Әлеумет

Баланың көңілі… далада ма?

Оқырман ойы

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еліміздің ертеңі — бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры — ұстаздардың қолында» деген сөзі менің санама үлкен жауапкершілік жүгін арқалатып тұрғандай сезіледі.

Менің байқауымша, нақ бүгінгі уақытта ұрпақ тәрбиесі қай кездегіден де маңыздырақ көрінеді. Өйткені қоғамда осы мәселеге қатысты алаңдаушылық көп. Оның өзіміз үзбей оқитын облыстық «Ақтөбе» газетінде жарияланып тұратын мақалалардан да анық байқаймыз.

Басқа тақырыпты айтпағанда, қыз балалардың мектеп формасын сақтамауы, оқушылардың жат ағымдардың жетегіне еруі, өзіне-өзі қол салуы секілді жайлар бұрын-соңды бізді мазаландырып па еді? Қазіргі мұғалім балаға білім беруші ғана емес, сонымен бірге оның көңіл күйін аулаушы да, қай бағытқа бет алғанын зерделеуші де.

Мен өз педагогикалық қызметімді Ақтөбе гуманитарлық колледжін тәмамдағаннан кейін  2000 жылы Ақтөбе қаласындағы №24 лингвистикалық мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі болып бастадым. Кейін бірнеше жыл қатарынан директордың  ғылыми-әдістемелік, дарынды балалармен жұмыстар ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым. Осы білім ордасында он екі жылдай қызмет еттім.

Сонда байқағаным — менің жұмысым мектептегі белгіленген уақытпен бітпейді екен. Мен үйде де, көшеде де, басқа орындарда да ұстазбын.

Қазіргі уақытта қаладағы №51 гимназияда бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етемін. Мектепте жұмыс жасау барысында мен  бұл мамандықтың негізі өзің таңдаған кәсіпке, балаға деген махаббат және шәкіртке деген қамқорлық екенін түсіндім.

Мен «Интербелсенді оқытудың әдістерін  қолдана отырып, оқушылардың білім алуға деген қызығушылығын, өз ойын еркін жеткізу дағдыларын қалыптастыру»  проблемасы бойынша жұмыстандым. Қолға алған проблемам оқушылардың білім сапасын арттыру, өз бетімен білім алуына жетелеу болып табылады. Ал интербелсенді әдістер арқылы оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыруға болады деп ойлаймын. Жыл бойы фокус-топтарға қатысып, бағдарлама модульдері мен технология стратегияларын әр  сабақта үнемі пайдаланып отырамын. Ол оқушылардың сабақта жаңа тақырыпты өз бетінше игеруіне және де топпен жұмыс жасауына  көп әсерін тигізді. Дадлидің «Оқыту мен оқудың белсенді әдістері» атты оқулығымен танысып, оны үнемі сабаққа қолданып отырдым. Гимназияда деңгейлік курстардан өткен мұғалімдердің ашық сабақтарына, коучингке қатысып, үйренген тәсілдерді өз тәжірибеме де пайдаламын.

Ұстаз шәкірті арқылы көркейеді, көктейді. Бүгінде менің алғашқы шәкірттерім әртүрлі салада қызмет жасап жүр. Олардың білікті маман, ең бастысы, алғыр азамат екенін көрген сайын кешегі алдымнан өткен бүлдіршіннің балаң қылықтары ойыма оралып, осындай дәрежеге жеткеніне мақтаныш сезімі жүрегімді кернейді.

Баспасөз бетінде бала тәрбиесі туралы аз жазылып жүрген жоқ. Қиын бала қайдан шығады деп талай мәрте толғандық. Қатарынан озып, жүйрік атанған шәкірттер туралы да айтып жүрміз.

Былайынша қарағанда, баланың баладан айырмасы жоқ. Бірыңғай жақсы немесе бірыңғай жаман бала деуге менің келіскім келмейді. Біз үлкендер баланың ішкі жан дүниесіне үңіле білуіміз керек.

Мәселен, мен оқушылардың әрқайсысының мінез-құлқының, айналадағы құбылыстарды қабылдауының ерекшеліктеріне сай қарым-қатынас жасаймын. Ата-аналармен де олардың мінез-құлқындағы, іс-әрекетіндегі даралығына қарай тіл табысуға тырысамын. Өзім де екі баланың анасымын. Жұрттың баласын тәрбиелеп жүріп, оларға өз перзенттеріме қарағандай қарауға және ұмтыламын.

Өз білімімді оқу, үйрену, іздену арқылы жетілдіріп жүрмін. «Тәжірибе — әрбір ғылымның негізі. Сондықтан үйретеміз және үйренеміз» деп ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, мұғалім үнемі ізденіс үстінде болуы керек.

Басты тақырыбымыз — бала тәрбиесі ғой. Баяғыдан айтылатын «Ананың көңілі — балада, баланың көңілі — далада» ма шынымен…

 Асылай ҚОШАМАНОВА,

Ақтөбе қаласындағы №51 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button