Ауыл

Ауылдың әлеуметтік мәселесі шешілуде

Егемендік алғаннан бері еліміздегі ауылдардың жағдайы жақсара түсуде. Байғанин ауданы Қызылбұлақ ауылдық округіне қарасты Бұлақтыкөл елді мекенінде жүздей отбасы бар. Бұл ауыл тұрғындары 1934 жылы отыз шақты үй Бас оймауыттан осы жерге көшірілген. Не себепті екені белгісіз. Кезінде Бұлақтыкөл маңында бірнеше көл болған. Әкелеріміз Қаракөлге ат жүзетін еді дейді. Сол секілді Қамыстыкөл, Балапандыкөл, Жуалыкөл ел қонған құтты мекен болған. Өзіміздің көзіміз көрген Қоскөл деген болды. Шаруаға қолайлы еді. Бірақ мұның бәрінің қоршаған ортаға байланысты орны ғана қалды. Колхоз, совхоз кезінде де шаруасы дөңгеленіп жүрді. Мал шаруашылығын өркендеткен бірнеше Социалистік Еңбек Ерлері шықты. Қандай да болсын жағдайға қарамастан еңбек үлгісін танытты. Бірақ су тапшылығынан көп қиындық көріп келді. Мен осы ауылда он төрт жыл зоотехник және он жыл ферма меңгерушісі болып жұмыс жасадым. Орталықта тұщы су болмағандықтан көлікпен тасып беріп отырдық. Қысы-жазы талай қиындық болды. 2014 жылы ауылға екі километр қашықтықтағы 160 метр тереңдіктен су көзімен қамту қолға алынды.

Оған қуандық. Алайда көп ұзамай суды тұндырса бетіне май, яғни мұнай қалдығы шыға бастады. Қайнатса қызаратын болды. Алдыңғы жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев біздің ауылға ат басын тіреп, жағдаймен танысты. Содан кейін суды тұщытатын қондырғы орнатты. Бүгінде соның рахатын көріп отырмыз, облыс басшысына алғысымыз шексіз. Енді екі қатарлы мектеп салынуда. Көп ұзамай биылғы жылы аудандағы Жарлы, Бұлақтыны, Кемерши, Жаңабай аудандарында көгілдір отын беріледі деген жақсы әңгіме бар. Жағдай жасалса көшіп-қону азаятынына сенімдімін. Әлі де болса ауыл жастарында еңбекке деген құлшыныс аздау екендігі ойлантады. Қазір жұмыс істеймін дегендерге, кәсіп ашатындарға бар мүмкіндік қарастырылған. Сондықтан туған жерді түлету ортақ мақсат демекпін.

Мұса ҚОЖАБАЙҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button