Басты жаңалықтарЭкономика

2017 жылы өңір экономикасы 5 пайызға өсті

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кеңейтілген мәжілісте жыл қорытындысын шығарып, атқарылған істерге талдау жасады, сонымен бірге өңірді дамытуға қатысты алдағы міндеттерді айқындады.

Бұл жиынға барлық деңгейдегі әкімдер, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, компаниялар мен кәсіпорындардың жетекшілері қатысты.

Жыл қорытындысын шығаруға байланысты облыс әкімінің орынбасарлары Асқар Биахметов, Ербол Нұрғалиев, Қайрат Бекенов, Серік Төленбергенов және Мавр Абдуллин баяндама жасады.

 Өсім — тұрақтылықтан туындайды

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес облыста есепті кезеңде әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері бойынша ілгерілеулерге қол жеткізілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өнім өндіру өсімі 105 пайыз болады деп күтілуде. Өнеркәсіп өндірісі көлемі 1,5 триллион теңгеден астам деңгейге жетті. Оның ішінде өңдеуші кәсіпорынның үлесі де айтарлықтай. Өнеркәсіп саласында Ақтөбе қаласының, сондай-ақ Алға және Ырғыз аудандарының көрсеткіштері ілгері.

Жалпы облыс экономикасын талдағанда мұнай-газ факторы бұрынғыдай басымдық деңгейде көрінеді. Талдау жасаушылар алдағы уақытта мұнай мен газдың, хром және мыс концентратының бағасы өсетіндігіне болжам жасауда.

Осы тұрғыдан облыс басшысы ірі кәсіпорындар мен компаниялардың жетекшілеріне пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу көлемін ұлғайту жөнінде бағдар берді.

Облыста жаңа инновациялық өндірістерді іске қосу, сондай-ақ бұрыннан жұмыс істеп тұрғандарын толық қуатына жеткізу, оларды технологиялық жаңғырту және цифрландыру, ЭКСПО технологиясын пайдалану күн тәртібінде тұр. Облыс экономикасының басты драйвері «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы болып қала береді.

Облыстағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 50 мыңнан асып, бұрынғысынан ұлғая түсті.

Облыс басшысының айтуынша, өткен жылдың барлық көрсеткіштері алдыңғы жылмен салыстырғанда жоғары және республикалық көрсеткіштерден төмен емес. 13 негізгі индикатор бойынша облыс жетекші орында және аймақтар арасында алғашқы бестікте келеді. Негізгі қорға инвестиция көлемі өткен жылы 437,1 миллиард теңге құрады.

Өткен жылы облыс өнеркәсіптік кәсіпорындары құны 1,5 триллион теңгеден асатын өнімді өндірді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық көрсеткіші бойынша оң динамикаға қол жеткізілді.

Алдын ала мәліметтер бойынша өңірдегі экономика өсімі 2017 жылы 5 пайызды құрады. Есептік кезеңнің ішінде өнеркәсіптік өндіріс 5 пайыз көбейіп, соның ішінде өңдеу өнеркәсібі 7,9 пайыз, тау-кен өнеркәсібі 4 пайыз өсті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі қомақты қаржыны  құрады.

Технологиялық жаңғырту мақсатында облыстың отыз ірі кәсіпорындарымен өндірісті жаңғырту және сандық технологияларды енгізу шараларының жоспарына қол қойылды.

2017 жылы жалпы сомасы 20 миллиард теңгеге жиырма кәсіпорын жаңғыртылды. Биыл шамамен 38 миллиард теңгеге 25-тен астам компанияны жаңғырту және цифрландыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде өнімді өндіру мен өңдеудің өзіндік құнын 7 пайызға төмендетуге, өнімділікті 20-30 пайызға арттыруға мүмкіндік беріп, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартады және жарақаттануды 10 пайызға төмендетеді.

