Басты жаңалықтарӘлеумет

Барлық мәселелер бірте-бірте шешілуде

Ақтөбе қаласына қарасты Сазды селолық округінің тұрғындары жергілікті атқарушы билікке жаңа мектеп, балалар бақшасын салып бергені және амбулатория ашқаны үшін алғыстарын білдірді. Олар енді өздерінің спорт мектебі болғанын қалайды, жайлы қоғамдық көлік қауіпсіздігі мен жол жарақтылығы туралы ойларын ортаға салады. Осы мәселелердің барлығы есепті кездесуде айтылды.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы жұртшылық алдындағы есепті баяндамасы №66 орта мектеп ғимаратында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың және қалалық мәслихаттың хатшысы Сұлупан Шынтасованың қатысуымен тыңдалды.

Шәкәрім Құдайбердіұлы есімін иеленген бұл мектеп өткен жылдың қазан айында пайдалануға берілді. Мектеп директоры Марат Махамбетәлиев баяндағандай, мұнда балалар білім алумен қатар музыкамен, бимен және спортпен де шұғылданады.

— Бізде 632 оқушы білім алады. Бұл жаңа ғимарат үш ауысымдық оқыту проблемасын шешіп берді. Ұстаз Абыл Смайыловтың жетекшілігімен оқушылар үрлемелі оркестрінде өнер көрсетеді. Сондай-ақ бізде домбыра, би үйірмелері, шахмат, дойбы, бокс және кикбоксинг секциялар жұмыс істейді. «Ақтөбе» футбол клубының ойыншылары таяу уақыттан бері футбол сабағын өткізеді. Біздің оқушыларымыз әртүрлі конкурстар мен жарыстарға қатысып, бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды,— деді мектеп басшысы.

Мектептің кең дәліздері, жайлы асханасы, көркем акт залы білім беру саласындағы жақсы мүмкіндіктердің ауылда да жүзеге асырылып жатқанын байқатады.       

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың есебі бұрыннан қалыптасқандай, таныстырма слайдтармен тиянақталып отырды, онда барлық көрсеткіштер: өндірілген өнеркәсіп өнімі көлемі мен негізгі қорға инвестициялар тартудан бастап автомобиль жолдарының ахуалы мен оларды жарақтандыруға дейін көрнекі түрде берілді. Қала әкімі сондай-ақ алдағы жылдарға белгіленген жобалар ауқымымен де таныстырды. Ауыл шаруашылығы интенсивті түрде дамып келе жатқанын, егіс алқаптары ұлғайтылып, малдың барлық түрінің айтарлықтай өсе түскенін тілге тиек етті. Тұрғын үй құрылысы мәселесіне тиянақты тоқталды.

— Бүгінгі күні жеке үй құрылысына жер учаскесін алуға кезекте 120 мыңнан астам адам тұр. 2017 жылдың басынан бері осы мақсатта 10 391 жер учаскесі бөлінді. 2018-2019 жылдары тағы да 18 мың жер учаскесін бөлу жоспарлануда, — деді ол.

Қала әкімі сөзінің қорытындысында еліміздің төрт аймағында, оның ішінде Ақтөбеде жүзеге асырылатын «Цифрлық Қазақстан» пилоттық мемлекеттік бағдарламасын атап көрсетті.

Сазды селолық округінің әкімі Аслан Мұханбетовтің есепті баяндамасы ауыл шаруасын, кәсіпкерлікті, денсаулық сақтау, білім беру, аумақты көріктендіру мәселелерін қамтыды.

Бұл селолық округке Сазды селосы, «Бауырластар», «Бауырластар-2» және «Сазды-2» тұрғын үй массивтері қарайды. Тұрғындар саны — 5073 адам.

Өткен жылы 6631 гектарға егіс салынды, оның ішінде 1371 га арпа, 240 га тары,  1450 га майлы дақыл, 3496 га мал азығындық шөп және 74 га көкөніс бар. 2018 жылдың басында округте 2077 ірі қара, 2506 ұсақ мал, 304 жылқы, 539 шошқа есептелді.

