Мәдениет

«Мөлдір бұлақтың» сыйлығы

Жас зиялыларға арналған республикалық «Мөлдір бұлақ» танымдық журналы жыл сайын жас оқырмандары мол олжаға кенелетін аламан бәйге ұйымдастырып тұрады. Журналдың бас редакторы Жанастан Кучукованың айтуынша, былтыр оқушылардың арасында «Елу елдің қатарына қалай қосыламыз?» атты байқау жарияланған. Оның алдыңғы жылғы байқаулар «Отан отбасынан басталады», «Дос — өмірдегі тірек», «Тілім менің мәртебелі!», «Егер мен… (әкім, министр, бизнесмен, Үкімет басшысы, Президент) болсам» деп аталды.

Оқушылар арасында биыл жарияланған байқау «Ауылымның мәртебелі азаматы» деп аталды.

Бұл байқауға Ақтөбе облысынан 70-ке жуық шығарма сынға түскен. Оның сегізі жеңімпаз атанып, ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балалар мектеп-интернатында оқушылар республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас редакторы Жанастан Кучуковамен кездесті. «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған шара барысында журналдың жас тілшілері өз шығармаларын оқыды. Жанастан Кучукова ынталандыру сыйлығына ие болған балалар — Айшолпан Әлмұханова (аталған мектеп-интернат оқушысы), Гүлім Жүсіпқалиева (Әйтеке би ауданы), Аян Оразбаев (Әйтеке би ауданы), Тоғжан Қоңыратбаев (Байғанин ауданы), Мейірім Қисанов (Байғанин ауданы), Жұлдыз Әбіл (Мұғалжар ауданы), Амандық Отаров (Хромтау ауданы), Рақайыл Жұмағазиналарға (Шалқар ауданы) арнайы дипломдар табыс етті. Р.Жұмағазина мен М.Қисановқа дипломмен қатар «Мөлдір бұлақтың» жас тілшісі» деген куәлік берілді. М.Қисановтың ағасы Бекзат былтырғы байқаудан үшінші орын алып, үй кинотеатрына ие болыпты, міне, биыл інісі жас тілші атанып отыр.

Ж.Кучукова Ақтөбенің жас тілшілерінен зор үміт күтетінін айтады.

М.САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button