Басты жаңалықтар

Қаһармандық танытты қазақ елі

Тарихты мақтауға да, даттауға да болмайтыны ақиқат нәрсе. Сондықтан қай елдің де жылнамасы болмасын, өзінің кемшіліктерімен және жетістіктерімен сол күйінде қалуы керек.

Өткен ғасырдың 30-жылдарының аяқ шенінде Кеңес Одағының басшылығы, оның ішінде Сталиннің өзі де фашистік Германия жағынан туып отырған соғыс қаупінен қатты үрейленді. Тіпті, арандатуға соғуы мүмкін деген желеумен соғыс қатері туралы әңгіме айтуға да тыйым салынды.

Ұлы Отан соғысының басында герман әскерлерінің КСРО жеріне шабуылы көптеген адамдарды абыржытқаны соншалық, олар ешқандай қимыл-әрекетсіз отырып қалды. Мәселен, Қазақстан Коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық Комитетінің бюросы, оның бірінші хатшысы Н.Скворцов Сталиннің қаһарынан сақтанып, соғыстың алғашқы күндері жергілікті халықты ұйымдастыру ісін жүргізбеді. Ел әлеуетін бейбітшілік жағдайдан соғыс жағдайына көшіру, халықты Отанды қорғауға жұмылдыру сияқты шұғыл әрекеттер жасауға бірден батылы бармады.

Тек қана 1941 жылғы 7 шілдеден бастап, Орталық партия комитетінің бюросында жұмысты соғыс жағдайына көшіру жоспары бекітілді. Республиканың басшылығы елді жұмылдыру әдісін, өндіріс орындарын әскери желіге түсіру ісін үйренуге кірісті. Ол үшін уақыт қажет еді. Тек қана қыркүйек айында жағдай түзеле бастады. Халық комиссариаттарының, партия комитеттерінің басшылықтары қайта іріктелді.

Шамалы уақыт өткен соң Қазақстан да экономикасын соғыс жағдайына бейімдеп, жауға тойтарыс беруге арналған шараларды жүзеге асыра бастады. Соғыстың алғашқы айлардағы бет алысы орталық және жергілікті жердің басшыларын өте маңызды және жедел міндеттерді шешуге мәжбүр етті. Ол міндеттер — адамдарды майданға жұмылдыру, әскери құрамалар ұйымдастыру, әскерге шақырылатын адамдарды алдын ала дайындау, бейбіт адамдарды әскери мамандықтарға үйрету және майданға соғыс құрал-жабдықтарын дайындау, дәрі-дәрмек, көлік, азық-түліктерді жіберу еді. Бұл жұмыстарды сәтті, сапалы орындау соғыс комиссариаттарының ыждағаттылығына, олардың еңбектеріне тығыз байланысты болды.

Әскерге шақыру пункттерінде саяси-бұқаралық жұмысты жандандырудың нәтижесінде осы мәселелер өз шешімін тапты. Қазақстандықтардың арасында Отанды қорғау, патриоттық сезімді күшейту бағытында пәрменді жұмыстар жүргізілді.

Кейінгі мәліметтерден белгілі болғандай, Кеңес Армиясының қатарына Қазақстаннан 1 млн. 200 мыңға жуық адам шақырылды. Республика бойынша 20-ға тарта атқыштар дивизиялары және бригадалар, 4 атты әскер дивизиясы, ондаған мамандандырылған батальондар құрылды.

Брест қорғанында жанқиярлық ерлік көрсеткендер қатарында үш мыңға жақын қазақстандықтар болды. Ел астанасы – Мәскеуді қорғауға Алматыда құрылған  8-гвардиялық атқыштар дивизиясы үлкен үлес қосты, олар өздерінің қаһармандық істерімен бүкіл елге әйгілі болды.

Сол кездегі үлкен бір проблема майданға шақырылған азаматтардың орнын толтыру мәселесі еді. Осыған байланысты 1941 жылдың шілде айында Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті осы жөнінде өз отырысында үш рет талқылап, әйелдерді бұрын ерлер атқарған мамандықтарға үйрету қажет деп шешті.

