Басты жаңалықтарСпорт

XXIII қысқы олимпиаданың басталуына 8 күн қалды

Биыл 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында XXIII қысқы Олимпиада ойындары өтеді.

Оңтүстік Корея 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізу мәртебесін 2011 жылдың 6 шілдесінде Халықаралық Олимпиада комитетінің Дурбандағы 123-сессиясында жеңіп алды. Бұл — Корея Республикасында алғашқы, Азия құрлығында үшінші рет өтетін қысқы Олимпиада ойындары. Бұған дейін Жапонияның Саппоро (1972) мен Нагано (1998) қалалары екі рет қысқы Олимпиада ойындарын қабылдаған еді. Пхенчхан қысқы Олимпиаданы өткізуге үш рет өтініш білдіріп, 2010 жылы Ванкуверге және 2014 жылы Сочи қаласына жол берді. 2018 жылғы Олимпиада ойындарына 95 ұлттық Олимпиада комитетінің атынан 2 900 спортшы қатысады деп күтілуде.

Олимпиада ойындарында қысқы спорттың 15 түрінен жалпы 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Атап айтсақ, спорт түрлерінің ішінде ең көп медаль коньки тебу спортынан болса (14 медаль), ең аз медаль скелетон мен хоккей спортынан (2 медальдан) болмақ. Сондай-ақ шаңғы жарысынан — 12, биатлон мен тау шаңғы спортынан — 11, сноуборд пен фристайлдан — 10, шорт-тректен 8 медаль сарапқа салынады. Ал мәнерлеп сырғанаудан 5, трамплиннен секіру мен шана спортынан 4 медальдан ойнатылады. Сондай-ақ, бобслей, керлинг және шаңғы қоссайысынан үш-үштен медальдар жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақстандықтардың  жолдамасы

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII Қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы 57 жолдама жеңіп алды. Атап айтсақ, биатлоннан — 10, мәнерлеп сырғанаудан — 3, шорт-тректен — 12, конькимен сырғанаудан — 12, шаңғы жарысынан — 7, фристайл-могулдан — 4, фристайл-акробатикадан — 5, тау шаңғы спортынан — 2, трамплиннен секіруден — 1, шаңғы спортынан — 1.
Осы аптаның басында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметі XXIII Олимпиада ойындарына баратын қазақстандық спортшылардың толық тізімін жариялады.

Алғашқы болып Олимпиада қалашығына биатлоншылар кіреді. Олардың құрамында Галина Вишневская, Василий Подкорытов, Максим Браун, Тимур Хамитгатин, Роман Еремин, Владислав Витенко, Дарья Климина, Ольга Полтаранина, Елизавета Бельченко, Алина Райковалар бар. Фристайл бойынша Олимпиадалық лицензия жеңіп алған 9 спортшы бар. Могул бойынша ел намысын Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков, Юлия Галышева және Аяулым Амренова қорғаса, акробатикадан Маржан Ақжігіт, Жанбота Алдабергенова, Аяна Жолдас, Ақмаржан Қалмырзаева және Ильдар Бадрутдинов өнер көрсетеді. Шаңғы жарысы бойынша Алексей Полтаранин, Денис Волотка, Евгений Величка, Виталий Пухкало, Валерия Тюленева, Анна Шевченоко және Елена Коломина жүлдеге таласады. Шорт-трек бойынша да жүлдеге үміткерлер бар. Олардың қатарында Абзал Әжғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Денис Никиша, Еркебұлан Шмұханов, Мерсаид Жақсыбаев, Анастасия Крестова және А Йонг Ким бар. Олар 1 ақпанда Пхенчханға барады деп жоспарланған.

7 ақпанда Олимпиада қалашығында қазақтың көк байрағы көтеріледі. Ал коньки тебу спорты бойынша 6 спортшыға үміт артылады. Олар: Роман Креч (500, 1000 м), Станислав Палкин (500, 1000, 1500 м), Артем Крикунов (500 м), Федор Мезенцев (1000, 1500 м және масс-старт), Денис Кузин (1000, 1500 м) және Екатерина Айдова (500, 1000, 1500 м).

Мәнерлеп сырғанауда олимп тұғырынан көрінуге мүмкіндігіміз зор. Бұл спортта ел намысын 3 спортшы – Денис Тен, Элизабет Тұрсынбаева және Айза Имамбек қорғайды. Тау шаңғысында екі жолдама бар: Игорь Закурдаев пен Мария Григорьева. Сонымен қатар трамплиннен секіру сайысында Сергей Ткаченко мен шана спортында Никита Копыренко бақ сынамақ.

Бағдарлама және медаль

Олимпиада ойындарының алғашқы іріктеуі 8 ақпанда өтеді. Ал жарыс ресми түрде 9 ақпанда басталады.

