Басты жаңалықтар

15 жасында ел басқарған

Ол жасы жаңа 15-ке келгенінде өзінен он есе үлкен жауапкершілікті мойнына алуға мәжбүр болды. «Қарағым, біз соғысқа аттанып барамыз. Контордың кілтіне ие бол!» деген сөздің салмағын қаршадай болса да, түйсініп, түсініп, қолына алған еді. Сол уақыттан бастап, ауыл советі төрағасының міндетін бейресми түрде жүк етіп алған ол қарлы боранда да, сақылдаған сары аязда да, шеке тесер ыстықта да екі білегін сыбанып, еңбектің бел ортасында жүрді. Өзінен жасы әлдеқайда үлкен жеңгелерін қамқорлыққа алып, еңкейген кәріні қолтығынан демеді, жетімнің көз жасын сүртті.

«Бір ғана тілегім барЖасым сексеннің сеңгіріне шықты. Шүкір, Алланың берген қуаты сол, өзім жүріп-тұрамын. Балаларым айналамда қамқорлап жүреді, немерелерім «әже» деп жүгіріп келіп, мойныма асылып жатады. Алла ендігі жерде есімді алмаса екен деймін. Ақылымнан адаспай тұрған шағымда, өмірден балаларымның берекетін алмай өтуді ғана тілеймін», — дейді.

Соғыс басталған уақытта Дыбыс Танина 15 жаста ғана болатын. Оның қайсарлығы мен еңбекқорлығын танып білген болуы керек, сол кездегі ауыл советінің председателі З. Ахметов оған бала емес, басшы деп сенеді. Бұл Дыбыс әже 7 кластық қана білім алып үлгерген 1942 жыл болатын. Ел іші астан-кестен, соғысқа кетіп жатқандар, жараланып келіп жатқандар көп. Майдан даласынан бозбалаларға шақырту жетті. Баласынан көз жазып қаламын деген ананың қорқынышы мықты болатын. Дыбыс шанаға ат жегіп, анасының құшағынан әрең босанып шыққан сол балаларды аудан орталығына жеткізеді. Орталық ауылдан 18 шақырым қашықтықта. Кейде ат шана да табылмайтын. Бұл көлік күтіп, кердең басып жүретін уақыт емес, мұндай уақытта қаршадай Дыбыс сөмкесін асып алып жаяу кетеді. Талай өлім аузынан қайтты.

Бірде…  жаңа жылдың қарсаңы, 1942 жылдың 30 желтоқсаны болатын. Дыбыс аудан орталығындағы әскери комиссариатқа бес адам алып барады. Қайтар кезде әскер жасындағы балаларды жинамақ болып, ат басын Қаракемер селосына бұрады. Жанында жолшыбай мінген бір әйел бар. Боран соғып тұр, шанадағы екеу жолдың бағыты жөнінде дауласып келеді.  Кенет ат кібіртіктеп тоқтап қалды.  Сөйтсе, бұлар апандай үңгір аузына келіп тоқтаған екен. «Адастық», — дейді Дыбыс. Шанадан түсіп, үстіндегі тонын жаурап тұрған аттың үстіне жабады да, өзі із кесе бастайды. Екі сағатқа жуық уақыт өтеді. «Біз жолдан өтіп кеткен екенбіз. Содан атты бұрып, кейін қарай жүрдік. Ақыры ауылдың шамы көрінді. Тура басқарманың үйіне барып түстік. Әл-дәрменім құрыған мені көрген басқарма бастығы шошып кетті», — дейді сол кездегі оқиғаны қайта көз алдына әкелген Дыбыс әжей.

Жас болса да, бас бола білген кішкентай Дыбыстың естілігіне сенгені болар, әйелдер жылаған баласын жетектеп келіп он бес жастағы қыздан көмек сұрайтын. «Ал мен оларды анама алып барамын, «Апа, біз екеуміз, тарының талқанын талғажау етсек те бірдеңе қылармыз. Анау жалғыз сиырыңның сүтін балаларға бөліп бер», — дейтінмін. Анам да кеңпейілді адам еді, сауынымен көппен бөлісті», — дейді ол.

Ол қазір де осы мінезінен танбай келеді. Зейнетақысын балаларға бөліп береді. Өз немерем, көршінің баласы деп бөліп-жармайды. Әсіресе, ауылдағы жағдайы нашар отбасы балаларын зейнетақы алған сайын бір мәз етеді.

