Әкімдер есебі

Өңірде әлеуметтік мәселелер шешілуде

Аудан әкімі Асқар Шериязданов тұрғындар алдындағы қорытынды есебін берді. Бұған дейін ол 9 ауылдық округтің тұрғындарымен кездесіп, 24 елді мекенді қамтыған болатын. Елді мекен тұрғындарымен кездесу барысында біраз мәселелер көтерілді. Олардың кейбірі облыстық, республикалық деңгейде шешуді талап етеді.

Аудан әкімінің қорытынды есебіне облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы басшысы Мирболат Райымқұлов, осы өңірден шыққан белгілі жазушылар Қажығали Мұхамбетқалиұлы мен Тынымбай Төлепбайұлы қатысты.

Аудан басшысы өз сөзінде негізінен өңірдің өзекті мәселелерін қамтып, олардың шешілу жолдарын меңзеп, негізгі бағыттарға тоқталды. Өткен жылы барлық көрсеткіштер толық орындалып, жұмыссыздық деңгейі төмендеген. Ірі инвестициялық жобалардың бірі Жаңатаң газ өңдеу  зауыты салынуда. Оның құрылысы биыл іске қосылмақ.

Алдағы уақытта жұмысын бастайтын кәсіпорынға негізінен аудан тұрғындарын тарту көзделуде. Әрине, мұндай кәсіпорында жұмыс істеу үшін ауыл тұрғындарының соған сай білігі, мамандығы болу керек. Сондықтан аудандағы жұмыссыздар есебінде  тұратын тұрғындар мұнай-газ саласына бейімделуде.

Бұл өңірдің ең өзекті мәселесі — жол. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан Ақтөбе – Атырау – Астрахань тасжолы құрылысының 16 шақырымы жөнделді. Көктем шыға жол құрылысы қарқын ала түспек. Қарауылкелді-Жарқамыс бағытындағы жолдың құрылысы да жалғасып, қыркүйек айында аяқталмақ. Бұл аталған құрылыстар жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары болмақ.

— Байғанин ауданы бұрын ауыл шаруашылығы ауданы еді. Қазіргі таңда   индустриялдық – аграрлық ауданға айналды. Әрине, басымдылық мал шаруашылығына  беріледі. Мал тұқымын асылдандырып, оның өнімділігін жақсарту бағытында жұмыстар қолға алынды. Әйтсе де бұл салада көп жұмыс кенжелеп тұр. Ет, сүт өнімдерінің өндірісін жақсарту — кезек күттірмейтін шаруа.  Осы міндеттерді саралаған аудан әкімі  ауылдық округтердің әкімдерінің алдына бірсыпыра нақты міндеттер қойды.

Суармалы жерлерді игеру — бұл ауданның тұрғындары үшін тың шаруа. Өткен жылы 69 гектар жерге көкөніс түрлері егілді. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ауданда суармалы жерлер биыл да ұлғайтылуға тиіс.

Аудан әкімінің баяндамасында айтылғандай, ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру — мақсатты іс. Қазір ауданда осы бағытта 12 кооператив құрылған. Алайда қазіргі таңда соның 9 ғана жұмыс істеп тұр. Еттік бағыттағы ірі қара шаруашылығын дамыту қадамдарын жалғастыра беру керек.

Ауызсумен қамтылуы жөнінен ең төмен өңір де осы аудан. Үстіміздегі жылы төрт ауылға ауызсу барады деп күтілуде. Кемерши, Ебейті, Миялы, Жарқамыс ауылдарына орталықтандырылған ауызсу құбырын тарту өткен жылы басталған, бұл жұмыстар биыл аяқталмақ.

Сондай-ақ, Оймауыт, Бұлақтыкөл ауылдарын да сапалы ауызсумен қамту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Шалғайдағы Оймауыт ауылына су құбырын тарту үшін республикалық бюджеттен 256,1 миллион теңге, облыс бюджетінен 64,0 миллион теңге қаралып отыр. Бұлақтыкөлдіктерге ауызсу жеткізуге аудандық бюджеттен 11,7 миллион теңге жұмсалған.

— Елді мекендерге ауызсу жеткізуге байланысты көзделген осы жұмыстарды тиянақтағанда аудан халқының ауызсумен қамтылуы 78 пайыз құрайды. Әрине, біз алдағы уақытта  мұнымен тоқталып қалмаймыз, — деді аудан әкімі өзінің есебінде.

Ауданның көгілдір отынмен қамтылуы қазіргі таңда 44,5 пайыз ғана. Бұл көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Қазіргі шақта Жарлы, Жаңатаң, Бұлақтыкөл, Кемерши бағыттарына көгілдір отын жеткізудің қам-қарекеті жасалуда.

Тоғыз мың тұрғыны бар аудан орталығы Қарауылкелдіде 47 көшенің 18-іне асфальт жабындысы төселген. Жаяу жүргінші жолы әзірге 2 көшеде ғана бар.  Биыл осыған 3 көше қосылмақ. Өткен жылы 2 көшеге асфальт төселсе, биыл 4 көше қолға алынбақ. Тұрғын үй құрылысы өрістемек.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауданда өткен жылы көптеген шаруа шешімін тапты. Кемерши ауылдық клубы, Жаңатаң елді мекенінде салынған спорт алаңы осының дәлелі.  Аудан орталығында 300 орындық мектеп пен 100 орындық интернат құрылысы  салынып жатыр. Бұлақтыкөл, Қаражар, Жаңатаң ауылдарында салынып жатқан 100 орындық мектептің құрылысы алдағы жаңа оқу жылында аяқталмақ.  Байғанин, Т.Айбергенов атындағы, Сағыз, Қопа орта мектептеріне және «Шаттық» балабақшасына осы жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Алдағы күндерде өңірімізде атқарылатын осындай игілікті істерге аудан әкімінің есебі барысында қаныққан тұрғындар бір серпіліп қалды.

Бақытгүл БОРАНБАЕВА,

Байғанин ауданы.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button