ДенсаулықЖаңалықтар

Дәрі-дәрмектің бағасы тұрақты болады

Меморандум

Ең қымбат дәулет — адам денсаулығы. Осы ретте дәрі-дәрмектің алатын маңызы зор. Бұл мәселе облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұдайы бақылауында тұрғаны да белгілі. Өткен жылғыдай, биыл да атқарушы билік дәрі-дәрмектің бағасын көтермеу туралы осы сала басшыларымен келісімшартқа отырды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті, облыстық фармацевтикалық қызметті қолдау қауымдастығы, дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар  мен медициналық техниканы сараптау ұлттық орталығы және облыстық денсаулық сақтау басқармасы бірлесіп бағаның өсуін ұстауға байланысты жыл ішіндегі атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды және ағымдағы жылдың меморандумына жаңа тізімді ұсынды. Бұл аталған кеңеске облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысты.

Дәрі-дәрмекпен қамтудың жайы және бағасы облыс әкімінің тұрақты бақылауында екенін атап көрсете келіп, департамент басшысы Ринат Кубатаев:

— Өткен жылғыдай, биылғы жылы да біздің облыс еліміз бойынша бірінші кезекте меморандумға қол қойғалы отыр. Тұрғындардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігін қолдау мақсатында өткен жылы ақпан айында бағаның өсуін тежеуге байланысты меморандум қабылданған еді. Ал мұндай шара республикада мамыр айында алынғанын білесіздер. Ел бойынша қабылданған меморандумның тізіміне кірген дәрі-дәрмектің 10 түрі бізде арзан, ал қалғаны республикалық деңгейде болды, — деп атап көрсетті.

Осында айтылғандай, өткен жылғы меморандумда облыс әкімдігі, Ақтөбе облысы фармациевтикалық қызметті қолдау қауымдастығы мен медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті арасында 106 дәрілік заттар мен  медициналық мақсаттағы бұйымдарға бағаның өсуін ұстау мақсат етілген еді. Кеңесте өткен жылдың қорытындысы туралы есеп берген тараптар бұл міндеттің толық орындалғанын, жыл ішінде дәрі-дәрмек бағасының ауытқуы болмағанын мәлімдеді.

Өйткені осындай табысқа жету жолында біраз ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, іскерлік шаралар атқарылған болатын. Ол үшін облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің облыстық департаментінің, «Нұр Отан» партиясының облыстық және қалалық мәслихаттарының депутаттарының, жас қанат «Жас Отан» қауымдастығының, қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен жеті жұмыс тобы құрылды.

Осы құрылған топтармен Ақтөбе қаласында орналасқан дәріханаларға меморандуммен бекітілген тізім бойынша дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағаларына мониторинг жүргізу үшін рейдтер ұйымдастырылды. Осы жүргізілген рейдтер кезінде жоғарыда аталған меморандуммен бекітілген тізім бойынша дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағалары өзгерген дәріханалардың басшыларына ескерту жасалып, бағалар тізімдегі бағамен сәйкестендірілді.

Бағаны тұрақты ұстап, өсуіне жол бермеу мақсатымен бірге, бұл сала мамандарына облыстың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына қолдау жасап, көмекке мұқтаж жандарға демеушілік көрсету міндеті де қойылды. Жыл ішінде бұл міндет те ойдағыдай шешілді, қайырымдылық шаралары көп болды. Сонымен қатар, облыстың дәріханаларында зейнеткерлерге, мүгедектерге және мүмкіншіліктері шектеулі жандарға жеңілдіктер қарастырылды.

Жыл ішінде дәрі-дәрмек саудасымен айналысатын кәсіпкерлер мен мамандар, дәріхана жетекшілері тұрғындармен кездесіп, меморандумның орындалу барысы жөнінде есеп беріп отырды. Дәрі-дәрмек саудасымен айналысатын бірқатар кәсіпкерлер «Мектепке жол» бағдарламасына байланысты, төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккендерге демеушілік жәрдемдер көрсетті. Дәрі-дәрмек бағасын жеңілдікпен берген жағдайлары жиі болды.

Жыл ішінде сырттан келген дәрі-дәрмектің бағасының әртүрлі болу жағдайлары да кездесті. Бұл жөнінде тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, түсінік берілді. Әр елден, әр өндірістен шығарылатын дәрі-дәрмектің бағасында айырмашылықтар болатыны айтылды.

Дәрі-дәрмек ісімен шұғылданатын бизнес иелерінің, кәсіпкерлердің еңбегі, тұрғындарға көрсеткен қайырымдылық шаралары ескерусіз қалған жоқ. Осы кездесу кезінде марапатқа ие болған осындай бір топ кәсіпкерлерге облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button