Ауыл

Үдербаев үлгісі

Жуырда «Туған жерге тағзым» акциясы аясында аудан орталығында Ырғыз балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанынан қосалқы ғимарат пайдалануға берілді.

Аудан орталығында орналасқан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жанынан бұған дейін де аудандағы белгілі кәсіпкерлердің көмегімен бокс және күрес залдары салынып, пайдалануға берілген. Ал жаңадан ашылған қосалқы ғимарат заманауи үлгіде салынған.

Аталған ғимараттың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Мәди Елеусізов «Туған жерге тағзым» аясында аудан балаларына қуаныш сыйлаған, ырғыздық кәсіпкер, «Берекет-2012» ЖШС директоры Ерік Үдербаевқа шынайы алғысын білдіріп, биылғы жылы аудан орталығында жаңа үлгіде спорттық-сауықтыру кешені салынатынын жеткізді.

Жаңа ғимараттың лентасын Ырғыз ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлібек Сарин мен кәсіпкер Ерік Үдербаев қиды. Сонымен қатар шарада №1 қазақ орта мектебінің 9-сынып оқушысы, облыстық, аудандық турнирлердің жеңімпазы, жас дзюдошы Інжу Нағашығалиқызы спортқа жанашырлық танытқан азаматтарға өзінің ақжарма тілегін арнады.

Айта кету керек, 2011 жылдан бастап кәсіпкерлікке бет бұрған Ерік Әбдіқадырұлы бұған дейін де көптеген қоғамдық істерге қол ұшын созып, демеушілік танытып жүр.

Қалтасынан қомақты қаржы шығарып, аудан балаларының ықыласына бөленген Еріктің есімі шынымен де өзге азаматтарға үлгі боларлықтай.

Т.БЕКЖАНҰЛЫ,

Ырғыз ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button