ДенсаулықЖаңалықтар

Медициналық кластерді дамытудың стратегиясы жасалды

«Ақтөбе облысында медициналық кластерді дамыту стратегиясы жасалды» деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Облысымызда Ақтөбе медицина орталығын одан әрі дамытудың бес жылдық стратегиясы жасалды. Құжаттың жобасы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев төрағалық еткен кеңес барысында таныстырылды.

2018-2022 жылдарға арналған дамудың стратегиялық бағдарламасы, бірінші кезекте медициналық кластерді одан әрі тиімді өрістетуге бағытталып, халықаралық сарапшылардың қатысуымен жасалды.

— Бұл үшін медициналық қызметтің жоғары технологиялық үлесін ұлғайту, ішкі медициналық туризмді дамыту, кластер құрайтын субъектілер мен Ақтөбе медициналық орталығын халықаралық тіркеуді қосатын инфрақұрылымдық жаңғырту жоспарлануда, — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Облыс әкімі медициналық кластер дамытудың стратегиялық бағдарламасында қарастырылған, медицина саласында жоғары кәсіби мамандар командасын құрудың маңыздылығын атап көрсетті. Облыс басшысы аталған міндеттерді жүзеге асыруға белсене қатысуды М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан  мемлекеттік медицина университетінің басшылығына тапсырды.

— Медициналық кластердің басты көрсеткішінің нәтижелері облыс тұрғындарының денсаулығының көрсеткішінің және медициналық туризмнің дамуының жақсаруымен айқындалады. Алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін бірлескен жұмыстар, медициналық салалардың барлық субъектілерінің іс-қимылы қажет, — деді Б.Сапарбаев.

Медициналық кластер құрауды негізге алып «Ақтөбе медицина орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылған сәттен бері бір жылдан сәл астам уақыт өткені белгілі. Әсет Қалиевтің айтуынша, кластерлік саясатты жүзеге асыру медицина мекемелерінің қызметтерінің сапасы мен тиімділігін арттырды. Ең алдымен, еңбек өнімділігін ұлғайту қамтамасыз етіліп, диагностика мен емдеу сапасын  жақсартты. Мұнымен бірге, жоғары технологиялық медициналық қызмет ауқымы кеңейді, стационарлық медициналық көмек ұйымдастыруда халықаралық стандарттарды енгізу қамтамасыз етілді.

Медициналық кластердің тиімділігін қамтудың бір көрінісі — оның қызметіне мемлекеттік-жеке серіктестік негізде шетелдік әріптестік қызметтің қатысуы болды. Мұның өзі денсаулық сақтау саласында кластер құрудың шешуші құралы екені даусыз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button