Мәдениет

Жаңа жинақтың тұсаукесері өтті

«Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйінде облыс әкімдігінің бастамасымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен жарыққа шыққан облыстағы жас талапкерлердің  «Ақ айдын» атты жинағының тұсаукесері өтті.

Шараға зиялы қауым өкілдері, С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері, жас талапкерлер мен оқырмандар қатысты.

Кешті облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұқан ашып, құттықтау сөз сөйледі.

Бұдан кейін сахнада Қыдырғали Ермұқан мен белгілі ақын, публицист, «Адырна» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы жаңа жинақтың тұсауын кесіп, жас талапкерлерге сәттіліктер тіледі.

— Бүгінгі тұсаукесер — өте қуанышты нәрсе. Бұл — болашаққа жасалған қадам, біздің қоғамның, ұлтымыздың кезекті қадамы. Сондықтан бүгінгі шараның барлығымыз үшін маңызы зор. Бүгінгі үмітті жаңалық бізді қуантты. Бұл — жастардың қолына қалам алып, жүректері лүпілдеп, болашақтан үлкен үміт күтіп, әдемі, сәулелі сеніммен алға басқанының белгісі. Сондықтан, жас талапкерлер, Алла жолдарыңды ашық қылып, өмірдің жақсы, игілікті жолдарымен жүргізсін! Қаламдарыңа құт бітсін! — деді М.Ақдәулетұлы.

Құттықтау сөзінен кейін Мейірхан Ақдәулетұлы жас талапкерлердің жинағына шашу ретінде «Адырна» әдеби-көркем, көпшілік журналының биылғы жылы шыққан алғашқы санын сыйға тартты.

Шарада жас ақындар ортаға шығып, өз туындыларын оқыса, редакциялық алқаның мүшесі, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев жиналғандарды жаңа жинақтың жарыққа шығуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Мұндай ортақ жинаққа шығу — әдебиетке барудың басы. Өйткені кезінде біздің де ең алғашқы өлеңдеріміз осындай ортақ ұжымдық жинаққа шығып, жарияланған. Содан кейін әркім өз жолымызды тауып кеттік. Сондықтан бұл — жақсы ырым.

Кеңес заманының өзінде өнерге, әдебиетке қазіргі тәуелсіздік заманындай көңіл бөлінген емес. Себебі ұжымдық жинаққа енгенде осы Ақтөбенің ақындарының ішінен бір-екеуіміз ғана шығатынбыз. Ал сіздерге бір жинақ шығарып беріп отыр. Бұл — облыс әкімінің сіздерге жасап отырған үлкен қамқорлығы, — деді ол.

Ақын Бауыржан Құрманқұлов жас талапкерлерге ағалық лебізін айтып,  Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншілері әннен шашу шашты.

Кеш соңында талапкерлерге жаңа жинақ үлестірілді.

Айта кету керек, «Ақ айдын» жинағы «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында облыс әкімінің қолдауымен жарыққа шығып отыр. Жинаққа іріктеуден өткен 50 жас талапкердің өлеңдері, прозалық шығармалары енген. Кітап «Хабар-Сервис» ЖШС баспаханасында басылған. Таралымы — 500 дана.

    Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button