтамасыз ету. Облыс орталығында тұрғындармен кездесу барысында қалалықтардың арыз-шағымдарының біраз бөлігі су мен электрдің дер кезінде және сапалы берілуіне қатысты. Жабдықтаушы ұйымдар бұған назар аударуы және өз жұмыстарындағы кемшіліктерді жоюға байланысты шаралар қабылдап, тұрғындардың шағымдарына уақытылы көңіл бөлуі тиіс», — деп атап көрсетті облыс басшысы.

Ол сондай-ақ  тұрғын үй, әлеуметтік нысандар құрылысының белсенді түрде өсуіне және жаңа өндірістердің ашылуына байланысты электр желілерін дамытудың жаңа схемасын жасауды тапсырды.

Бердібек Сапарбаев жиын қорытындысында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан және басқа өкілетті мемлекеттік органдардан ұзақ мерзімге созылған құрылыстар проблемасын шешуді, жобалау-сметалық құжаттамаларын жасау мен бекіту мерзімдерін оңтайландыруды, құрылыста типтік жобаларды кеңінен пайдаланып, жаңа ғимараттардың сәулеттік келбетіне, қасбетінің түстік көркемделуіне, заманауи жөндеу материалдарын пайдалануға тиісінше көңіл бөлуді талап етті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button