ЖаңалықтарҚұқық

Қоғамдық көлік жүргізушілері жауапқа тартылды

Былтыр облыста қылмыстық құқықбұзушылықтың деңгейі 19,8 пайызға азайды. Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қаныбек Жақсығалиев 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары және құқықтық тәртіптің жағдайы туралы өткізген брифингте мәлім болды.

Брифингте Қ.Жақсығалиев өткен жылғы қылмыстың деңгейін әрі қоғамда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің жағдайын 5 бағыт бойынша баяндады. Облыста қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қозғалысы мәселесі мен жасөспірімдер арасында қылмысқа қарсы профилактикалық жұмыстар жүргізу, учаскелік инспекторлардың есебінде тұрған бұрын сотталғандармен жұмыс жүргізудің барысы әрі құрылымның материалдық-техникалық базасына жергілікті полиция қызметінің бастығы жеке-жеке тоқталды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста қылмыстық құқықбұзушылықтың жалпы тіркелу деңгейі 19,8 пайызға азайды. Яғни 2016 жылмен салыстырғанда 3 мың қылмыстық дерек кем тіркеліп отыр. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда  қылмыс деңгейі 11,9 пайызға азайды. Оның ішінде, көшеде орын алатын қылмыстық жағдайлар 20,5 пайызға қысқарды, — дейді Қ.Жақсығалиев.

Сонымен қатар, былтыр облыста ұрлық, бұзақылық, сондай-ақ адам өлтіру, денсаулыққа зақым келтіру секілді  жағдайлардың орын алуында да салыстырмалы түрде төмендеушілік бар. Қ.Жақсығалиев жол-патрульді полиция қызметкерлерінің қылмыстың ізін суытпай ашудағы, ювенальды полиция инспекторларының жұмыстары нәтижелі жүзеге асырылғанын ерекше атап өтті. Брифингте халықтың қауіпсіздігін сақтаудағы құқық қорғау органдары тарапынан жүргізіліп жатқан іс-шаралар жайы да баяндалды. Есепті баяндамада облыста мал ұрлығына қатысты жағдайдың 21 пайызға азайғаны белгілі болды.

Облыста мал ұрлау көрсеткіші төмендегенмен, біз ауыл шаруашылығы басқармасы, ветеринария бөлімдерімен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Яғни, малды таңбалау, құжатын әзірлеуі керек. Өткен жылы жол-патрульді полиция мамандары 100-ге жуық азаматтың етті және малды құжатсыз тасымалдау дерегін анықтады, — деді құрылым бастығы.

Брифингте жастар арасындағы қылмыс, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы, жол-көлік оқиғаларына қатысты да нақты деректер келтірілді. Есепті кезең ішінде жол-көлік оқиғасының 8 пайызға кемігені айтылды. Есесіне, көлік апатынан көз жұмғандар саны 7 пайызға артқан. Яғни, былтыр облыста 76 адам жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан. Былтыр балалардың қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғасы 2016 жылмен салыстырғанда 13,1 пайызға азайған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан көз жұмған кәмелетке толмағандар саны 2016 жылдың деңгейінде қалып отыр. Яғни 3 бала көлік оқиғасы салдарынан көз жұмған.

Қаныбек Жақсығалиевтің айтуынша, жалпы қылмыстың 75-80 пайызы облыс орталығында орын алады. Қылмыстық жағдайлар моноқала мәртебесіне ие болған Хромтау, сол сияқты Қандыағаш және Алға қалаларында жиі тіркеледі.

Былтыр облыста 2000-ға тарта қоғамдық көлік жүргізушісі  жол жүру ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылған. Яғни жол жолақтары тәртібіне бағынбай, ұялы телефондарды қолдану, шылым шегу деректеріне қатысты жүргізушілерге әкімшілік жаза қолданылыпты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button