«Аштықта жеген құйқаның дәмі тоқтықта да аузыңнан кетпейді» деген мәтел бар. Дыбыс әжейдің әкесі 1933 жылы қайтыс болған. Бұл ашаршылықтың қазақ ауылдарында етек ала бастаған уақыты болатын. Шешесі 9 жастағы Дыбысты жетекке алып, ел кезіп кетеді.

Әкесінің інілерін сағалаған олар ақыры Аяққұмнан Жұрын ауданына жетіп жығылады.

«Бір кездері әкем інілерін осы Жұрын ауданына «егін салыңдар» деп, өз қолымен көшіріп әкеліп тастаған еді. Әкем қайтқаннан кейін, жалғыз қалған шешем не де болса, солардың қасында болайық деп шешті. Жұрынға жақын бір разъезден түсіп қалдық. Азығымыз да аз еді. Ағайларымыздың қонысын анық білмейміз. Алыстан Естемес тауының бауырында қараңдаған адамдардың сұлбасы көрінетін секілді. Солай қарай жүре беріппіз. Әйтеуір жеттік дегенде, әлгілердің бірі адасқанымызды айтты», — деп әжей өз аңқаулықтарын мысқылдағандай мырс етті.

Ымырт үйіріліп, көз байланған шақ. Дорба түбінде жолда әлдебір мейірімді адамның кішкентай қызды мүсіркеп берген жарты бөлке наны ғана бар. Анасы екеуі сол нанды бөліп жеп, дорбасын жастанып, жол үстіне жата кетеді. Аштықтан, жолдан әл-дәрмені құрыған еді.

«Қазір балалар есік алдынан бір шелек су алып келуге ерінеді. Аяқ астындағы шашылып жатқан бидайды, нан қиқымдарын таптап жүре береді. Бір кездері біз нанның иісін иіскеп, қиқымын аузымызға салуға зар болған едік. Әлі есімде, азық-түлік таратқан жерден топыраққа араласып жатқан бидайдың он түйірін теріп алдым. Қуанып, алақаныма салып, анама алып келдім. Сонда анам «Бұл сен үшін бір күндік қорек қой, балам», — деп, қаңылтырға салып, әлгі бидайды қуырып берген еді».

Дыбыс әжей ағайындарына жеткеннен кейін аштықты ұмыта бастайды. Басқарма әкесінің көзін көрген жан екен. Сондықтан анасы екеуінің масақ теруіне рұқсат береді. Екі бөлмелі қоржын үйде төрт отбасы тұрады. Әрқайсысының өзінің жататын бұрышы бар. Тамақты да сол бұрышта әзірлейді. Кешкілік барлығы жұмыстан келгенде етегіне масақ жинап әкеліп, әркім өз бұрышына апарып төгеді екен, қыстық азық үшін, жер қазып, ұра салады.

Дыбыс 22 жасында тұрмыс құрды. Отағасы Жаңатұрмыс та басқарма бастығы болатын. Ал Дыбыс әже бұл кезде Сталин ауыл советінің председателі. Екеуі де ат үстінде жүрген азаматтар. «Енем мен шешем біздің қолымызда болды. Екеуі тату-тәтті болатын. Енем төрт  жылдан астам уақыт төсек  тартып жатты. Мынадай бір аңыз бар: Бір күні бір ер адам өз әкесін арқалап келе жатып, жол ортасында демалайын деп тасқа отырады. Сонда қартайып отырған әкесі, мен де кезінде әкемді алып келе жатып, осы тасқа отырып едім деп көзіне жас алады. Мұны естіген баласы, ертең мені де балаларым далаға әкеліп тастар деп қорқып, әкесін кейін алып қайтқан екен. Мен де енемді ауруханаға тапсырмадым, ол жақта өзім сияқты күтім жасай алмайды дедім. Өмірінің соңына дейін күтіп бақтым», — дейді бүгінгінің баласынан сондай мейірім күткен қарт ана.

«Менің алдымдағы Төлеміс ағам көз жұмған. Оның алдында он екі баласын әке-шешем қара жер қойнына тапсырыпты. Мен туғанда атұстар болмағаныма ренжіген әжем шешеме қарап: «Төлемістің орнына қыз әкелдің ғой, Шоқыр-ау», — депті. Сонда бұрышта теріс қарап жатқан әкем: «Құлағым бітеліп қалып еді… Баланы көйлегіме орап әкелші» деп қолын соза берген екен. Шешем де: «Бізге бала дыбысы шықса болады, мұның аты Дыбыс болсын», — деген екен».

Н. ТӨКЕН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button