Құқық

Электронды қызметті пайдаланушылар саны артты

Сот

Электронды үкімет құру мемлекеттің маңызды тапсырмаларының бірі болғандықтан сот жүйесі де электронды құжат айналымы арқылы электронды сот ісін жүргізуді жолға қойды.

Бүгінгі күні азаматтар мен заңды тұлғалардың өз құқықтарының сотта қорғалуын ашық әрі қолжетімді іске асыруға мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық-инновациялық технологиялар енгізіліп, соның нәтижесінде елімізде электронды сот төрелігі күн санап қарқынды дамып келеді.

Ақпараттық технологияның негізгісі ретінде «Сот кабинеті» ақпараттық жүйесін атауға болады.

Аталған жүйе сот өндірісін жеңілдетіп қана қоймай, сот төрелігіне қолжетімділікті, ашықтықты қамтып, халықтың сотқа деген сенімін арттырды. Өйткені жүйені пайдаланушының уақытын үнемдей отырып, ғаламтор арқылы сотқа талап-арыз, шағым, өтініш тапсырып қана қоймай, өздеріне қатысты сот құжаттарын өзі қалаған уақытта қарауға, сот актілерін басып шығаруға, процессуалдық мерзімдерін бақылауға мүмкіндіктері бар. Яғни, мүмкіндіктер сотқа құжаттарын тапсырғаннан бастап сот шешімін алғанға дейінгі сот төрелігін іске асырудың барлық кезеңін қамтиды. Сондай-ақ, заманауи электрондық қызмет қағазбастылықтан арылтып, соттардың қызметі туралы жедел ақпараттар алуға мүмкіндік береді.

Осылайша «Сот кабинеті» ақпараттық жүйесі өз тиімділігін көрсетіп келеді.

Бүгінгі күні осы сервисті  «Сот кабинеті» мобильді қосымшамен пайдалану мүмкіншілігі пайда болды. Пайдаланушыларды мобильдік қосымшада тіркеу сервисінің «Сот кабинеті» веб-нұсқасына қарағанда артықшылықтары бар. Пайдаланушыны тіркеу үрдісі үшін «Сот кабинеті» сервистерін қолдануға пайдаланушы келісіміне алдын ала қол қойып, пайдаланушының ЖСН және ұялы телефон нөмірін көрсету жеткілікті. Мобильдік қосымшада «Істерді қарау тізімдері», «Тапсырылған құжаттар», «Хабарлаулар», «Чат», «Техникалық қолдау қызметіне хабарласу», «Техникалық қолдау қызметіне жүгіну» және «Жаңалықтар» сервистері жұмыс жасайды. Сонымен қатар «Cот процесі қатысушыларының күнтізбесі» сервисі күнтізбеге оқиғаларды қосуға, сондай-ақ сіз процесс қатысушысы болып табылатын сот отырыстары туралы мәліметтерді көрсетуге мүмкіндік береді.

Сот жүйесіне енгізілген ақпараттық технологияларды пайдаланудың маңыздылығы мен қажеттілігін барынша түсіндіру мақсатында Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының мамандары халыққа қызмет көрсету орталығының филиалдарында болып, түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп отырады. Насихаттау жұмыстарының нәтижесінде электронды қызметті пайдаланушылар саны жылдан-жылға артып келеді. «Сот кабинеті» іске қосылғалы сотқа 30676 құжат аталған жүйе арқылы түскен.

Г.АТЕНОВА,

Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button