Құқық

Сыйлық алсаң, айыппұл төлейсің

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің  өкілдері мемлекеттік мекемелерге рейд жүргізді.

Мақсат — мекеме қызметкерлерін мереке қарсаңында сыйлық алмауға шақыру, жемқорлықтың алдын алу. Департамент қызметкерлерімен бірге арнайы құрылған мониторинг топтың мүшелері және БАҚ өкілдері де рейдке шықты. Олар бірнеше бағыт бойынша қаладағы барлық мемлекеттік мекемелерді аралап, профилактикалық мақсатта түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

— Мемлекеттік қызметкерлерге  ешқандай сыйлық алуға болмайтынын айтып,  ескерту береміз. Мәселен,  қорап кәмпит пен  бір құты аққайнарға қызығып, оны сыйлық ретінде алса,  ол адам 600 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 1 миллион 300 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді. Ал берген адамға 200 айлық есептік көрсеткіш, яғни 600 мың теңге көлемінде айып салынады. Сыйлықтың құны — 1 теңгеден 4 200 теңгеге дейінгі аралық. Егер 4 200 теңге көлемінде сыйлық алса, мемлекеттік қызметші айыппұл төлейді, ал одан асып кетсе, үстінен қылмыстық іс қозғалады. Біз үнемі осыны тиісті орындарға айтып жүреміз, — деді департамент басшысы Қайыржан Тоқышев.

Арнайы құрылған жұмыс тобы қаланың әр аумағындағы мемлекеттік мекемелерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Департаменттің бас маманы Қайрат Акиев бастаған топ ҚР Ұлттық экономика министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті, Ақтөбе қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, ҚР Энергетика министрлігі мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитетінің Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті және облыстық  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына барды. Қайрат Акиевтің айтуынша, түсіндіру жұмыстарынан кейін тәртіп бұзғандар болса, жазаланады. Жалпы ұсақ сыйлықтар алу, қызметтік көлікті пайдалану секілді деректер жиі кездесетін көрінеді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button