ЖаңалықтарСпорт

Ертең ХХІІІ қысқы олимпиада басталады

Ертең Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындары басталады. Олимпиадаға 95 елден 2,9 мың спортшы қатысқалы отыр.

9 ақпан мен 25 ақпан аралығында өтетін дүбірлі додада спорттың 15 түрі бойынша 102 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ.

Кеше Пхенчхандағы Олимпиада қалашығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы салтанатты түрде көтерілді. Салтанатты рәсімге Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев, спортшылар, қазақстандық делегацияның өкілдері қатысты.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Корей түбегінде өтетін Олимпиадада 46 қазақстандық спортшы бақ сынайды. Олар спорттың 9 түрі бойынша 57 жолдама иеленіп отыр. Алдыңғы, яғни 2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен Ойындармен салыстырғанда, бұл жолы жолдамаға ие болған спортшыларымыздың қатары аздау: Қазақстан құрамасы Сочиге 58 адаммен аттанып, спорттың 11 түрінен өнер көрсеткен болатын. Біздің спортшылардың алдына биылғы Олимпиадада өткен жолғы нәтижеден кем түспеу, яғни, ең аз дегенде, бір қола медальға қол жеткізу міндеті қойылып отыр. Естеріңізде болса, Сочиде мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қола медаль иегері атанған еді.

23 миллионнан астам оқырманы бар Sports IIIustrated журналы (АҚШ) қазақстандық спортшылар екі жүлдеге — бір күміс, бір қолаға қол жеткізеді деген болжам жасап отыр. Сарапшылар Қазақстан құрамасы сапынан медальға ілігетін спортшы ретінде фристайлшы (могул) Дмитрий Рейхердтің есімін көбірек атайды. Сондай-ақ, олардың болжамдары бойынша, шаңғышы Алексей Полторанин де жүлдеге ілігуі мүмкін.

Ал қазақстандық мамандар мен танымал спорт журналистері жоғарыда аталған екі спортшымен қатар, фристайлшы (могул) Юлия Галышева мен мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннен де үміт күтетіндіктерін айтады. Сондай-ақ, құрама капитаны әрі ту ұстаушы Абзал Әжіғалиевтің және басқа шорт-трекшілеріміздің соңғы жарыстардағы жетістіктерін де назардан тыс қалдыруға болмайды.

Биылғы құраманың бір ерекшелігі, спортшылар арасында бір ғана легионер бар, ол — оңтүстіккореялық шорт-трекші қыз Ким Йонг А, ал басқа 45 спортшының бәрі де — қазақстандық мамандардың төл шәкірттері.

Қазақстандық спортшылар жарыс жолына ертеңнен бастап қосылады. Ертең фристайл-могулден іріктеу жарыстары басталмақ. Бұл сайыстарға жоғарыда басты үміттер қатарында аталған Дмитрий Рейхерд, Юлия Галышевалармен бірге, Аяулым Әміренова мен Павел Колмаков қатысады. Ал 10 ақпан күні өтетін жарыстарда да — (шорт-трек (1500 метр, ерлер), шана спорты, шаңғы (дуатлон, әйелдер) және биатлон (спринт, әйелдер) — біздің спортшыларымыз өнер көрсетеді.

ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарын қазақстандықтар Qazaqstan, Qazsport және «Хабар» арналарынан тамашалай алады.

Спортшыларымызға жанкүйер болайық!

А.САРЫБАЙ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button