Спорт

Фристайлшыларымыз финалға өтті

Кеше Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті.

Қазақстандық делегация көрермендер алдына 67-ші болып шықты. Мемлекеттік туды ұстау құрметіне шорт-трекші Абзал Әжіғалиев ие болды. Біздің ту ұстаушымыз осы салтанатқа арнайы тігілген «Алтын Адам» костюмімен шықты. Оның киімі Есік қорғанынан табылған әйгілі «Алтын Адамның» киімі мен әшекей бұйымдарындағы аң стиліндегі өрнектермен, ұлттық оюлармен әсемделген.

Олимпиаданың ашылу салтанатына БҰҰ-ның Бас хатшысы Антонио Гуттериш, Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах, Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин, т.б. лауазымды тұлғалар қатысты.

Олимпиада алауын Ванкувер Олимпиадасының чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Ким Ен А жақты.

Сондай-ақ, кеше қазақстандық фристайлшылар жарысты бастады. Могулдан іріктеу жарыстарының алғашқы кезеңінде Дмитрий Рейхард — үшінші, Павел Колмаков жетінші орынға ие болып, финалға өтті.  Әйелдер арасында өнер көрсеткен Юлия Галышева да финалға жолдама алды, ал Аяулым Әміренова 26-орындағы көрсеткішпен іріктеудің екінші кезеңіне өтті. Фристайлдан (могул) әйелдер арасындағы іріктеу сынының екінші кезеңі және финалдық жарыстар — 11 ақпанда, ал ерлер арасындағы жарыстар 12 ақпанда өтеді.

Бүгін жарыс жолына шаңғышы және биатлоншы қыздарымыз, Абзал Әжіғалиев бастаған шорт-трекшілер, т.б. шығады.

Спортшыларымызға жанкүйер болайық!

А.САРЫБАЙ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button