Басты жаңалықтарМәдениет

Тарихи-өлкетану музейі биыл пайдалануға беріледі

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылысы барысымен танысты. Мұнда атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, ғимаратты пайдалануға беру уақытын нақтылады, сондай-ақ құрылысшыларға қажетті тапсырмалар берді.

Бұл құрылыс жұмысы Батыс-2 шағын ауданында 2016 жылдың тамыз айында басталды, жоспар бойынша биыл пайдалануға берілмекші.

Музей құрылысының инвесторы — «Алтын қыран» қоғамдық қоры.

— Музейде тоғыз экспозиция залы қызмет ететін болады, олар заманауи жабдықтармен және технологиямен жарақтандырылады, — деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева. — Ғимараттың төменгі қабаты көркем шеберхана мен қалпына келтіру-консервациялық жұмыстарына, қор сақтау бөліміне беріледі.

Басқарма басшысының айтуынша, мұнда негізгі сыртқы жұмыстар аяқталған. Енді ғимарат аумағын көріктендіру жұмыстары жүргізілуде. Музей іргелес орналасқан Мұз сарайының дербес қазандығы қызметін пайдаланатын болады.

Музейді экспозициялық-көркемдеу жұмыстары мен музей қорларын орналастыру — алдағы күрделі міндеттердің бірі.

Музей қорында 110 мың шамасында экспонат болады деп күтілуде. Онда минералогия, палеонтология, ботаника, археология, декоративті-қолданбалы өнер бойынша құнды коллекциялар, сондай-ақ сирек кездесетін кітаптар, архив құжаттары және фотоматериалдар болады.

Нұр ДАБЫЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button