Басты жаңалықтар

Ардагерлерге құрмет

Облыстың білім мекемелері жинаған 3 млн. 146 мың теңгеге 17 Ұлы Отан соғысының және 2 ауған соғысының ардагерінің баспаналары жөнделді

Игі шараға №3 кәсіптік лицей ұжымы бастамашы болыпты. Аталған білім шаңырағының ұсынысын облыстағы колледждер мен кәсіптік мектептер қуана құптаған. Сөйтіп, орта және  кәсіптік білім беретін мекемелердің оқытушылары майдангер қарттарды қолдау мақсатында бір күндік еңбекақыларын аударды. Сонымен…

Алғысымыз шексіз

«Үйімді танымай қалдым»

Соғыс ардагері Сағидулла Ақжаров осылай дейді. Ол пәтерін жөндеп берген Ақтөбе политехникалық колледжінің ұжымына ризашылығын білдірді.

Аталған білім ордасындағы мұғалімдердің арқасында үйім жаңарып, жасанып қалды. Бұйыртса, келер жылы қыста  өз пәтерімде тұратын боламын. Себебі, бұған дейін үйімдегі жылу қондырғысы жұмыс істемейтін болғандықтан, күн суыта бастағаннан жер аяғы кеңігенге дейін қызымның үйінде тұратын едім. Сонша  жасқа келгенде көшіп-қону түгілі, жүрудің өзі күш. Сондықтан политехникалық колледж ұжымының қамқорлығының арқасында бұл бейнеттен құтылдым. Үйім жып-жылы. Пәтерім көп жылдан бері жөнделмеген еді. Жылу жоқ болғандықтан, бөлмелер ылғалданып, сылақтары түсіп, әбден тозығы жетіп тұрған болатын. Оқытушылар мұны да ескерді. Қабырғалар сыланып, төбелер бүтінделді. Еденді де қалпына келтірді. Аула тазартылып, қоршау сырланды. Расын айтсам, үйімді мүлде танымай қалдым. Осындай ізгі істері, ақ ниеттері үшін билік өкілдеріне, политехникалық колледж ұжымына айтар алғысым көп. Олардың ыстық ықыластарына бөленіп, қамқорлықтарын, құрметтерін көргенде көзіме жас келді. Өміріміздің жалғасы болар ұрпақтың жүрегі таза, мейірімге толы екеніне сенімдімін. Өйткені аталған білім ошағындағы көңілі ақ мұғалімдерден тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алған шәкірттер де ұстаздарындай болары хақ. Әрдайым мерейлерің үстем болсын дегім келеді, — дейді Ұлы Отан соғысының ардагері Сағидулла Ақжаров.

«Ұсыныстарым ескерусіз қалған жоқ»

Сабыр ҚОШҚАРБАЕВ, соғыс ардагері:

Мен Ақтөбе қаласындағы Есет батыр көшесінде тұрамын. Әрине, тазалық адамның бәріне керек. Әсіресе, үлкен адамдар өте кірпияз келеді. Олардың көңіл күйлерінің көтеріңкі болуына пәтердің жайлы, таза болуының да  ықпалы көп. Сондықтан үйімді жайнатып қойғандықтары үшін Ә.Молдағұлова атындағы Ақтөбе гумманитарлық колледжінің ұжымына ризашылығымды білдіремін. Аталған білім шаңырағының басшылығы менің ұсыныстарымды қабылдады. Яғни, пәтеріме қажет жөндеу жұмыстарының барлығын жасады. Әсіресе, ас үй әдемі әрленді. Қартайған адам мазасыз келеді. Үлкен кісілер құрылыс құралдарының дыбыстарын, клей мен сырдың иістерін ұнатпайтыны рас. Сондықтан тек қана жөндеу жұмыстарын жүргізіп қоймай, соны істеу барысында біздің  көңілімізге қарап, қабағымызды бағып қызмет еткендіктері үшін алғыс білдіремін.

Облыстық білім басқармасы:

«БАСТАМАШЫ — №3 КӘСІПТІК ЛИЦЕЙ»

Облыстағы орта және кәсіптік білім беру мекемелерінің соғыс ардагерлеріне материалдық көмек көрсетуі жөнінде облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов былай дейді:

—  Ұлы Жеңістің 65 жылдығына байланысты ардагерлерге қолдау көрсету туралы бастама көтерген №3 кәсіптік лицей ұжымы. Олардың ұсынысын колледждер мен кәсіптік мектептердегі (облыста 26 колледж бен 15 кәсіптік мектеп бар) мұғалімдер қолдап, лезде іске кірісіп кетті. Бір күндік жалақы аудару туралы шешімге келді.

Дегенмен, одан да көп қаржы бөлгендер де аз болмапты. Жалпы, 3 миллион теңгеден астам қаражат жиналған.

