Басты жаңалықтарМәдениет

Францияның өнер шеберлері Ақтөбеге келді

Ақтөбе қаласындағы Жұбановтар әлемі мәдениет орталығында «Париж-Ақтөбе: Дебюссиден Жұбановқа дейін» атты кеш өтті. «Туған жер» жобасы аясында ұйымдастырылған концертте қазақ-француз саз өнерінің шеберлері Ғазиза Жұбанова мен Клод Дебюссидің шығармаларын орындады.

Әлемді аралап жүрген француз музыканттары Юг Борсарелло мен Готье Эррманның репертуарында қазақстандық композиторлардың да туындылары көп. Ал «Астана Опера» театрының скрипкашылары Қаламқас Жұмабаева мен Толқын Қилыбаева және пианист Гауһар Тасбергенова ақтөбелік көрермендерді шеберліктерімен тәнті етті.

— Қазақстанға биыл төртінші рет келдік. Біз үшін Ғазиза Жұбанова мен Кенжебек Күмісбековтің шығармалары керемет жаңалық болды. Енді Франция мен өзге де елдердің сахнасында орындайтын боламыз. Сонымен бірге қазақстандық музыканттармен бірге өнер көрсету — біз үшін үлкен мәртебе, — деді виолончелист Готье Эррманн.

Көрермендер бір жарым сағаттан астам уақыт бойы танымал композиторлар Ж.Бизенің, Г.Форенің, Ж.Массненің  сондай-ақ К.Дебюссидің, Ғ.Жұбанова мен К.Күмісбектің шығармаларын тыңдады.

Кеш соңында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев сөз сөйлеп, облыс әкімдігінің атынан ризашылығын білдірді.

Клод Дебюссидің шығармаларымен бірге, Мұғалжардың бөктерінде дүниеге келген қазақтың қызы Ғазиза Жұбанованың туындылары орындалғаны біз үшін үлкен мақтаныш. Жұбановтар әлемі зәулім ғимараты салынғанда, ақтөбелік  өнерсүйер қауым

тамаша кештер мен нағыз кәсіби мамандардың өнеріне куә болса екен деген едік. Бүгін сол мақсат орындалды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ерекше кеш сыйлаған қонақтарымызға шексіз алғыс білдіреміз, — деді ол.

— Концерт алдымен Астана қаласында өтті. Кейін Ғазиза Жұбанованың туған жерінде өнер көрсетуді ұйғардық. Алдағы уақытта Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени ынтымақтастықты жаңғыртуға  бағытталған шаралар жоспарланды,— деді Қазақстандағы Франция елшілігі, мәдениет және ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Гийом Касперски.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 


 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button