Білім

Курс: жаңа технология, мол тәжірибе

15-20 қаңтар аралығында Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясында республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Радиомен басқарылатын модельдер, автокөліктер, ұшақтар, кемелер және басқа техниканы басқару жүйелері» атты республикалық курс өтті.

Оған еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ облыстың аудандарынан 30-ға жуық маман қатысты.

Қосымша білім беретін педагогтар курс барысында радиомен басқарылатын авто, авиа, кеме үлгілер құрылымдарының ерекшеліктерін, қосымша білім беру жүйесінде балалардың техникалық шығармашылығын дамыту ерекшеліктерін, білім беру робототехникасы мен сервожетектер құрылымын, сондай-ақ халықаралық ережелерге сәйкес кеме үлгілеу спортынан өңірлік және республикалық жарыстарды ұйымдастыру тәжірибесін үйренді. Еліміздің әр түкпірінен келген мамандар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің, Ақтөбе қалалық техникалық шығармашылық орталығының, сондай-ақ Шығармашылық академиясының қосымша білім беру педагогтарынан дәріс алып, өзара тәжірибе алмасты.

Бес күндік курс соңында педагогтарға арнайы сертификаттар табысталды.

Республикалық курсқа келген қосымша білім беру педагогтарының бірі — атыраулық Нәсіпқали Өтепқали. Ол Атырау облысы Индер ауданындағы Оқушылар шығармашылық орталығында жұмыс жасайды.

  • Курсқа қатысып, көп нәрсені үйрендік. Көптеген жаңа технологиялармен танысып, тәжірибе алмастық. Бұл курсқа еліміздің барлық облысынан техникалық бағыттағы қосымша білім беру педагогтары, информатика пәнінің мұғалімдері қатысып жатыр. Курс барысында 20-30 жылдық тәжірибесі бар осы бағытта жұмыс жасап жүрген мамандардан дәріс алдық. Сондай-ақ заманауи үлгіде салынған Шығармашылық академиясын аралап, танысып жатырмыз. Бұл жерде балалардың жан-жақты білім алуына мол мүмкіндік жасалған. Біздің облысымызда да осындай орталық болса дейміз, — дейді Нәсіпқали Өтепқали.

Д.ҚАЗИХАН.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button