Басты жаңалықтарСпорт

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан кубогы басталды

Кеше Ақтөбе қаласындағы «Олимп» хоккей модулінде жасөспірімдер арасында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасының Кубогы басталды. Ақтөбеде тұңғыш рет ұйымдастырылған айтулы додаға еліміздің 8 өңірінен 70-ке жуық спортшы келді.

Шараның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

— Бүгінгі шара — Ақтөбе өңірі үшін маңызды оқиға. Республикалық дәрежедегі спорт сайысы тұңғыш рет біздің өңірімізде ұйымдастырылып отыр. Өздеріңіз білетіндей, хоккей модулінің іске қосылғанына бір жыл болған жоқ. Алайда, мұз айдыны спорты жақсы дамып келеді. Қазіргі таңда «Олимп» хоккей модулінде 800-ге жуық бала хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек секілді спорт түрлерімен шұғылданады. Биыл Ақтөбе қаласындағы жаңадан салынып жатқан Мұз сарайының құрылысы аяқталып, іске қосылмақ.

Бүгінгі жарысқа қатысушыларды мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасы Кубогының ашылуымен құттықтаймын. Мәнерлеп сырғанау федерациясына және барлық  жаттықтырушыларға ризашылығымызды білдіреміз, — деді.

Жарысқа 10-18 жас аралығындағы еліміздің 8 облысынан келген спортшылар бақ сынауда. Жүлдегерлер командалық есеп бойынша жүргізіледі. Жекелей кубок сайыстары да өткізілмек.

Осыдан жарты жыл бұрын бой көтерген хоккей модулінде қазіргі таңда 250 бала мәнерлеп сырғанаумен айналысады. Олардың ішінде болашағынан зор үміт күттіретін, жүлделі орындарға ие болып жүрген спортшылар да бар.

— Өзім жеті жасымнан бастап мәнерлеп сырғанаумен айналысамын. Мәнерлеп сырғанау — әрі әдемі, әрі қиын спорт түрі. Жеңіске жетем деген адамға зор төзімділік керек. Себебі бірнеше жыл бойы еңбектенуді талап етеді. Мұз үстінде сырғанай жүріп, түрлі кескіндерді салу, иық пен басты тік ұстау секілді басты талаптары бар.

Біз «Олимп» хоккей моулінде жаттығу жасаймыз. Мұндағы мұз айдыны барлық талаптарға сай салынған. Бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік. Жақында Дубай қаласында өткен жарыста жүлделі орынмен оралдық, — дейді  мәнерлеп сырғанаудан «Ақтөбе» құрамасының спортшысы Марал Болысбаева.

Айта кетейік, аталған жарыс 9 ақпанға дейін жалғасады. Жарыс қорытындысы бойынша еліміздің ең мықты командасы анықталып, ҚР Кубогының иегері атанады.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button