Мәдениет

«Екі езу» езу жиғызбады

Өнер орталығында «Құтты болсын!» атты мерекелік концертін өткізген «Екі езу» театры Ақтөбе облысының жетістіктерін қорытындылады.

Биылғы концерттің ерекшелігі театр құрылымы да, құрамы да өзгерген. Бұрын драма театр жанында жұмыс жасаған өнер ұжымы бүгінде облыстық филармонияға қарайды. Сондай-ақ сатира театры биыл пайдалануға берілген Өнер орталығында жұмыс жасайды. Қазір ұжымның одан әрі дамуына мүмкіндік жасалып отыр. Осыны пайдаланған екіезуліктер еншілерін алған бойда ауыл-аймақты аралап кетті. Шалғай елді мекендерге гастрольдік сапарларда жаңа қойылымдарын ұсынған Нұрлыбек Жұбатқанның командасы Ақтөбе тұрғындарымен кездесуге де тыңғылықты дайындалған.

Концертте 1200 орын лық толды. Кең сарайда өткен концертке көрермен әдеттегідей емес, құшақ-құшақ гүл шоқтарын алып, дайындықпен келген.

Концертті өнер ұжымы «Құтты болсын!» тілек-әнмен бастады. Нұрлыбек Жұбатқан бастаған әртістер тобы облыстағы жетістіктерді тізбелеп, әрқайсысына «Құтты болсын!» айтты. Жуырда Елбасының қолынан «Отан» орденін алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевты, «Құрмет» орденін алған Ертай Ашықбаевты марапатымен құттықтады. Биыл іске қосылған әлеуметтік нысандар туралы сөз қозғап, Ақтөбенің атын алыс та жақын шет мемлекеттерге танытып жүрген жерлестердің жетістіктерін айтты.

Концертте «Екі езу» көрермендерін жаңа қойылымдарымен қуантты. Әділдік үшін күрес, сыбайлас жемқорлық, тәртіп сақшыларының тәртіпсіздігі, денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктерді айтып, қалың көпшілікті әзілмен күлдіре отырып, астарлы ой тастады.

Шарада өнер ұжымын қолдап, облыстық филармония жанындағы хор мен эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Жаңа бағдарламамен шыққан театрдың биылғы тағы бір жаңалығы — қатарына қырғыз әртісі Әбді Жоңышбайдың қосылуы. Аға буын көрерменге «Катямен диалог» арқылы жақсы таныс актер Ақтөбеге қатысты интермедиялар ұсынды.

Кешті елге танымал сатирик, «Екі езу» театрының досы Көпен Әмірбек пен әнші, сазгер Алтынбек Қоразбаев қорытындылады. Қонақкәде ретінде олар ақтөбеліктерге өз өнерлерін көрсетті. Алматыдан келген қонақтар өнер ұжымына, жалпы Ақтөбе облысына «Құтты болсын!» айта келген.

 Асқар Ақтілеу.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button