Ауыл

Омарбектің кооперативі

Соңғы жылдары елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері ісін жандандыруға баса көңіл бөлініп, үлгілі шаруашылықтар тәжірибесін тарату жайы көп айтылып жүр. Осы бағытта бүгінгі күні аудандарда қарқынды жұмыстар атқарылуда.

Ырғыз ауданы Қызылжар селолық округіндегі «Қостерек» өндірістік кооперативі — осы бағытта 20 жылдан бері үздіксіз жұмыс жасап келе жатқан тәжірибелі шаруашылық.

1990 жылдары нарық қиындығы халықтың жанына батқан кезде алыс ауданның тұрғындары облыс орталығына үдере көшіп, ауыл-аймақтағы шаруашылықтар мен кооперативтер бөлініп, мал саны азайды. Осы тұста «Қостерек» өндірістік кооперативінің құрамындағылар да малдарын жекеге бөліп алып, кооператив жұмысы біраз уақыт тоқтап қалды. Алайда кооператив басшысы Омарбек Қиниятов аз уақытта шаруашылықты қалпына келтіріп, мал басын көбейтуді мақсат етті. Сөйтіп, қолында бар техникасын жаратып, жер алып, шөп шауып, отбасымен шаруашылықты дамытуға кірісті.

Кооперативті сақтап қалу үшін қиын кезеңдерде балаларым жас болса да малды өздері бағып, аянбай тер төкті. Ауыл іргесінен шалғындық жер алып, шөп шауып сатып, техникамызды жаңғырттық. Ыждағатты еңбек етудің арқасында осылайша кооператив жұмысын қалпына келтірдік. Жалпы шаруашылық өндірістік кооператив болып аталғанымен оның құрамында біздің отбасынан басқа мүше жоқ. Бұрын он шақты отбасы бірігіп, бірге жұмыс жасаған едік, қазір олар малдарын үйлерінде ұстайды. Ауылдағы тұрғындардың көпшілігінде техника жоқ, сондықтан көбі шаруа қожалықтарынан шөпті сатып алады, — дейді О.Қиниятов.

Бүгінгі күні шаруашылықта 50-ден астам ірі қара, 20-ға жуық жылқы, 180 қой-ешкі бар. Мал азығын дайындайтын техникалары да сайлы.

Өткен жылы Омарбек Қиниятов балаларымен бірге Құрылыс ауылынан бес шақырым жерде орналасқан қыстауы жанынан мал ұстайтын үлкен баз салып алды. Қазір үлкен ұлы Самат сол жерде қыстап, малын бағып отыр.

Бес балам бар. Оның үшеуі — ұл, екеуі — қыз. Қыздарым облыс орталығында тұрады. Үлкенім Самат өте еңбекқор. Кішкентайынан мал бағу, шөп шабуды үйренді. Шаруаның жайын жақсы біледі. Ортаншы ұлым Айболат ағасымен қыстай мал бағады. Кенже ұлым Наурызбек жаз бойы тракторды өзі жүргізіп, шөп шабады, малдың азығын дайындайды. Техниканың «тілін» жақсы түсінеді. Үшеуі қазір осы шаруашылықты дамытуға бар күштерін жұмсауда. Зайыбым Света екеуміз ауылда тұрамыз. Балалар қыс бойы қыстауда тұрып, мал бақса, сәуірден бастап ауылдан 25 шақырым жерде орналасқан Ырысбай деген жерге көшеміз. Бұл жердің шөбі шүйгін, малға жайлы. Ол жерде де бір үйіміз бар. Сондай-ақ Шымырау деген жерде де 800 гектар шабындық жеріміз бар, — дейді кооператив басшысы.

2015 жылдың күзінде Самат Қиниятов кооператив жұмысын дамытуға «Даму» қорынан 6 пайызбен 3 миллион теңге несие алып, 22 ірі қара сатып алған. Сондай-ақ қалған қаржысын мал ұстайтын баз салу үшін құрылыс материалдарына жұмсапты. Бүгінгі күні

кооператив қарамағында 2 мың гектар шабындық және жайылымдық жер, арнайы техника, екі үй бар. Өткен екі жылда кооператив аудан орталығынан, сондай-ақ Әйтеке би ауданынан асылтұқымды бұқа сатып алыпты.

Кооператив басшысының айтуынша, жыл сайын 30 сиырға бір бұқадан сатып алынады. Мұның асылтұқымды мал санының көбеюіне ықпалы зор. Сондай-ақ жыл сайын шаруашылық ірі қара малын Қызылорда сияқты тағы басқа облыстардан келіп сатып алушыларға тапсырады. Бұл шаруа үшін тиімді. Себебі сиырдың етін сойып, облыс орталығына әкеліп сату көп күш пен қаржыны талап етеді.

  • Алдағы уақытта ірі қара малын аудан орталығындағы «Наурыз-Сим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл серіктестіктің мал бордақылау алаңы бар. Сол арқылы мемлекеттен субсидия алғымыз келеді. Бұл біз сияқты шаруашылықтарға үлкен қолдау болар еді, — дейді О.Қиниятов.

Мамандығы механизатор болғанмен, техникамен қатар мал бағудың жағдайын жақсы білетін Омарбек Қиниятов алдағы уақытта ірі қараның санын көбейтуді көздейді.

Мақсаты айқын, жоспары көп шаруа кооператив жұмысын әрі қарай дамытып, аудан, облыс тұрғындарын таза ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге өз үлесін қоспақ.

Кеңес заманы тұсында кеңшардың жылқысын бағып, еңбекқорлығымен көзге түскен Омарбек Қиниятовтың үлгілі шаруашылығы, міне, осындай.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button