«2017-2018 жылдарға жаппай кәсіпкерлікті және өнімді жұмыспен қамтуды дамыту» бағдарламасы бойынша 8 өздерін жұмыспен қамтыған азамат 38,4 миллион теңгеге шағын несие алды, 9 адам жеке кәсіпкерлікті жүргізу курсынан өтті.

— Селолық округ аумағында 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 25 шаруа қожалығы, 3 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, 18 дүкен, тігін цехы, шаштараз, 2 монша, 2 кафе, техникалық қызмет көрсету орталығы, өндірістік кооператив және «Табыс» коммуналдық дүкені жұмыс істейді, — деді округ әкімі. — Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі бағдарламасы бойынша биылғы жылы «Бауырластар» тұрғын үй массивінде 180 орындық екі мектепке дейінгі балалар мекемесін ашу жоспарлануда.

Әкімдердің есеп беруінен кейін жиналғандар өз ұсыныстарын, толғандырған сауалдарын айта бастады. Сөз алғандар кәсіпкерлікті дамытуға, жеке сектордағы құрылысқа қатысты, елді мекендерді жарақтандыру тұрғысынан көмек бергені үшін атқарушы билікке алғыстарын айтып, өткен жылғы су тасқыны кезінде зардап шеккендерге тұрғын үй мәселесін шешкен әкімдіктер қамқорлығына ризашылықтарын білдірді.

Жиында қоғамдық көлік, жол сапасы, жаңа үйлерге газ бен электр жүргізу, өрт сөндіру пунктін ашу, жайылымдық жер бөлу мәселелері қозғалды. Бассейні бар және күрес секциясымен спорт мектебін ашу, мектепте ақылы ағылшын тілі үйірмесін ұйымдастыру туралы айтылды. Интернет қосылымының жылдамдығына қатысты өтініш білдірілді. Ең бастысы, адамдар өздерін толғандырған мәселелер туралы ашық және сеніммен айтып жатты. Және барлық сұрақтарына тыңғылықты жауап алды.

Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорытындылады. Ол барлық проблемалардың бақылауда екенін және таяу уақыттарда өз шешімін табатындығын атап көрсетті.

— Сіздердің «Автопарк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты реніштеріңіз бізге түсінікті. Бұл — сіздің округтің ғана емес, бүкіл қаланың проблемасы. Егер парк автобустарды жаңартпайтын болса, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартпаса, онда тиісті шарасын қолданамыз, — деді облыс басшысы. — Біздер бірінші кезекте жолдарды, өртке қарсы қауіпсіздікті, аудан орталықтарындағы интернет-байланысты тәртіпке келтіруіміз керек. Тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін бөлуге келсек, әуелі ол жерлерге коммуникация жүргізіледі, сонда газ және электр желілеріне қосуға қатысты проблема туындамайды.

Ал спорт мектебін ашуға қатысты әуелі жергілікті мектептің спорт залын толық пайдалану, осында күрес секциясын, басқа да үйірмелерді ашу жөнінде кеңес берілді.

Бердібек Сапарбаев жастарды жаңа білім шептерін игеріп, тазалық жөніндегі сенбіліктерге қатысуға, жалқаулыққа салынбауға шақырды. Сондай-ақ ауылды көгалдандыру туралы айтып, әр аулада өскен бір талдың болашақ ұрпаққа тигізер пайдасы барлығына тоқталды.

— Өткен жылы сіздер мектеп, амбулатория, балалар бақшасын салып беруді сұрадыңыздар, жол мен көшені жарықтандыру туралы айттыңыздар. Біз берген уәделеріміздің бәрін орындадық, енді сіздердің қолайлы тіршілік етулеріңіз үшін бәрі бар. Әрине, шешімін күткен мәселелер де бар, ол — алдағы уақыттың еншісінде. Ең бастысы, біз өзіміз тұрып жатқан өңірдің игілігіне бірлесіп қызмет етуіміз керек, — деді сөзінің қорытындысында Бердібек Сапарбаев.

Гүлсім НАЗАРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button