8 ақпан күні керлинг, трамплиннен секіру жарыстарынан алғашқы іріктеу жарыстары өтеді.

9 ақпан күні керлинг, мәнерлеп сырғанау және фристайлдан сайыстар өтеді.

10 ақпан күні биатлон, шаңғы жарысы, керлинг, хоккей, шана жарысы, шорт-трек, трамплиннен секіру, сноуборд және конькимен жүгіру спортынан спортшылар сынға түседі. Бұл күні 5 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

11 ақпан күні тау шаңғы, биатлон, шаңғы жарысы, керлинг, мәнерлеп сырғанау, фристайл, хоккей, шана жарысы, сноуборд және конькимен жүгіруден сайыстар өтеді. Бұл күні 7 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

12 ақпан күні тау шаңғы, биатлон, керлинг, мәнерлеп сырғанау, фристайл, хоккей, шана жарысы, трамплиннен секіру, сноуборд және конькимен жүгіруден мықтылар өзара бақ сынайды. Бұл күні 8 медаль жиынтығы ойнатылады.

13 ақпан күні тау шаңғысы, шаңғы жарысы, керлинг, хоккей, шана жарысы, шорт-трек, сноуборд және конькимен жүгірушілер өнер көрсетеді. Бұл күні де 8 медаль сарапқа салынады.

14 ақпан күні тау шаңғысы, биатлон, керлинг, мәнерлеп сырғанау, хоккей, шана жарысы, шаңғы қоссайысы, сноуборд және конькимен жүгіру шеберлері жарыс жолына шығады. Бұл күні 6 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

15 ақпан күні тау шаңғысы, биатлон, шаңғы жарысы, керлинг, мәнерлеп сырғанау, фристайл, хоккей, шана жарысы, скелетон, сноуборд және конькимен жүгіруден жарыстар өтіп, 7 медаль жиынтығы ойнатылады.

16 ақпан күні шаңғы жарысы, керлинг, мәнерлеп сырғанау, фристайл, хоккей, скелетон, трамплиннен секіру, сноуборд және конькимен жүгірушілер 5 медаль жиынтығын сарапқа салады.

17 ақпан күні тау шағысы, биатлон, шаңғы жарысы, керлинг, мәнерлеп сырғанау, фристайл, хоккей, шорт-трек, скелетон және трамплиннен секіру сайыстары өтеді. Бұл күні осы Олимпиададағы ең көп жүлде ойнатылады. Бұл кезеңде 9 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

18 ақпан күні тау шағысы, биатлон, бобслей, шаңғы жарысы, керлинг, фристайл, хоккей және конькишілер бақ сынайды. Бұл күні 6 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

19 ақпан күні бобслей, керлинг, мәнерлеп сырғанау, фристайл, хоккей, трамплиннен секіру, сноуборд және конькимен жүгіру шеберлері жарыс жолына шығады. Бұл күні 3 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

20 ақпан күні биатлон, бобслей, керлинг, мәнерлеп сырғанау, фристайл, хоккей, шаңғы қоссайысы және шорт-трек шеберлері өнер көрсетеді. Бұл күні 5 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

21 ақпан күні тау шаңғысы, бобслей, шаңғы жарысы, керлинг, мәнерлеп сырғанау, фристайл, хоккей, сноуборд және конькимен жүгіруден жарыстар өтеді. Бұл күні 7 медаль жиынтығы ойнатылады.

22 ақпан күні тау шаңғысы, биатлон, керлинг, фристайл, хоккей, шаңғы қоссайысы, шорт-трек және сноубордтен жарыстар өтеді. Бұл күні 8 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 23 ақпан күні тау шаңғысы, биатлон, керлинг, мәнерлеп сырғанау, фристайл, хоккей, сноуборд және конькишілер сынға түседі. Бұл күні 6 медаль жиынтығы таратылады.

24 ақпан күні тау шаңғысы, бобслей, шаңғы жарысы, керлинг, хоккей, сноуборд және конькимен жүгіруден мықтылар анықталады. Бұл күні 8 медаль жиынтығы өз иелерін табады.

25 ақпан, яғни соңғы жарыс күні бобслей, шаңғы жарысы, керлинг, мәнерлеп сырғанау, хоккей ойындарының мықтылары анықталады. Бұл күні 4 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

P.S. Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII қысқы Олимпиада ойындарының басталуына 8 күн ғана қалды. Бұл додада қазақстандық спортшылар барын салып, еліміздің абыройын биіктетпек. Осы орайда барлық спортшыға сәттіліктер мен жеңістер тілейміз.

 Ғаламтор материалдары бойынша

әзірлеген Данагүл ТАУАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button