Басты жаңалықтарЭкономика

«60/15» жобасы және тәлімгер тәжірибесі

Кәсіпкерлік


Биыл Ақтөбеде жергілікті «60/15» пилоттық жобасы жүзеге асырылмақ. Бұл — кәсіпкерлерге берілетін  мемлекеттік грант бағдарламасының тиімді жүзеге асырылу тетіктерін қамтамасыз ету үшін ойластырылған жоба. Облыста жаңа пилоттық жобаның қалай жүзеге асырылатынын әрі оның шарттары туралы облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржановадан сұрап білген едік.     

— Жаңа бастамалар мен тың идеяларды жүзеге асыруда облыс тәжірибесі өзге аймақтарға үлгі ретінде айтылады. Енді кәсіпкерлік саласында «60/15» пилоттық жобасын жүзеге асыруды қолға алмақшысыздар. Бұл қандай қажеттіліктен туындаған жоба?

— Елімізде шағын және орта бизнесті дамыту — экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы. Бүгінде  бизнесті мемлекеттік қолдау мен кәсіпкерлер ісін тиімді жүзеге асыруда ешқандай кедергі жоқ. Қаржылай көмек іздеген кәсіпкер үшін мемлекеттік гранттар да тағайындалды.  Алайда, қайтарымсыз қаражатқа ие болғандардың қаржыны басқа мақсатқа пайдаланып, осының нәтижесінде мемлекеттік грант бағдарламасының тиімділігіне кедергі келтіретін мәселелер де жоқ емес. Нақтырақ айтсақ, грант қаражатын алып, жұмыс жасамай отырған кәсіпкерлер бар. Яғни, олар грант қаражатына алған қондырғысын сатып жібереді немесе сол қаржыға сатып алған малын сойып, жеп қойған жайттар да кездеседі. Грант қайтарымсыз қаражат болғандықтан, кәсіпкерлеріміздің арасында осындай қадамдарға баратын жайттар жиі ұшырасады. Осындай жағдайлардың себебінен мемлекеттік грант бағдарламасының тиімділігі кеміп, салдарынан бізде проблемалық кәсіпкерлер мәселесі көбейеді.

Біз жылма-жыл мемлекет тарапынан берілетін көмекті зерделейміз. Яғни, мұндай қолдаулардың қайсысы кәсіпкер үшін тиімді немесе кездесетін қиындықтарды оңтайлы шешу үшін тиімді өзгертулер енгізу мәселесіне көп көңіл бөлеміз. Яғни, мемлекеттен берілетін құрал халық сұранысына ие болуы керек. Біз осындай көмекті алу үшін халықты неғұрлым көбірек ақпараттандырып, бизнеске тартуда олардың санасын оятуымыз керек. Бүгінгі күні аудандарда кәсіпкерліктің мүмкіндіктері мол. Алайда, халықты кәсіпкерлікке ынталандыру, өзін-өзі жұмыспен қамтуын көтермелеу шарасы үлкен жұмысты қажет етеді.

Бүгінгі күні кәсіпкерлік саласын дамытуда мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмек жеткілікті. Оны алудың да сан түрі бар. Біздің міндетіміз — сол көмектің тиімділігін қамтамасыз етіп, осы құралға кәсіпкерлердің әлеуетін барынша арттыруымыз қажет. Сондықтан облыста жүзеге асырылғалы жатқан жергілікті «60/15» пилоттық жобасы бұл салада кездесетін осындай мәселелерді жойып,  мемлекеттік грант бағдарламасының тиімділігін арттыру мақсатында қолға алынып отыр.

— Бұл жобаға кімдер қатыса алады?

— Халықтың экономикалық белсенділігінің көрсеткішін 50 пайызға арттыру — мемлекет алдындағы басты міндет. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш республика бойынша — 30 пайыз. Халықты кәсіпкерлік саласында еңбек етуге жұмылдыру керек. Сондықтан бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізу міндеті жүктелген. Бұл орайда қалған 20 пайызды қайдан іздейміз деген сұрақ туындауы мүмкін. Мен айтар едім, экономикалық белсенді халықты біз жастар, әйелдер арасынан іздеуіміз қажет. Сол сияқты, ауыл шаруашылығы, инновация салаларынан іздестіруіміз керек.

Себебі, жастар тез бейімделгіш.