Атап өтетін бір жағдай, бұл іске Семей, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында жергілікті басшылар тарапынан жеткілікті мән берілмегені белгілі болды. Жалпы алғанда, халық шаруашылығын әскери жағдайға көшіру еңбекшілердің күш-қайратын және материалдық қорларды бір жерге жұмылдыруды қажет етті.

Республикаға Кеңес елінің басқа өңірлерінен соғыстың алғашқы айларында 140-тан астам кәсіпорын, оның ішінде 60-қа жуық ірі өндіріс ошақтары көшірілген болатын. Олардың бәрі де Кеңес Одағының еуропалық бөлігінде орналасқан кәсіпорындар еді. Қазақстандықтар миллиондаған адамдарды туыстарындай қабылдады. Айта кету керек, соғыстың бірінші күндерінен бастап-ақ республиканың еңбек ұжымдарында «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен бұқаралық қозғалыс өрістей түсті. Қарағандының шахтерлері Донбасстың жау қолында қалғандығын ескере отырып, көмір шығаруды ұлғайтты. Балқаштың еңбекшілері мыс өндіруді 10 есе, молибденді 20 есе арттырды.

Академик В.Л. Комаров басқарған КСРО Ғылым академиясының комиссиясы Қазақстанда болған еді. Оның мүшелері Қарағанды металл қорыту зауыты, Орталық Қазақстанда көмір өндіруді арттыру, түсті металдар шығару, тау-кен, шикізат қорын барлауды дамыту мәселелерін қарастырды. Бұрын Қазақстанда машина жасау ісі дамымаған еді. Ол 1942 жылдан бастап өріс алды.

Сонымен бірге, майдан үшін ересен еңбек үлгісін көрсеткен екпінділер қатары көбейді. Мақат мұнай кенішінде жер бұрғылау шебері Дәулетов бір қашаумен 150 метрге дейін жер бұрғылап, жоспарын 180-200 пайызға орындады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Соғыстың қиын кезінде Қазақстанда белгілі ғылымдар, мәдениет пен өнер қайраткерлері еңбек етті. Олардың ішінде И.П.Бардин, Л.С.Берг, В.И. Вернадский, Н.Ф.Гамалея, Н.А. Зелинский, С.Г. Струмилин, А.Е. Фаборский және басқалары  болды.

Соғыстың алғашқы күнінен бастап мыңдаған жігіттер мен қыздар әскери комиссариаттарға барып, өздерін майданға жіберу жөнінде өтініштер білдірді. Соғыс жылдарында еліміздің комсомол ұйымдары Қызыл Армияға 240 мың комсомол мүшелерін жіберді. Қазақстан комсомолы қамқорлыққа алған «Киров» атты крейсердің құрамында 156 қазақ жігіттері болып, шайқастарға қатысты.

1943 жылы 19 шілдеде Қазақстан Компартиясы мен республика Халық комиссариатының Кеңесі қаулы қабылдады. Онда 8-ші гвардияшы панфиловшылардың ерліктерін еске ала отырып, дивизияны 2500 қазақ жастарымен толықтыру, қосымша 400 құрал-саймандар мен 250 көлік, мініс аттарын бөлу, оларды 30 күндік жем-шөбімен, азық-түлікпен қамтамасыз ету, барлығы 654 мың санға бағаланатын көмек беруді шешті.

Соғыстың алғашқы күнінен бастап Қазақстан әскери қару-жарақтарды шығаратын елдің біріне айналды. Қазақ еліне әкелінген көптеген қорғаныс зауыттары бірден-ақ жұмыс істей бастады. Қазақстандағы қорғаныс зауыттарынан басқа да соғысқа дейін бейбітшілік өнімдерін шығаратын ұжымдар қару-жарақтарды дайындауға тікелей қатысты. Мысалы: Алматы «Жиһаз» фабрикасы 10 мың гранат шығарды.