Қаржы жиналған соң жергілікті (қалалық, аудандық) әкімдіктерге хабарласып, ардагерлердің тізімін алдық. Ауылдық жерлерде тұратын қарияларға аудандардағы кәсіптік мектептердің ұжымы көмектесіп жатыр. Қазір біраз үй жөнделді. Айдың аяғына дейін жұмыстар толық аяқталады, — дейді А.Алхатұлы.

Пәтерлеріне қандай жөндеу жұмыстары қажет екендігін айтқан ардагерлердің өтініштері орындалмай қалмайды. Комиссия мүшелері жұмыстарды бағалап, қаржы бөліп, құрылыс материалдарының барлығын алып қойыпты.

Нұрсейіт Әлішев деген ақсақал: «Ниеттеріңізге рақмет! Менің үйіме ешқандай жөндеу жұмыстарының қажеті жоқ. Тек қана есігімнің топсасын ауыстырып берсеңіздер болады», — деді.

Жөндеу жұмыстарының орнына ақша бөлгенімізді қалағандар да бар. Олардың да өтініштері орындалды. Әрине, адамның бәрі бірдей емес. Бір қарияның үйіне 2 пластикалық терезе орнатылған болатын. Одан бөлек өзінің қалауы бойынша оған есту аппаратын, бөлмесіне люстра, т.б. алып бердік. Айтайын дегенім, әлгі кісінің қызы №3 кәсіптік лицейдің директорына: «Терезе орнаттыңдар. Енді оның шаңын кім сүртеді? Неге әкеме пәтер алып бермейсіңдер», — деп дүрсе қоя беріпті, — дейді Аманғали Құдайбергенов. Ол соғыс ардагерлерін аталған оқу орындары тек қана Жеңіс күні қарсаңында емес, басқа да мерекелерде сый-сыяпат жасап, әрдайым көмек көрсетіп тұратындығын айтады.

Ардагерлерге тұрақты қолдау көрсетіп отырған білім беру мекемелері бар. Мысалы, №1 кәсіптік лицейдің ұжымы Мұқаш Кенбаевқа 15 жылдан бері жәрдемдесіп келеді.

Жеңіс күні біздің басқарма соғыс ардагерлерінен бөлек,  бірнеше майдангерлердің жесірлеріне, тыл еңбеккерлеріне сыйлық тарту етеді, — дейді басқарма басшысы.

Колледждер:

Ардагерлерге көмек көрсету — парызымыз

Мақсат ЖИЕНҚОЖАЕВ,  Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледж директорының орынбасары:

— Ұлт болашағын тәрбиелеуде Ұлы Отан соғысына қатысқандардың ерен ерліктерін үлгі етудің орны бөлек. 122 423 ақтөбеліктердің 35-і Кеңес Одағының Батыры, 9-ы «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Соғыстан аман оралған ардагерлеріміз ел экономикасын көтеруге қай салада болмасын аябай еңбек етті.

Жеңістің 65 жылдығы елімізде ерекше тойланады. Мереке қарсаңында облысымызда да көптеген іс жасалып жатыр. Колледждер мен кәсіптік мектептердегі мұғалімдердің жасап жатқан шаруасы — соның бір парасы.

Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің ұжымы бір айлық жалақыларын (160 200 теңге) 93 жастағы соғыс ардагері, Ақтөбе қаласының тұрғыны  Константин Бобылевке көмек беруге арнады. Константин Михайлович 1942 жылы Беларусь майданына аттанып, Жеңіс күнін Германияда тойлапты.

Колледж шаруашылық бөлімінің жұмысшылары ардагердің үйіне су жылытқыш орнатты, ауа сорғыш құбырларын тазартты, жаңа газ плитасын қондырды. Сондай-ақ жылу жүйесін, ішкі жөндеу жұмысын жасауға барлық керекті құралдарды алып берді және асхана бөлмесіндегі еденді ауыстырды.

Ардагер көрсетілген құрмет үшін облыс басшылығына, колледж ұжымына ризашылығын білдірді.

Гүлнар ӘБІЛҚАЙЫРОВА, С.Бәйішев атындағы колледждің директоры:

— Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында майдангерлерге, тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету мақсатында облыс көлемінде көптеген игі шаралар жасалып жатыр. Колледж, кәсіптік мектептердегі мұғалімдер де ардагерлерге қолдау көрсетуді парыз санады.

Біздің  колледж ұжымы соғыс ардагері Қайыр Жақановқа көмек көрсетті. Ақсақалдың балалары жөндеу жұмыстарына қажетті құрылыс материалдарын ғана алып беруімізді өтінді. Ал жөндеу жүргізу үшін өздері сылақшылар табатындығын айтты. Қазір жұмыс аяқталды. Жалпы, Қайыр Жақановтың пәтерін ретке келтіруге 200 мың теңге ақша жұмсалды.

Соғыс ардагерлері қандай құрметке де лайық. Облыстық білім мекемелерінің жақсы істің бастамашысы болғаны қуантады. Ал қарияларын құрметтеген елдің болашағы жарқын болары сөзсіз.

Бетті әзірлеген Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button