Сондай-ақ, облыстағы кәсіпорындар «ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынылған жалпы құны 43 миллиард  теңге болатын 18 әлемдік технологияны енгізуде.

Өңір басшысы осы қарқынды бәсеңдетпей, шетелдік инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, сонымен қатар, кәсіпорындардың  бәсекеге қабілеттілігін арттыру шеңберінде технологиялық процестерді цифрландыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің өсімі 5,3 пайызды құрады. Бұл санға айналдырсақ,  200,8 миллиард теңгені құрайды. Облыстағы барлық 12 ауданда және Ақтөбе қаласы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару көлемі артты. Былтыр егіс алқаптарының әр гектарынан орташа есеппен алғанда 13 центнерден өнім алынып, барлығы 512 мың тонна астық жиналды.

Облыста 198 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылымдалды. Бұл құрылымдарға 5179 жеке шаруашылық, 119 фермерлік шаруашылық және 30 заңды тұлға біріккен. Кооперативтер күшімен бүгінгі күні 2 106 тонна ет, 3 019 тонна сүт, 1 228 тонна көкөніс және 465 тонна басқа өнімдер өндіріліп, ұсақ шаруалардың бірігуінің пайдалылығын көрсетуде.

Өткен жылы 17 мың жаңа жұмыс орны құрылымдалды. Ал жалпы жұмыссыздық 2016 жылғы деңгейде, яғни 4,8 пайыз мөлшерінде, бұл республикалық орташа көрсеткіштен төмен болып саналады.

Облыстың тарихында тұңғыш рет қаржыландырудың барлық көздері есебінен 792,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоғары көрсеткішке қол жетті. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 28,5 пайыз өсімді құрайды. Биылғы жылы 850 мың шаршы метрден кем емес тұрғын үй салу жоспарлануда немесе бұл 8 мың пәтерді құрайды.

Ақтөбе облысы «Нұрлы жер» бағдарламасын табысты түрде жүзеге асырып келе жатқан алғашқылардың қатарында келеді. Осы ауқымда өткен жылы жалпы аумағы 17,3 мың шаршы метр болатын 124 коттедж, сондай-ақ жалпы аумағы 49,7 мың шаршы метр 3 қабатты тұрғын үйлер салынды.

Есеп беру барысында айтылғандай, бөлшек тауар айналымы көрсеткіші 106,3 пайыз құрап, жоғары деңгейге шықты. Сыртқы сауда айналымы 39 пайызға ұлғайды, жалпы мөлшері 4,6 миллиард доллар құрады, осы ауқымда тауар экспорты да айтарлықтай өсімді құрады.

«Бақытты балалық шақ» жобасы

Биылғы жыл облыста «Бақытты балалық шақ» жылы ретінде есте қалмақшы. Осы бағдар аясында балалар үшін қолайлы жағдайлар жасауға ерекше назар аударылмақшы. Бизнес қауымдастығы барлық аулаларда ойын алаңдарын жасақтауға өз үлестерін қосуы тиіс.

Алдағы екі жыл ауқымында обылстағы барлық ауылдар спорт алаңдарымен жабдықталуы тиіс, ал аудан орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынады.

«Бақытты балалық шақ» акциясы 8 блок бойынша жүзеге асырылады, онда білім беру, мәдени, шығармашылық, спорт, интеллектуалдық тәрбие және балаларды дамыту мәселелері қамтылады.

Сондай-ақ, облыс әкімі 2020 жылға дейін үш ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешуді міндеттеді.

«Облыста мектеп жасындағы балалардың саны жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты үш ауысымды және апатты мектептер мәселелерін шешуге ерекше назар аударылып отыр. Өткен жылы 15 жаңа мектеп пайдалануға берілді, қазіргі кезде 26 мектептің құрылысы жүргізілуде. 2019 жылға қарай апаттық жағдайдағы мектептердің, ал 2020 жылға дейін үш ауысымды оқыту мәселелерін шешуді жоспарлап отырмыз», — деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, 2020 жылға дейін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында мектепке дейінгі білім беру мекемелер желісін кеңейтіп, балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайызға қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 96% құрайды.

