Білім

Үш айдың жалақысын алды

Брифинг

Жуырда БАҚ-тарда Ақтөбедегі бірқатар жеке балабақшалар тәрбиешілерінің үш айдан бері жалақысыз жүргендері жөнінде дабыл қағылған еді.

Сейсенбі күні «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз мәслихатында қалалық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Рүстем Әлжанов осы мәселеге байланысты жағдайды түсіндіріп, журналистер сауалдарына жауап берді.

Оның айтуынша, өткен жыл қорытындысы бойынша, қала бюджеті қараша айына — 8, желтоқсан айына 19 балабақшаға бережақ болған. Бережақ қаржының жалпы көлемі 61,9 миллион теңгені құраған. Жеке балабақшаларға бюджет қаржысы осында мемлекеттік тапсырыс арқылы орналастырылған әр балаға белгіленген мөлшерде есептеліп беріледі. Р.Әлжановтың айтуы бойынша, жоғарыда аталған қарыз мемлекеттік тапсырыс бойынша қай балабақшаға қанша бала орналастырылатынын, соған сай қаржыландыруды жоспарлап, қадағалап отыруы тиіс қызметкердің жауапсыздығы салдарынан пайда болған. Ол қызметкер жұмысынан босатылыпты.

Тәрбиешілер айлығы қараша айынан бастап төленбеген. Үш ай бойы жалақы алмай, бірі несие бойынша банкке қарызға батып, тағы бірі электр қуатының ақысын төлемеуіне байланысты жарықсыз қалып, ашынған тәрбиешілер өткен аптада қалалық білім бөліміне және журналистерге шағымданған.

Р.Әлжанов қазір жеке балабақшаларға барлық қарыз төленгенін, ал тәрбиешілерге үш айдың айлығы берілгенін айтты.

А.САРЫБАЙ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button