Қазір  «x», «y», «z» деген түсінік бар. X — бұл 60-80 жылдар аралығында туғандар болса, y — 80-2000 жылдар аралығында өмірге келгендер. Z — бұл 2000 жылдан бері қарай туғандар.  X-те туғандар қозғалуға, информатикаға көп бейімделе бермейтін, өзінің тұрған жерінде жұмыс жасағысы келетін жандар.  Ал «y» саласына келсек, бұл жылдары туғандар қала таңдамайды, олар үшін бәрібір, ақша тапса болғаны. Бұл жылдары туғандар әрбір қалаға бейімделгіш келеді. Яғни, олар мобильді, өзгеріске тез икемді болады. Z-тер — сандық технологияның адамдары. Олар — заманауи үдерістерге тез ілесе алатын жандар. Y саласындағы адамдар — маңызды. Қалтасында қаражаты бар адамдардың 60 пайызы — осы «y» санатындағы жандар. Тауар болмаса қызмет ұсынған кезде, осы «y» санатындағы жандарға көбірек бағдар жасауымыз керек. Бүгінгі күні кәсіп жасаған кезде, көп адам осы «y» санатындағыларға қызмет көрсетуге ұмтылады. Осы санаттағы адамдарды іздеуге тырысады. Сондықтан «y» санатындағы адамдарға көбірек көңіл бөлу керек.

Өткен жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастауымен Ресейдің Орынбор қаласына барғанымыз «60/15» жобасын жүзеге асыруымызға мұрындық болды. Жас кәсіпкерге тәлімгер тағайындау тәжірибесі Ресейде жақсы жолға қойылған. Сол сапарымызда кәсіпкер мен тәлімгердің бірлесіп жұмыс жасау процесін өз көзімізбен көрдік. Мәселен, Ресейдегі «Альянс» банктің директоры жас кәсіпкерге тәлімгер болып, оның бизнес-жобасын пысықтап, алдағы уақытта бұл жобаны іске асыруда банкирдің кәсіпкерге деген шынайы жанашырлығы мен қолдауы бізді тәнті етті. Банкирлер тәуекелге бару қадамын жақсы біледі. Сондықтан тәлімгер жас кәсіпкерге бизнесті дамытуда кездесетін кедергілер мен мүмкіндіктер жайын мұқият түсіндіріп, ақыл-кеңесін беріп жатты. Бұл тәжірибеден мен бизнесті дамытуда көп нәрсенің мықты тәлімгерге тікелей байланысты екеніне көз жеткіздім. Кәсіп бастаушы тәлімгермен бірге бизнесті жетілдіру жақтарын ойластырады. Мұндай тәжірибе бизнес бастаушыға көп нәтиже береді.

Тәлімгер тәжірибесіне сүйенген кәсіпкер Ақтөбеде де бар. Былтыр Ақтөбе қаласындағы «Азая» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  директоры Айнұр Бақтығалиеваның тәлімгері еліміздегі тәуелсіз сарапшы  Жанат Бердалина болды. Ол — Астананың тұрғыны. Астанада өткен экономикалық форумда модератор болған Жанат Бердалинаның ақтөбелік кәсіпкерге тәлімгер болғанын естігенде, өз басым қатты қуандым. Бұл кісінің экономика, бизнес саласында білген-түйгені көп. Сондықтан Айнұрдың  бұдан әрі де биік сатыға көтерілетінін сездім. Олар бірлесіп көп жұмыс жасады, нәтижесінде жетістікке де жетті.

«60/15» жобасын іске асыру Орынбор сапарынан кейін осындай тәлімгер тәжірибесі негізінде туындады. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін облыс бойынша 60 кәсіпкер мен 60 тәлімгер тағайындалады. Облыс әкімі грантын алу үшін үш кезеңнен тұратын конкурс нәтижесінде 60 кәсіпкердің арасынан ең мықты деген бизнес-жобалары және тың идеяларымен 15-і іріктеледі. Сондықтан бұл жобаны «60/15»  аталуының себебі осыған негізделген.

— Жоба шартына толығылар тоқталсаңыз?

— Комиссияның қатысуымен өтетін конкурсқа бизнес бастаушы мен тәлімгер қатар қатысады. Бірінші кезеңде 60 адамның 30-ы іріктеледі. Екінші кезеңге өткен командаға комиссия тарапынан жаңа тапсырмалар беріледі. Екінші турдан тек 15-і ғана өтеді. Сол 15-тің ішінен жеңімпазды анықтап, ең мықты жоба авторына облыс әкімінің 3 миллион теңге гранты беріледі. Бұл — қайтарымсыз қаражат. Ал қалған 14-і облыстық бюжеттен қарастырылған 40 миллион теңге грант қаражатын алу үшін басқалармен сынға түседі. Алайда, тәлімгер тағайындалған кәсіпкердің  грант алу мүмкіндігіне әбден дайындықпен баратыны ақиқат. Сондықтан кәсіпкерлік саласын жетілдіруде осындай тәлімгер тәжірибесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Бұл тәжірибе шетелде бар. Мәселен, мен Америка, Германия, Израиль елдерінде оқыған кезде, ондағылардың бизнесті жетілдіруде тәлімгерлік мәселелерге көп көңіл бөлетінін білдік. Бізде де бұл саланы дамытуда осындай жаңа тәжірибелердің еніп жатқаны — ел экономкасы деңгейінің көтерілуінің бір дәлелі.

