Басты жаңалықтар

Қос майданның батыры

Назарбай атаның «ерлігі» туралы ес білгелі ести бастадық. «Ерлігі» деп ерекшелеп отырғанымыз, ол бейбіт күнде де нағыз батырға тән «мінез» көрсетті, еңбек етті. Артында қалған ізгілікті ісі мен аталы сөзі көп.

Ел ішіндегі әңгіменің бірі былай басталады: «Қап, соғыс енді бір жылға созылғанда, батыр болатын едім, онда мен мына Жәмішке жоқпын ғой». Жәміш өзінің зайыбы. Әзіл болса да, астарында терең сыр бар. Өйткені Назарбай Сүндетбаев медальдарды қоспағанда екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», екінші, үшінші дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері. Шындығында «Даңқ» орденінің енді біреуін алғанда, батырмен теңесетін еді. Құжат жүзінде. Батыр аңғал деген рас-ау, соғыс бір жылға созылмай-ақ, бір күнде де қаңғыған оқтың құрбаны болуың мүмкін ғой…

…1924 жылы Ақшатау ауылында дүниеге келген Сүндетбай атаның батыр болмайтын амалы да жоқ еді. Тағдыр сол уақыттағы барлық замандастары сияқты оның да басынан сипаған жоқ. Туған бойда анадан, тоғыз жасында әкесінен айрылды. Үсен ағасы екеуі интернат үйінде тәрбиеленді. Батырдың бойындағы өжеттік пен қайсарлық бала күнінде-ақ қалыптасса керек. «Асыра сілтеу болдырмай, аша тұяқ қалдырмаған» ашаршылық жылдары бұғанасы бекімеген жетім баланың аман қалуы да сол қайсар мінездің арқасы ма деп ойлаймын. 18-ге толмаған шағында әскерге алынған жігіт Кеңес Армиясы құрамында 1947 жылға дейін қызмет етті. 1942 жылдың желтоқсанында ұрысқа кіріп, Ұлы Отан соғысының аяғына дейін қатысқан. III-IV Украина майданында 305-ші Белгород дивизиясы, 358-ші бөлек танкіге қарсы оқ ататын дивизия сапында шайқасқан ол елге лейтенант болып келеді.

Елге аман-сау оралған соң да, соғыстан кейінгі халық шаруашылығына белсене араласады. Көзін көргендер батырдың шешендігі мен көсемдігіне талай куә болғандарын айтады. Әңгіменің майын тамызып сөйлейтін оған партия, кеңес қызметінде үгіт-насихат жұмысының жүктелуі де түсінікті. Дегенмен, Назарбай ақсақал бейбіт замандағы «батырлығымен» ұжымшар басқармасы, ферма меңгерушісі болған кезде көзге түсті. Сол уақыттағы қызметкерлердің «жаналғышы» — бюрода да тайсалмай айтқандарын бүгін көзін көргендер «аңыз» қылып айтады. Өзіңнің мәселеңді қараған бюрода қарсы уәж айтпақ түгілі, талайлар жанын шүберекке түйіп отырғанын жасырмайды. Бірақ Назарбай ақсақал айтты. Қаһарлы басшылар райынан қайтты. Оқиға былай болыпты: Қыстың соңы, көктемнің басы болса керек. Партия комитетінің бюросында совхоздың шаруасымен ақсақалдың жеке басының «жетістігі» талқыланыпты. Іс-әрекеті партия қызметкеріне жат деген желеумен ферма меңгерушілігінен босатуға дейін мәселе қозғалады. Ең соңында өзіне сөз береді. Назарбай ата, «Төл  алып берейін, сосын өзім тапсырамын», — дейді. Бүкіл бюро мүшелерімен жалғыз өзі осындай бәтуаға келеді. Бірақ сол жылы «қас қылғандай» «Ойыл» кеңшарының екінші фермасы төл алудан аудан бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізеді. «Шопандар тойынан» кейін Назарбай ақсақал өзін қызметінен босату жөнінде арыз жазады. Қашанда алған бетінен қайтпайтын кісі «ер жігіттің екі сөйлемейтінін» айтса керек. Әйтеуір, не керек, ел жабылып, жалынып орнында қалдыра алмапты…

Тағы бір оқиғаны оның көсемдігі мен шешендігіне сан рет тәнті болған Бақтығали аға айтып берді: Бір жылы ауданға көршілес Байғанин ауданынан бір топ айтыс ақыны келді. Ойылдың іргесіндегі малшы-шопандар мен комсомол жастар бригадасын аралатуға аудандық партия комитетінен мені қосты. Ауыл жанынан күтіп алған Назарбай аға амандық-саулықтан соң қонақтарды бастап жүрді. Томаға-тұйық, көп сыр ашпай, сұраққа қысқаша ғана жауап беріп отырды. Шаруамыз бірыңғайланған соң ағаның үйінен түстендік. Өмірде көргені мен түйгені көп аға әңгіменің тиегін ағытты. Күні бойы азуын айға білеп жүрген ақындардың бәрі ұйып тыңдап, ауыздарын ашып қалды. Сөзге ұста ағаның зеректігі сол, тарихи деректердің уақытын дәлме-дәл айтып отыратын. Содан жүруге жинала бастағанда: «Әй бала, қонақтар үйіңе барам десе, жаратарсың», — деп, алмасыма қоймай бір бағланды байлап жіберді. Албырт жастықпен мән бергенім жоқ. Кейін ойласам, аға менің абыройымды ойлап тұр екен ғой. Ақындардың түсетін жері бар. Бірақ күні бойы жолсерік болған маған барам десе, мен шынымен қысылып қалар едім…

Назарбай атамыздың осындай «ерліктерін» оқырмандарға жеткізу көптен ойымда жүр еді. «Сабақты иненің сәті» Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында түсіп отыр. Ал атаның ұлы Жангелді де әке ерлігін жалғастырып Отан алдындағы борышын Ауған жерінде өтеп келді.

Р.S. Артында өшпес із қалдырған атаның соғыстан кейінгі бар саналы ғұмыры өткен Қаракемер ауылының тұрғындары оның есімін ұлықтауды ойлап, ауылдағы мектепке атын беруді ұйғарып, ұсыныс жасапты.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button