Аудан әкімдеріне 2018-2019 жылдар ішінде барлық ауылдарды спорттық алаңдармен жабдықтау, аудан орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу тапсырылды.

Жеңіл атлетика манежі және ақпараттық технологиялар орталығы салынады

Ақтөбеде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жаңа нысандардың құрылысы бойынша жұмыстар жалғасуда.

Үстіміздегі жылы алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жеңіл атлетика манежінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Жобаға сай ғимараттың жалпы ауданы 8,5 мың шаршы метрді құрайды.

Өткен жылы Ақтөбеде заманауи Жекпе-жек сарайы және «Олимп» хоккей модулі пайдалануға берілген болатын, биыл Теннис орталығы және Мұз сарайының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры көмегімен жаңа спорттық және ойын алаңдарын салу, мектептерді спорттық жабдықтармен және түзету құралдарымен қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастық жалғасуда.

Облыс басшысының пікірінше, жаңа спорттық нысандарды пайдалануға беру халық арасында бұқаралық спорт пен саламатты өмір салтын одан әрі дамытуға жол ашады.

Мемлекет басшысының экономиканы сандық жүйеге көшіру тапсырмасы аясында «Smart Aktobe» жаңа ақпараттық технологиялар орталығы құрылады. «IT паркінің» жұмысы стартаптар және дамып келе жатқан ақпараттық компаниялар үшін барынша қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

Өткен жылы «Туған жерге тағзым» акциясының жүзеге асырылуы нәтижесінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағыты бойынша облыстың экономикасына 29 миллиард теңге көлемінде бюджеттен тыс қаражат тартылды.

Бизнеске тосқауыл жойылады

Шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамыту шаралары жүзеге асырылады.

– Біз шағын және орта бизнесті дамыту үшін барлық жағдайларды жасауға тиіспіз. Биылғы жылы облыс орталығы бизнес жүргізу үшін кедергісіз қалаға айналады деп ойластырып отырмыз,— деді облыс әкімі жергілікті бақылаушы және құқық қорғау органдарының басшыларына арнаған сөзінде,— Қазіргі уақытта біз республикалық «Атамекен» корпорациясымен бірлесіп жұмыс істеп, бизнеспен жұмысқа талдау жасаудамыз. Кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін барлық тосқауылдар жойылуы тиіс. Кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететін орталықтар жұмысын жандандыру — басты міндет. «Бизнестің жол картасы -2020» механизмі мүмкіндіктері толық ауқымда пайдаланылғанда көп жетістікке жетуге болады.

Өткен жылғы деректер бойынша  облыста 63,1 мың немесе 104,1 пайыз шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Олар жалпы көлемі  492,7 миллиард теңгені құрайтын өнім өндірген. Шағын және орта бизнес бойынша жұмыспен қамтылған халық саны 135,7 мың адамды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,8 пайызға артық.

* * *

Облыс басшысы жиында бірқатар селолық округтердің әкімдерінің жұмысына қатысты сын айтты. Бірқатар жерлерде мемлекеттік бағдарламалардың мәні мен маңызы тұрғындардың назарына толық жеткізілмейді. Сондықтан да ауыл шаруасы кәсіппен шұғылданғысы келгенімен, қолдауға қолы жетпей жатады. Бұл ретте Әйтеке би, Алға және Мәртөк аудандарындағы бірнеше село әкімдерінің көпшілік алдында түсінік беруіне тура келді. Аталған аумақтарда «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламалары тиісті дәрежесінде жүзеге асырылмай келеді.

Облыс әкімі селолық округтер әкімдерінің, жергілікті мектеп директорларының жауапкершілігін арттыру жөнінде аудан басшыларына нақты тапсырма берді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button