Ендігі міндет — осындай шетелдік тәжірибені өз ісімізде барынша пайдаланамыз.

Себебі, біздегі жас кәсіпкерлер тәлімгер тәжірибесін тыңдайтындай деңгейге жетті.

— Грант беру үшін комиссия мүшелері қандай басымдықтарға мән береді?

— Елімізде жыл сайын кәсіпкерлер арасында  грант иегері атанып жатқандар бар. Арнайы бағдарлама бойынша кәсіпкерге 3 миллион теңгеге дейін грант алуына мүмкіндік қарастырылған. Бірақ, мұның да  бір кемшілігі бар. Грант — комиссия шешімімен берілетін қайтарымсыз қаражат. Сондықтан осындай мүмкіндікке қол жеткізу үшін бизнес-жобасын ұсынып, облыстың түкпір-түкпірінен кәсіпкерлер келеді. Мұндай кезде комиссияға жұмыс істеу қиынға соғады. Себебі, комиссияға аз уақыттың ішінде алдына бірінші рет келіп тұрған бизнес бастаушының деңгейін анықтау мүмкін емес. Яғни, оның бизнес-жобасы бойынша тауары сұранысқа ие бола ма, жоқ па, өнімі өтімді ме, өтімді емес пе деген мәселелер туындайды. Сондықтан бұдан былай грант алуға ниетті кәсіпкер конкурсқа әбден дайындықпен келеді. Ол үшін оған тәлімгер тағайындалады. Бұл — ашық конкурс. Конкурстың барысы баспасөз беттерінде жазылып, телеарналардан көрсетілетін болады. Бұл орайда тәлімгер өзіне моральдық жауапкершілік алады әрі ірі кәсіпкер болғандықтан, ол да өзінің абырой-беделі үшін аянып қалмай, бірігіп осы конкурсқа дайындалады. Тәлімгердің ақыл-кеңесімен кәсіп бастаушының құрған бизнес-жобасы тың идеяларымен ерекшеленіп, қоғамның қажеттіліктеріне сай болуы керек. Әрине, грант қаражатын істі әрмен қарай алып жүретін адамға берген тиімді. Грант қаражаты өз мақсатына жұмсалмаса, бағдарламаның тиімділігі түседі әрі оның сапасыз жүргізілуіне себеп болуы мүмкін. Осының салдарынан бізде проблемалық кәсіпкерлер көбейеді. Біз ол үшін мемлекет алдында жауап береміз. Мәселен, министрлікте өтетін жиында кейбір аймақтар гранттық бағдарламаны жабу керектігін, оның дұрыс жүзеге асырылмайтынын алға тартып жатады. Іс дұрыс жүрмей жатыр екен деп, мүлдем грант бермей тастауға болмайды. Грант берілсе, мүмкіндік болады. Сондықтан біз бұл бағдарламаны тиімді жүргізілу тетіктерін іздеп, табуымыз керек әрі грант қаражатының мақсатты жұмыс жасауына мүмкіндік туғызуымыз керек. Енді біздегі бұл іс «60/15» пилоттық  жобасы шеңберінде осылайша жүзеге асырылмақ.

Пилоттық жобаға қатысушылардың жас ерекшеліктеріне шектеу қойылмайды. Ең бастысы — бұл жобаға жеке кәсіпкерлігі жоқ жастар мен әйелдер, ауылдағы бизнес бастаушылар мен мүгедектерге ерекше басымдық беріледі.

Бір айта кететін жайт, қазір грант алуға ниетті алғашқы бизнес бастаушыға тәлімгер тағайындалды. Ол — Қарғалы ауданының Қосестек ауылының тұрғыны Ербол Сансызбаев. Жиырма жеті жастағы жігіт ауылдан тамшылатып суару әдісімен қара және қызыл қарақат егуді қолға алмақшы. Бұл істі ол кезінде грант иегері атанған ағасына еліктеп бастағалы отыр. Қазір бизнес бастаушының ағасы Айбек ауылда өнімділігі жоғары таңқурай егіп, үлгілі грант иегері ретінде танымал. Жиырма жеті жастағы Ербол Сансызбаевтың тәлімгері — Ақтөбе қаласындағы іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары, ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол Гүлнар Сағындықова.

Сұхбаттасқан Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button