Басты жаңалықтарӘлеумет

POS-терминал орнаттыңыз ба?

Ел Үкіметінің 2016 жылғы 21 қазандағы Қаулысы бойынша арнайы салық ережесіне сай  жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар POS-терминал қолдануға және орнатуға міндеттелген болатын. Дегенмен, осы екі жылда барлық жеке кәсіп иелері кәсіпкерлік нысандарында аталған қондырғыны орнатқан жоқ.

POS-терминал — клиенттерге банк карталары арқылы қолма-қол ақшасыз төлем жүргізуге мүмкіндік беретін арнайы құрылғы. Бүгінде Ақтөбе қаласындағы барлық сауда, қызмет көрсету орындарында POS-терминал орнату жұмыстарына қадағалау күшейтілді.  

ТӨЛЕМНІҢ ЖАҢА ӘДІСІ: БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ 

Салық басқармасы мамандарының айтуынша, POS-терминал арқылы кез келген бизнестің кіріс-шығыс мәліметтері жіті назарда болады. Кассалық қондырғылар дүкендер, қонақүйлер, мейрамханалар, қоғамдық тамақтану және көлік жөндеу сынды барлығы 14 түрлі қызмет көрсету орындарында болуы тиіс.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Нағима Өмірбекованың айтуынша, 2017 жылдың соңындағы дерек бойынша облыста POS-терминалдар саны — 4889. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 20,3 пайызға көп.

Бұл мәліметтерге қарасақ, қолма-қол ақшасыз төлем жасауды таңдайтын тұрғындар қатары жыл сайын артып келеді. Алайда, кәсіпкерлердің барлығы бірдей өз жұмыстарында POS-терминалдарды қойған жоқ.

— Осыдан бір-екі жыл бұрын төлем карточкаларын қолданатын адамдар саны санаулы ғана болса, қазір POS-терминал сұрайтын немесе банкомат іздеп жүретін тұрғындар өте көп. Жалпы, Ақтөбе қаласындағы 7 жарым мыңға жуық сауда орнының 50 пайызы ғана аталмыш құрылғымен қамтылған. Дегенмен,  сауда орталықтарында бұл көрсеткіш өте төмен, — дейді қалалық мемлекеттік кірістер департаменті, тіркелмеген салық төлеушілермен жұмыс және шұғыл тобы бөлімінің басшысы Қуанышқали Шалаев.

ТАЛАП ОРЫНДАЛМАСА, АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙСІЗ

 POS-терминалдың барлық сауда орындарында орнатылуын салық органдары тексереді. Егер талап орындалмаса, заң бойынша 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

— Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінде POS-терминалдың болмағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Егер заңбұзушылық орын алса, ескерту беріледі, ал қайталанған жағдайда әкімшілік жаза күшейтіледі. POS-терминал жабдығы болмаған жағдайда 40 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл төленеді. Өткен айда Ақтөбе қаласындағы 56 сауда орнына ескерту жасалды. Сондай-ақ аталған тиісті шараларды түсіндіру мақсатында қаладағы Орталық базар, «Арай», Шығыс», «Мерей», «Алтай» сынды басқа да бірқатар сауда орталықтарындағы жалға алушы кәсіпкерлермен кездесу өтті.

Тексеру жұмыстары наурыз айында жалғасады, — дейді Қуанышқали Шалаев.

Жеке кәсіпкерлер POS-терминалдарды екінші деңгейлі банктер мен жеке компаниялар арқылы орната алады. Екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлердің өтініші бойынша жабдықтарды орнатып, оларды қолданғаны үшін  белгілі бір шамада төлемақы алады. Екінші деңгейлі банктердің тізімі Ақтөбе қаласы әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.  

КІМДЕР ОРНАТУҒА МІНДЕТТІ?

Осы орайда қандай кәсіпкерлер POS-терминалды орнатуы тиіс. Бұл қызмет түрлерінің тізімі Ел Үкіметінің 2016 жылғы 21 қазандағы №604 қаулысымен бекітілген. Олар:

  • Автокөлік пен мотоциклдердің бөлшек және көтерме саудасы, оларды жөндеу және техникалық қызмет көрсетуі;
    • Бөлшек және көтерме сауда;
    • Қонақүйлердің қызмет көрсетуі;
    • Мейрамхана және тағы басқа да тамақтану, сусын ұсынуды атқаратын орындардың қызметінде;
    • Жол жүру құжаттарын (билеттерін), әуе және теміржол көліктеріндегі жүк және жолжүгі түбіртегін сату;
    • Жүктерді көліктік өңдеу, қоймаға қою мен сақтау бойынша қызмет, тасымалдау мен жүк жеткізу бойынша көмекші қызмет көрсету;
  • Туроператор мен туризм саласында қызмет көрсететін өзге де ұйымдар (турагенттерден басқасы);
    • Сақтандыру саласындағы қызмет;
    • Денсаулық сақтау саласындағы қызмет;
    • Білім беру саласындағы қызмет;
    • Кинофильмдерді көрсету, бейне және телевизиялық бағдарламаларды тарату;
    • Фитнес, спорт клубтары, би алаңының қызметі;
    • Құмар ойындарды ұйымдастыру қызметі;
    • Боулинг пен бильярд ойын алаңдарының қызметі.

Айта кету керек, бұл міндеттеме тұрақсыз сауда нысандары арқылы қызмет жасайтын ауыл шаруашылығы және балық шаруашылығы өнімдерін өзі өсіріп, көтерме және бөлшек саудағы шығаратын өндірушілерге қойылмайды.

Р.S Салықтан жалтармау қажеттігін кәсіпкерлер жақсы біледі. Уақыттың талабына қарай бүгінгі күні алға қойылып отырған міндетті орындау бірінші кезекті шаруа.  Алайда, мұны жүзеге асыруға олардың барлығының бірдей шамасы жетіп жатқан жоқ. Қазіргі кезде мұндай кассалық құрылғы кәсіпкерлердің жартысында ғана орнатылған. Себебі, POS-терминалдың бағасы да арзан емес. Нарықтағы бағасы 90 мың теңгеден басталады. Мұндай қымбат дүниені, әсіресе, ісін енді бастап жатқан жас кәсіпкерлердің сатып алып, орнатуына жағдайлары көтере бермейтіні де белгілі…

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button