АуылӘлеумет

Кәсіпкер ауылына медпункт салып берді

 «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Құмжарған ауылында медпункт ашылды.

Аталған ауылда  200-ден астам тұрғын бар. Сырқаттанған тұрғындар осы уақытқа дейін ауыл мектебінің медпунктіне немесе округ орталығына барады.  Округ әкімі Рамазан Үргенішбаевтың айтуынша, аталған ауылға бюджет қаражатына медпункт салу биыл жоспарланған. Алайда  Ақтөбе қаласындағы «Қуаныш» клиникасының иесі Қуаныш Жәлімбетов «Туған жерге тағзым» акциясы аясында перзенттік парызын өтеп, ауыл тұрғындарын бір қуантып тастауды жөн көріпті.  Құрылысы өткен жылдың қазан айының аяғында қолға алынған жаңа ғимаратқа көгілдір отын, ауызсу толықтай кіргізілген. Заман талабына сай салынған ғимараттың 5 бөлмесі, тіпті дәретханасы, жуынатын бөлмесіне дейін бар. Жергілікті атқарушы билік тарапынан енді кадр мәселесі шешіліп берілмек. Округ әкімінің айтуынша, жаңа ғимараттың ашылуымен үш адам жұмыспен қамтылады. Ғимараттың ашылу салтанатында  аудан әкімі Ербол Данағұлов ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтады. Ал жеке кәсіпкер Қуаныш Жәлімбетов алдағы уақытта жаңа ғимаратты мемлекеттің меншігіне беретіндігін айтты. Сонымен қатар, шара барысында «Қуаныш» клиникасының білікті мамандары ауыл тұрғындарын қабылдап, оларға кеңес берді.

 Әнуар ЕСҚАРА,

Мұғалжар ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button