Спорт

Олимпиадаға бірде-бір ақтөбелік спортшы қатыспайды…

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өткен жылды қорытындылаған жиыны өтті. Отырыс барысында сала мамандарының бірқатар кемшіліктері сынға алынды.

— Өткен жылдың көрсеткішін өздеріңіз жақсы білесіздер. Көңіл көншітетіндей емес. Жазғы Олимпиадалық ойындардың қорытындысы бойынша біз республикада 15-орындамыз, ал қысқы ойындар бойынша деңгейіміз тіптен төмен. Бірнеше күннен кейін Кореяда басталатын қысқы Олимпиада ойындарына, өкінішке қарай, бірде-бір ақтөбелік қатыспайды. Дүниежүзілік, Азия чемпионаттарындағы нәтижеміз де ауыз толтырып айтуға келмейді. Негізінен сол күрес, самбо, дзюдо, жүзу, каратэден ғана жетістіктеріміз бар. Спорт федерацияларымен де байланыс нашар. Стратегиялық жоспар деген жоқ. Оны осы саланың мамандары бірігіп, жасауы керек. Бір анығы, спортқа бөлінетін қаржы аз емес. Оқу-жаттығу жұмыстарына да қомақты қаражат қарастырылып отыр. Шынтуайтында, осы саланы әлі де бір жүйеге келтіре алмай жатырмыз. Өңірдің басшысы ретінде Ақтөбенің спорт көрсеткіштері осындай болғанына ұяламын. Ешқандай нәтиже жоқ. Қаншама спорт нысандарын біз онда не үшін салып жатырмыз?  — деп сөз бастаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен саланы дамыту мақсатында құрылған жұмыс тобына көңілі толмайтынын ашық айтты.

Аталған басқарма басшысы Нұрлыбек Жүсіпов өз сөзінде өткен жылдың есебі бойынша облыста бұқаралық спортпен шұғылданушылар көрсеткіші 4 пайызға артқанын, 29 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 18610 жастың тұрақты түрде жаттығатынын келтірді.

Өңірде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы жұмыс істейді. Онда 809 мүгедек жан 19 спорт түрімен айналысады. Ал 43 спортшы Қазақстанның құрама командаларына енген.

Жалпы, былтыр облыста 31 спорт алаңы, соның ішінде 14 «Street workout» алаңы салынып, пайдалануға берілген. Бұдан бөлек, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 14 хоккей корты салыныпты. Сондай-ақ, Хоккей-жаттығу спорт кешені, Жекпе-жек спорт сарайы ашылған. Ал Есет батыр атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты  колледж есебінде  жұмысын жандандыра түскен.

Ақтөбелік спортшылар өткен жылы әлем чемпионаттарында 11 алтын, 17 күміс, 13 қола, Азия чемпионаттарында 4 алтын, 4 күміс, 6 қола медальді иеленген.

Одан соң сөз алған арнаулы жұмыс тобының жетекшісі, облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев спорт саласында қордаланып қалған мәселелердің көп екенін жасырмады.

— Басқарма мен федерация өкілдері, ардагерлер, депутаттар және қоғамдық бірлестіктің мүшелері енген жұмыс тобы талдау жұмыстарын жүргізіп, бірқатар кемшіліктерді анықтады. Оларды мейлінше тез жою үшін тиісті шаралар қолға алынды.

Салада кәсіби мамандардың жетіспеушілігі анық байқалады. Біз кадрларды қайта жасақтап, өз ісінің шеберлерін ғана қалдыруға ұсыныс білдірдік. Сондай-ақ, спорт мекемелерінің арасында рейтингті құру жайы да күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Соған сай, дұрыс жұмыс атқармай отырғандарға тиісті шараларды қолданатын боламыз, — деді ол.

Жұмыс тобының құрамын жаңартып, оған ардагерлерді, бапкерлерді, сала мамандарын қосу керек.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жастардың бос уақытының тиімді өткізуін барынша қадағалауы керек. Біз қаншама спорт нысандарын не үшін салдық? Әрине, келешек ұрпақ үшін. Ендеше, ол ғимараттар неге бос тұруы керек?  Осыдан барып жастардың арасында қылмыс көбейеді, олар теріс жолға түседі. Істейік деп жатырмыз, жоспарда бар дегенді қою керек. Жоспарды орындап, нақты әрекетке көшетін уақыт әлдеқашан жетті, — деген облыс әкімі 15 күннің ішінде саланы дамытуға арналған стратегиялық жоспарды құруды тапсырып, сөзден іске көшуге шақырды. Айта кетейік, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, спорт ардагерлері мен мамандары, аудандық әкімдік өкілдері қатысқан отырыста жиналғандардың  саланы дамытуға қатысты ұсыныс-тілектері мен арыз-шағымдары да тыңдалды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button