Басты жаңалықтарЖастарСпорт

Қыздар футболы қызықтыра ма?

Бір кездері Ақтөбенің  футбол астанасы атанғаны ел есінде. Өйткені өңірдің теңбіл допшыларының жұлдызды сәттері аз болмады. Ақтөбеліктердің бұл спорт түрін ерекше ықыласпен сүйетіні де баршаға аян.

Жалпы, ерлер арасындағы футбол жөнінде түрлі сұхбаттар, ақпараттар БАҚ  беттерінде жиі жарияланып келеді. Дегенмен, әйелдер арасындағы аталған спорт жайы көп жағдайда айтыла бермейді. Мәселен, Ақтөбеде 8 жыл бойы қыздар футболы бөлімшесі жұмыс жасап жатқандығын біреу білсе, біреу естімеген болар. Біз бүгінде 70-ке жуық футболшы қызды жаттықтырып отырған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты №2 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде болып, мамандардан қыздар футболының бүгінгі жағдайын білген едік.

Бұрымдылар да доп тебе алады…

Біз барған кезде қыздар «Олимпиада резервінде» наурыз айында өтетін әйелдер арасындағы жоғарғы лига ойындарына дайындалып  жатыр екен. Облысымыздың құрамасын Данияр Қайырбаев жаттықтырады.  2010 жылдан бері футболдан қыздарды дайындап  жүрген жаттықтырушы бас кезінде  команда құру оңайға соқпағанын жасырмады.

Қай істің де бас кезінде қиыншылықтары болады. Бізге де оңай болмағаны рас. Өйткені, бұрын болмаған жаңа бір спорт түріне адам жинау шынымен қиынға соқты. Кейбір ата-аналар тарапынан қарсылық білдіргендер де болды. Бұл жұмысқа 2010 жылдың қыркүйек айынан бастап кірістік. Қазіргі кезде бізге толық жағдай жасалған деп айта аламын.

2017 жылдың жаз айынан бастап, «Олимпиада резерві» спорт кешенін жалға алып отырмыз. Бұған дейін кез келген жерде жүрдік, дайындалатын зал болмады. Ал қазір жағдай басқаша, қыздарымыз да жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Олар тарапынан қызығушылық та бар, — деді жаттықтырушы Данияр Қайырбаев. Оның айтуынша, бүгінге дейін ақтөбелік бұрымдылар 1-8 желтоқсан күндері Қарағанды қаласында өткен 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы футзалдан ҚР чемпионатында 1-орынды және әйелдер арасындағы республика чемпионатында 2-орынды иеленген. Сонымен қатар, Әсем Жақсымбай, Құндыз Қожахмет есімді ақтөбелік спортшы қыздар ҚР құрама командасының сапында ойнайды.

Негізінен, қыздар футболына қатысты біздің қоғамда түрлі пікір қалыптасқан. Футбол — халықтық ойын. Оны тек ерлер ойнау керек деген қатып қалған қағида жоқ. Мен жаттықтырушы ретінде бір нәрсені айта аламын. Байқап қарасаң, ерлерге қарағанда қыздардың психологиясы мықты болып келеді. Олар тез ойланады. Әрі шаршы алаңда ерекше әдемі көрінеді, дейді Данияр Қайырбаев.

 Демеуші болса, қыздар футболының ғұмыры ұзақ болар еді…

Жаттықтырушының берген мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде өңірде әртүрлі жас аралығында барлығы 70-ке жуық футболшы қыз бар. Дегенмен, қыз балалар бұл спорт түріне тек хобби ретінде ғана қарап, кейін жиырма жасқа қарай материалдық жағдайларына байланысты тастап кетеді екен. Өйткені әрі қарай оқу оқып, жұмыс жасап, жалақы табу керек. Осы мәселені алға тартқан қыздар футболының әдіскер-нұсқаушысы Болат Әшірбеков қыздар футболының одан әрі өрістеуі үшін демеуші болса дейді.

Нәтижелеріміз жаман емес. Дегенмен, бір мәселе бар. Біздің спорт мектебінде тәрбиеленген футболшы қыздар бел ортасына келгенде тоқтап қалады. Өйткені әрі қарай ойнап, ересектермен сынға түсуге біздің мектептің күші жетпейді. Сондықтан аталмыш спорттың ілгері қарай дамуы үшін қаламызда қыздар футбол клубы ашылса деймін.  Шымкенттік «Биік-Қазығұрт» сияқты тым жақсы қыздар клубы болса, нұр үстіне нұр болар еді. Өткен жылы бір топ кетті, биыл 21-22 жас аралығындағы 9  қыз жұмысқа шығып кетті. Демеуші болса, біз әрі қарай жұмыс жасай беруге дайынбыз, — деді Болат Әшірбеков.

Әсем Жақсымбай, футболшы: Әлемге әйгілі футболшы болсам деймін…

Жаттығу барысында жас футболшы, ҚР құрама командасының сапында ойын көрсетіп жүрген Әсем Жақсымбаймен де тілдескен едік. 2011 жылдан бері доп теуіп жүрген Әсем Ақтөбе кооперативтік колледжінің дене шынықтыру мамандығы бойынша 3-курсында оқиды. Болашақта әлемге әйгілі футболшы болсам деп армандайды.

