Басты бет » Мәдениет » Мәдениет саласы: бірігіп шешетін мәселелер бар

Мәдениет саласы: бірігіп шешетін мәселелер бар

Кеше Т.Ахтанов атындағы драма театрда облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің қатысуымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама, тілдерді дамыту басқармаларының кеңейтілген алқа жиыны өтті.

Жиынға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама, тілдерді дамыту басқармаларының қызметкерлері, мәдениет және өнер мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ аудандардағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары қатысты.

Алқа жиынында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева өткен жылы атқарылған жұмыстар және биылғы жылғы міндеттер туралы баяндады.

Оның айтуынша, өткен жылы облыстық бюджет қаржысына Қарғалы, Алға аудандарында екі ауылдық клуб, облыс орталығында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 1200 орындық концерт залы бар Өнер орталығы, сондай-ақ «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйі салынып, пайдалануға берілген. Өнер орталығын жабдықтауға облыстық бюджеттен 350,0 млн. теңге қаржы бөлініп, жаңа ғимаратқа облыстық филармония көшірілген.

— Өткен жылы облыстағы мәдениет саласын қаржыландыруға 5268,1 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 5148,5 миллион теңге, бюджеттен тыс қаражаттан 0,3 миллион теңге, ақылы қызмет көрсетуден түскен кіріс есебінен 119,3 миллион теңге жұмсалды. Биыл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өткен жылы құрылысы басталған облыстық тарихи-өлкетану музейі және «Аналарға тағзым» патриоттық тәрбие беру кешені пайдалануға берілмек. Сонымен қатар биылғы жылы Қарғалы, Шалқар аудандарында екі ауылдық клуб, Хромтау қаласында 400 орындық мәдени-демалыс орталығы салынады, — деді М.Қорғанбаева.

Басқарма басшысының айтуынша, алдағы уақытта аудандық кітапханаларда кітап қорын толықтыру керек. Сондай-ақ аудандарда рұқсатсыз, келісімсіз ескерткіштер орнатуға тыйым салу керек.

Бұдан кейін жиында облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Маржан Жанасова, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жобаларының менеджері Айнұр Мақсатқызы, т.б. баяндама жасады.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қорытындылап, облыстың өткен жылғы жетістіктерін атап өтті.

— Өткен жыл облыс үшін табысты жыл болды. «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысып, «Туған жер» форумын жоғары деңгейде өткіздік. Сондай-ақ Орынбор облысына сәтті барып келіп, дін мәселесіне қатысты өңірде бірқатар іс-шаралар өтті. Сонымен қатар  әнші Димаш Құдайберген әлемге өз өнерін паш етсе,  күйші Ардақ Елеусіз «Мен қазақпын» жобасында топ жарды. Мұның барлығы — сіздердің еңбектеріңіз. Сондықтан сіздерге айтар алғысым зор, — деді Е.Нұрғалиев.

Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары облыстың мәдениет саласындағы бірқатар мәселелерге тоқталып, басқарма басшысы мен аудандардағы бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді.

  • Алда үлкен міндеттер тұр. Сондықтан қол жеткізген жетістігімізге қуанып қана қоймай, бұған дейін жіберген кемшіліктерімізді жоюымыз керек. Мәселен, көрермендердің мәдени орындарға келгенде этиканы дұрыс сақтамауы, өнерпаздардың іс-шараларда фонограммамен ән айтуы, репертуарлардың жоғары деңгейде таңдалмауы, ескерткіштердің талапқа, эстетикаға сай орнатылмауы сияқты мәселелерді үнемі назарда ұстауымыз керек. Сондай-ақ аудандардағы кітапханалардың жұмысын жаңа концепцияға сәйкес жаңғыртып, облыстық тарихи-өлкетану музейін заман талабына сай жабдықтау қажет, — деді Е.Нұрғалиев.

Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда барлық мәдениет мекемелері жұмыла жұмыс жасау керектігін, басқа салалар сияқты мәдениет саласында да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа жобалар іске асырылу қажет екенін жеткізді.

Облыс орталығында «Туған жерім — нұрлы елім!» атты аудан күндерін өткізгенімізге екі жыл болды. Бұл шара сіздер алыстан келіп, «шашылу» үшін емес, аудандағы өнер, мәдениет саласының деңгейін көтеру, мекемелердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында өткізіледі. Алайда, өкінішке қарай, аудандарда көзге түсетін, мақтанатын ештеңе жоқ. Сондықтан алдағы уақытта аудандарда ансамбльдер құрып, мәдениет саласын дамыту үшін жас мамандарды жұмысқа тарту керек, сондай-ақ қаржыны көбейту керек, — деді ол.

Облыс әкімінің орынбасары мәдениет мекемелері басшыларының жұмысына қанағаттанбайтынын айтып, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысына алдағы уақытта кадр мәселесін шешуде рейтинг жүргізіп, мекеме басшыларын аттестациядан өткізу керектігін ескертті.

Жиын соңында Ербол Нұрғалиев мәдениет мекемелері өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ бір топ мәдениет саласы қызметкеріне Алғыс хаттар табыс етті.

Данагүл ҚАЗИХАН.