Құқық

Татуластыру рәсімі — төте жол

Сот

Қазіргі кезде сот процестері барынша ашық және халыққа қолжетімді. Кез келген адам тікелей не заманауи технологияларды пайдаланып сотқа арыздана алады, азаматтардың өз құқықтарын сотта қорғауына кедергі жоқ.

Сонымен қатар бүгінгі күні соттар алдында дауды шешудің баламалы жолдарын кеңінен қолдану міндеті тұр. Даудың шешімін татуластыру рәсімдерін пайдалану арқылы табу іске қатысушылардың өздеріне тиімді екені түсінікті.

2015 жылғы 31 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 17 тарауы толықтай татуластыру рәсімдеріне арналған.

Осы кодекстің 174-бабына сәйкес сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданады, дауды процестің барлық сатыларында реттеуде оларға жәрдемдеседі.

Тараптар татуласу келісімін, дау-жанжалды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап не осы Кодексте белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады.

Бүгінгі күнгі қалыптасып отырған жағдай соттардан татуластыру рәсімдерін, медиацияны кеңінен қолдану жұмыстарын жандандыра түсуді талап етеді.

Осы бағытта Темір аудандық сотында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Атап айтқанда, 2016 жылы аудандық сотта 8 азаматтық іс татуласу келісімін жасау, 11 іс медиацияны қолдану, яғни барлығы 19 іс татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы аяқталған болатын. Ал 2017 жылдың қорытындысы бойынша аталған көрсеткіш 49 азаматтық істі құрады.

Дегенмен бүгінгі күн талабымен қарағанда бұл төмен көрсеткіш, алдағы уақытта татуластыру рәсімдерін барынша кеңінен қолдану қажет. Себебі татуластыру рәсімдері өзінің өміршеңдігін, дауды шешудің ең төте және тиімді жолы екендігін көрсетіп отыр.

 Н.БАҚТЫҒАЛИЕВ,

Темір аудандық сотының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button