─ Қыздар футболы әлемде жақсы дамыған. Әлем чемпионаттары, құрлық біріншіліктері өткізіліп тұрады. Біздің Қазақстанда енді-енді дамып келе жатыр десе болады. Дегенмен, бүгінге дейін жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Өзім мектеп жасынан бастап, футбол ойынын ойнап келе жатқандықтан, болашағымды да осы спорт түрімен елестетемін. Басты мақсатым — еліміздің атын шығару, — деді Әсем Жақсымбай.

Айта кетейік, аталған спорт түріне қызығушылық танытқан 7-9 жастағы қыз балалар кез келген уақытта бастапқы даярлық тобына қабылданып,  жаттығу жұмыстарын жүргізе алады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.


Футбол тарихын білесіз бе?..

(интернет материалдары бойынша әзірленді)

            Футбол тарихы XII ғасырдан басталады. Алғаш рет Англияда дамыды. Саяхатшы Гастон де Фуа өз заманында футболды бар ынтасымен бақылап, «Ағылшындар футболды ойын деп есептесе, онда төбелесті не дейді?» деп жазып кеткен екен. Футболға қарсылық көрсеткендер болды. Мысалы, шіркеудегі діндарлар футболға тыйым салынуын талап еткен екен. Өйткені бүгінгі күнге дейін футбол өте қауіпті ойын саналып келеді.

  • 1313 жылы белгілі феодал Эдуард II қала ішінде футбол ойнауға шектеу қойған. Тіпті 1314 жылдың 13 ақпанында король Лондон қаласында футболға қарсы шаралар қолданған деседі.
  • 1389 жылы Ричард II патша сарайы маңында доп тепкендерді өлім жазасына кескен. Патшаға бірнеше мәрте рұқсат сұрап барған футбол жанкүйерлері әрқашан жағымсыз жауап алып отырған.
  • Футболға тыйым салған патшалар тізімі төмендегідей: Генрих IV 1399-1401, Генрих, V 1413 – 1433 ж. Генрих VI 1449-1451 ж. Эдуард IV 1471 ж. Генрих VII 1491 ж. ал Генрих VIII ойыншыларға шектеу қойып қана қоймай, алаң иелеріне тыйым салып, салық салған. Бұндай қатаң қағидаларға мойымаған халық футбол ойнаудан бас тартқан жоқ.

Жігіттер жағы не дейді?

Мерей ҚҰПЖАН:

─ Қыздар футболы әлемде жақсы дамыған. Әлем чемпионаттары, құрлық біріншіліктері өткізіліп тұрады. Біздің Қазақстанда енді-енді дамып келе жатыр. Құрамамыз көзге ілігіп ойнамаса да, шымкенттік «Биік-Қазығұрт» сияқты тым жақсы қыздар клубтары доп теуіп жүр елімізде. Аталған команда Еуропада да елімізді оң жағынан танытып келе жатқан ұжым.  Десек те, инфрақұрылым, жасыл алаң сынды дұрыс жағдайлар жасалып, әйелдер құрамамыз да, клубтарымыз да xалықаралық талаптарға сай келетін дәрежеге жетеді деген сенім жоқ емес.

Нұрсұлтан ҚАНИЯТОВ:

Соңғы жылдарда әлемде қыздар арасындағы футболға кең көлемде назар аударылуда. Түрлі жастағы қыздар арасында әлем чемпионаттары, олимпиада ойындары, сондай-ақ түрлі халықаралық турнирлер өткізілуде. Елімізде де аталған спорт түрі бойынша нәзік жандылар арасында кең көлемде чемпионаттар өткізіліп жүр. Қыздар арасындағы футболды дамытуға үлкен көңіл бөлініп, қазіргі таңда қыздарымыз жақсы нәтиже көрсетуде. Әрине, әлемдік деңгейде үлкен қолдау тапқан бұл спорт түрінен қазақстандық қыздардың өз орны болуы тиіс деп есептеймін. Сондықтан қазақ қыздары жақсы ойын өрнегін көрсетіп жатса, оның ешқандай айыбы жоқ шығар деп ойлаймын. Қазақ бұрымдыларын биік белестерден көреміз деп сенемін.

Мирас МӘЛІКҰЛЫ:

Спортпен шұғылданған ешқашан ешкімге артықшылық етпейді. Мейлі, қандай спорт түрі болмасын, алдымен ол денсаулық кепілі. Сондықтан жеке басымның қыздардың футбол ойнауына еш қарсылығым жоқ.

Даян ЖОЛМҰХАМБЕТОВ:

Өзім футбол ойынын аса жақсы көремін деп айта алмаймын. Сондықтан спорттың бұл түрі жөнінде менде ақпарат аз.  Әрине, қыз балаға футболдан гөрі, гимнастика немесе теннис ойындары жарасатын секілді.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button