ЖаңалықтарСпорт

Чемпиондарға сый жасалды

Облыстағы жекпе-жек спортының федерациялары өткен жылды қорытындылап, биылға құрған жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, чемпион атанған бірнеше спортшыларға құрмет көрсетілді.

Есептік баспасөз жиынына облыстық спорт басқармасының қызметкерлері, қоян-қолтық ұрыс, панкратион, грепплинг, джиу-джитсу, жекпе-жек, ММА бойынша облыстық федерациялардың басшылары, сондай-ақ, аталған спорт түрлерінен жеңіске жеткен чемпиондар қатысты.

— Біз үшін өткен жыл өте табысты болды. Түрлі деңгейдегі жарыстарда жерлестеріміз жүлделі орындарды алып келді. Сонымен қатар, Ақтөбеде жастар арасында Қазақстан Кубогына арналған сайыс өтіп, командалардың арасынан I орынды еншіледік. Әлем, Азия чемпиондары атанған ақтөбелік жігіттер бар. Олардың арасынан Жұбаныш Бағдат, Мирас Ұлықпанов,  Ринат Әбілқайыров, Амандық Әбілдиев, Дәурен Ермековтерді ерекше  атап өткім келеді.

Осы жылғы жоспарымыз  — ел біріншілігінде Ақтөбенің намысын қолдан бермей, жақсы нәтижеге қол жеткізу. Артынша әлем чемпионатына қатысу, — деді облыстық жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының президенті Әліби Сарин.

Жалпы, былтыр жекпе-жек спортшылары үшін нәтижелі өтті. Айталық, аралас жекпе-жек бойынша Қазақстан құрамасының тең жартысын жерлестеріміз құраған. Бұл, сөзсіз, айтуға тұрарлық көрсеткіш.

Сонымен қатар, басқосу соңында облыстық жекпе-жек сайысы федерациясының президенті Талғат Құтлыбаев жоғары нәтиже көрсетіп жүрген спортшыларға алғысын білдіріп, сый-сияпаттар жасады. Атап айтсақ, жекпе-жек сайысының ҚР чемпиондары Гүлбану Шоқпарова мен Меруерт Ткебаеваға фитнес клубқа жылдық абонемент берілсе, Айдын Төлепбаев, Дмитрий Пилипенко, Сергей Сидоровқа ақшалай сыйлықтар тарту етілді.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button