Басты жаңалықтар

Біздің газеттің бикелері

Қолға қалам ұстаған соң әр сөздің астарына үңіліп отырасың ғой. Алғашқы қарқынмен бике деп жазып қойғаныммен, осы ұғымға қатысты көңіліме аздаған күдік кіріп, түсіндірме сөздікке үңілгенмін. Сөйтсем, бике деп қазақта аяулы ана, қадірлі әйел адамды атайды екен.

Сонымен, ендігі сөз біздің газеттің бикелері туралы.

Қазақта «Тең-теңімен, тезек қабымен» деген сөз бар. Сонау сексенінші жылдардың басында оқу бітіріп келгенімізде, редакцияда біраз апайлар қызмет атқарады екен. Газеттің машина басу бөлімінде Жаңылай Құлбекова, Алма Төлепбаева, кітапханада Әмина Айтмағамбетова, корректурада Жәния Боранбаева, Мәруа Мұхтаровалар сол тұста бізге егделеу көрінгенімен, өздерінің тұстастары болып келетін журналист ағаларымызбен жұмыс барысында әзілдесіп-қалжыңдасып жүргенде оған біз де мәз болып, кейде араларына кірігіп те кететінбіз.

Олардан кейінгі машинисткалар Жәмила Жакиенова, Алтын Қарағұлова, Құлпырған Құсайынова, сондай-ақ қабылдау бөлмесінің тізгінін ұстаған Қазима Иманғазиева, Ләззат Қойшығұлова, Наташа Савенко, корректура жағындағы Айғаным Мәмбетова, Ажар Тасқалиева, Гүлнәр Едігенова, Ырысты Қазиева, кітапханашы Света Сүбалиева, хат тіркеуші Қарашаш Наурызбаева, Бақтылы Ерғалиева, есеп-қисаптың үйлестірушілері Шолпан Ахметқалиева, Асылтас Бисенғалиевалар алдыңғы толқын ізімен ілгерінің жұмыстағы жақсы дәстүрлерін жалғастырды.

Ал журналист апайларымыз Зияш Телеуова, Күләш Қаракеева, кейінірек қатарға қосылған Зәуреш Басығараева жігіттерден кем жазбайтынын дәлелдеу үшін жанталаса еңбек етіп жүргендей көрінетін.

Баспаханаға барғанымызда ондағы беттеуші Балмайрам апай ту алыстан сағынған бауырлары келгендей қуанып, күлімдеп қарсы алады.

Ол уақытта газет шығатын күні көбіне түн ортасына дейін, ал кейде таң қылаң беріп келіп келе жатқанда кезекшіліктен босанамыз. Сондайда біздерге, яғни ер адамдарға жігер беретін жанымызда шаршамай-талмай, әзіл-қалжыңдарымен іліп-қағып жүріп, жұмысты да жандырып істейтін апайларымыздың еңбекқорлық қасиеттері еді.

Бүгінде ұжым жаңарды. Олардың орнын жаңа толқын басты. Кешегі күннің жастары алдыңғы буынға көтеріле бастады.

Жұмаш, Жаңылай апайлар өмірден өткелі біраз болды. Бірсыпыра апаларымыз құрметті еңбек демалысында, қазіргі кезде басқа ұжымдарда, басқа мамандықта еңбек етіп жүрген әріптестеріміз де бар. Солардың бәрінің аты-жөнін 8 наурыз күні қағазға қайталап түсіріп отырғанымыз — бір жағынан, мереке күні сол күндерге оралып, өткенге бір шолу жасау болса, екінші жағынан, газеттің жақындап қалған 85 жылдығы қарсаңындағы апа-қатарластарымызға деген ілтипатымыздың реті болатын.

8 наурыз қарсаңында апаларымыздың дәл осы тұстары немен шұғылданып жүргендерін біліп, хабар салғанымызда, біршама қызғылықты деректер қолымызға жинақталды. Жәмила, Алтын сынды апаларымыз бірыңғай немере бағу жұмыстарында, Шолпан тәтеміз қаладағы қарымды бір мекемеде есеп-қисап шаруасында, Света келін түсіріп, құда-жегжаттармен қарым-қатынаста, ал бірсыпыра қыздарымыз енді ғана зейнет демалысына шығыпты. Зияш апамыз балаларға арналған шығармашылығын жалғастырып жатқан сыңайлы.

Осылардың арасынан бүгінгі күні бұрынғы ұжымына хабарласып тұратын ең белсендісі Жәмила апамыз болып шықты. Телефон құлағын алысымен бала-шаға, айналаның амандығын түгел сұрап, соның арасында өз тіршілігінен де хабардар етіп тастайтын ол сол баяғы жас күйіндегідей әлі де.

Мерекелеріңіз құтты болсын, біздің газеттің қыздары! Төркіндеріңіз сіздерді осылайша ұмытпай, мерекеден басқа уақыттары да түгендеп тұрады. Өйткені бұл газетте сіздердің өшпес қолтаңбаларыңыз бар ғой…

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button