Түрксіб темір жолының Матай стансасында соғыста ауыр жараланған аға сержант Михаил Калашников емделу үстінде болатын. Ол сонда жүріп, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің хатшысы, Қорғаныс ісін басқаратын Қойшығұловқа хат жазады, онда ол паровоз депосының жұмыскерлерінің көмектесуімен жаңа пистолет-пулеметтің үлгісін жасағанын хабарлап, пистолет-пулеметтің минутына 650 оқ ататынын, салмағы 2400 грамм болатын автомат оғының әсерлі күші 600 метрге жететінін баяндады. Нәтижесінде, 1942 жылы қазан-желтоқсан айларында Алматыдағы атыс алаңында пистолет-пулемет сынақтан өткізіліп, 1943 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің жанындағы техникалық комисия өте жоғары баға береді. 1946 жылы М.Калашниковтың автоматы әскери қару ретінде қабылданды. Ал 1946 жылы Ижевск қаласындағы машина жасау зауытында көптеп шығарыла бастады.

Қазақтар Ұлы Отан соғысында қаһармандықтың небір үлгілерін көрсеткені  баршаға аян. Олар Ленинград, Сталинград қалаларын қорғауға, Украинаны, Белоруссияны, Балтық елдерін, Молдавияны азат етуге белсене қатысты.

Қазақстандықтардың ерліктері лайықты бағасын алды. Екі жүз мыңнан астам адам ордендермен және медальдармен марапатталды. Бес жүзге тарта адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Оның ішінде 4 жауынгер екі мәрте Батыр атанды, олар — ұшқыштар Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов, Леонид Беда. Талғат Бигелдинов Алматыдағы тау-кен институтының түлегі еді, осы жоғары оқу орнынан 6 адам Кеңес Одағының Батыры атанды.

Соғыс кезінде майданға ақшалай көмек көрсету жөнінде үлкен бастама көтерілген еді. Оған қазақстандықтар да үлес қосты. Республиканың комсомол ұйымдары майдан үшін және әскерлердің балаларына көмекке арнап қомақты қаржы жинады. Құрамында 46 техникасы бар «Қазақстан комсомолы» атты танк колоннасын ұйымдастыруға 11 650 000 сом табыс етілді. Сонымен қатар, соғыс авиациясы бөлімшесін жасақтауға қомақты қаржы жиналды. ,

Шығыстың қос шынары атанған қазақ қыздары Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың қаһармандық ерлігі ғасырларға аңыз болып қалды. Қазақстандық ұшқыштар Нұркен Әбдіров пен Михаил Янко капитан Гастеллоның ерлігін қайталады. Әлияның туған жері – Қобда өңірінен Иманғали Білтабанов, Абдолла Жанұзақов, Михаил Колесников, т.б. Кеңес Одағының Батырлары шыққанын мақтанышпен айтуға болады.

Қазақстандықтар Софияны, Варшаваны, Бүхаресті, Белградты, Венаны, тағы да басқа Еуропа қалаларын азат етуге қатысты. Берлинге шабуыл кезінде Рейхстагқа жеңіс туын тіккендердің алғы сапында Рахымжан Қошқарбаев болды.

Осы соғыста жерлестеріміз Бөкенбаев Мәлкаждар, Жазықов Қожағали сияқты ағаларымыз өздерін даңққа бөледі…

Ойыл ауданының тарышысы Шығанақ Берсиев дүниежүзілік рекорд жасады. Ол әрбір гектардан 200 центнерден астам тары өнімін алды. Осындай тамаша табыстарға жеткен қазақстандық «стахановшылар» Ыбырай Жақаев, Ким Мансам, Анна Дацкова, Жазылбек Қуанышбаев, Сәндібала Оңғарбаева, Досым Асанов, Александр Орлов, Петр Томаровский және басқалары өзгелерге үлгі болып, соңдарына ерте білді.

1941-1945 жылдары Қазақстаннан соғысқа бір азаматы аттанбаған отбасы болған жоқ. Өкінішке қарай, мыңдаған шаңырақ қара жамылды.

Біз, яғни қазіргі ұрпақ соғыс ардагерлерін, майданнан қайтпай қалған боздақтарды келешек үшін қанын төккені үшін басымызды иіп құрмет көрсетуіміз қажет, ол біздің адамгершілік парызымыз. Адамзаттың алдындағы үлкен міндет осы тарихи шындықтарды болашақ ұрпаққа ешқандай өзгеріссіз күйінде жеткізу болмақ.

Тұрғанғали ЖОЛБАСҚАН,

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Қуаныш ТЕКТІҒҰЛ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button