Әлеумет

Өндіріс және әлеуметтік мәселелер

Ақтөбе рельс арқалығы зауыты ұжымы өткен жылды қалай қорытындылады? Алдағы міндеттер қандай? Облыстағы ірі кәсіпорындарының бірінен саналатын осы зауытта өткен жиында аталған мәселелер кеңінен талқыланды.

Зауыттың бас директоры Андрей Кузьмин өзінің баяндамасында кәсіпорынның өндірістік қызметіне кеңінен талдау жасап, әлеуметтік міндеттемелердің орындалуы туралы айтып берді.

Ақтөбе рельс арқалығы зауыты үдемелі индустриалды-инновациялық даму бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында құрылған инновациялық зауыт болып табылатыны көпшілікке мәлім. Жоғары жылдамдықтағы теміржол магистралі құрылысы үшін рельс шығарып, әлемдік стандарттарға сәйкес сапалы өніммен отандық кәсіпорындарды қамтамасыз етуді көздейтін бұл құрылым қазіргі уақытта белгіленген жоспарға сәйкес еңбек етуде.

— Зауыттың жобалық қуаты — 430 мың тонна дайын өнім шығару, оның ішінде 200 мың тонна рельс, 230 мың тонна прокат әзірлеу болса, осы міндет үдесінен шығу үшін еңбек етудеміз. Кәсіпорында еңбек ахуалы тұрақты, ұжым мүшелерінің еңбекке ұмтылысы жақсы. Алдыңғы жылмен салыстырғанда еңбек өнімділігі артты, өнім түрлеріне қатысты тиісті сертификаттар алынды. Ең бастысы — кедендік одақ талаптарына сай деңгейге көтерілдік. Өзіміздің электр станциямыз жұмыс істеуде. Мұнда өзіміздің қажеттілігімізден ауысқанын сатамыз,— деді бас директор көпшілік алдында сөйлеген сөзінде.

Қазақстан теміржолы ұлттық компаниясы негізгі тапсырыс беруші болып саналады, сонымен бірге Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Беларусь елдерінен де рельске сұраныс түсуде. Өнеркәсіптік және тұрғын үй құрылысы кәсіпорындарының сортты прокатқа қажеттілігі де қазіргі уақытта осы зауыт арқылы өтелуде. Теміржол рельстеріне экспорттық кедендік алымды төмендету бойынша мәселені оңтайлы шешуде жергілікті атқарушы билік тарапынан нақты шаралар алынды.

Кәсіпорын басшысы тапсырыс берушілер тарапынан есептесу мәселелесінде проблемалар орын алып тұрғанын тілге тиек еткенімен, жұмысшылардың еңбекақысын беруде, оларға әлеуметтік жағдайлар жасауда кідіріс жоқтығын және атап көрсетті.

Алдағы жылдың міндеттері қатарында өнімнің барлық түрінен болжамдалатын өндіріс көлемін 71,3 миллиард теңге көлеміне жеткізу туралы айтылды. Сондай-ақ, компанияның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін кәсіпорынды технологиялық жаңғырту да күн тәртібінде тұр. Өндірісті дамыту мен жаңғыртуға 5 миллиард теңгеден кем емес инвестиция тарту көзделуде. Тауарларды сатып алу, жұмыс пен қызмет көрсетуде қазақстандық құрамның үлесін 60 пайызға дейін жеткізу жоспары тұр.

Жиынға қатысып сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов өңірдегі өнеркәсіп саласындағы ахуалға шолу жасап, жалпы жағдай жөнінде айтып өтті. Сонымен бірге рельс арқалығы зауыты жұмысының қалыпты жүруі жолында облыс әкімшілігі тарапынан атқарылған шараларға тоқталды. Ол өндіріс көлемін одан әрі өсіру, инновацияны енгізу, өндірістік процестерді цифрландыру, мамандар даярлау, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, жұмысшылардың еңбекақысын өсіру тұрғысынан ойларын ортаға салды.

Өткен жылдан бері кәсіпорында кәсіподақ комитеті жұмыс істейді. Жиында кәсіподақ комитетінің төрағасы Ақниет Алданазаров жұмысшыларды әлеуметтік қорғау, оларға көмек көрсету, көпбалалы отбасыларға қамқорлық жөнінде айтты.

Жиынға қатысқан облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Виктор Пфаненштиль зауытта әлеуметтік пакеттің әр адам басына шаққанда қомақты қаржы құрайтынын тілге тиек етіп, бұл тұрғыдан көптеген кәсіпорындарға үлгі көрсете алатындығын мәлімдеді.

Жиын қорытындысында облыс әкімдігі, кәсіпорын басшылығы және аумақтық кәсіподақ бірлестігі арасында еңбек қатынастарын реттеу, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету мәселелерін қарастырған меморандумға қол қойылды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button