Ауыл

Ерінбейтін етікші

Қазіргі заманда бірді екі етіп, қолда бар құрал-жабдығымен күн көріп отырған кәсіп иелерін көргенде, ішің жылиды. Таң атысымен күн батып, қас қарайғанша біз бен тебенді жанына серік қылатын етікшілердің тірлігі — нағыз еңбек. Осындай жандардың бірі — қарғалылық Гусейн Исмаилов.

Ол Қарғалы ауданының орталығында 1977 жылдан бері тұрады. Сонау кеңес заманы кезінде отбасымен Әзірбайжаннан көшіп келген. Бұған дейін құрылыс саласында, тігін цехтарында жұмыс жасапты. Етікшілікті өз бетімен үйренген ол сонау 1988 жылдары

Бадамшада алғашқылардың бірі болып өз кәсібін ашқан. Содан бері ол етікшілікке бет бұрған.

Бүгінде тәжірибелі етікші аудан орталығындағы үлкен ғимараттардың бірінен бөлме жалға алып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

  • Мені бұл жерде барлық адам біледі. Көпшілігі маған келіп, аяқкиімдерін жөндетіп, тіктіреді. Қазір жасым 62-де. Зейнеткерлікке шығуыма да аз қалды. Бүгінге дейін мені осы кәсібім асырап келеді. Айтар шағымым жоқ. Қазіргі заманда қолыңнан келсе, өз кәсібіңді ашып, өз-өзіңе жұмыс жасаған дұрыс, — дейді етікші.

Оның айтуынша, аяқкиімді жөндеуге қажетті құрал-жабдықтарға айтарлықтай қаржы жұмсалмайды. Тек қажетті затты молынан алып қойса, біразға жетеді.

—  Екі-үш айда бір рет облыс орталығына барып, қажетті заттарды әкеліп қоямын. Күніне кем дегенде 2-3 адам келіп аяқкиімін жөндетеді. Етік тігетін арнайы машинам да бар. Күніне тапқан азын-аулақ табысым өзіме жетеді, — дейді Г.Исмаилов.

Етікшілік тек тиянақтылық пен шыдамдықты ғана емес, аса шапшаңдықты да қажет етеді. Бұған келгенде Гусейн етікшіге айтар ешкімнің шағымы жоқ шығар. Себебі ол өз ісін жинақы, аса шапшаңдықпен жасайды екен. Бізбен әңгіме үстінде ол бір тұтынушының етігін жөндеп берді. Міне, нағыз шеберлік!

Р.S. Етікшілік еленбейтін еңбек болғанымен, қазір Гусейн сияқты осы кәсіп арқылы өзінің нәпақасын тауып отырғандар көп. Осыған қарап етікшіліктің нағыз еңбекті қажет ететінін білуге болады.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button