Мәдениет

«Темір нарком» тарихи драмасы қойылды

Театр

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында белгілі драматург-жазушы, Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың иегері Рахымжан Отарбаевтың «Темір нарком» тарихи драмасының  сахналануы облысымыздың қоғамдық-саяси және мәдени өміріндегі маңызды оқиға болды.

Бұл премьера кеңестік заманның бұлғақты кезеңінде халық ағарту комиссары қызметінде жүріп ұлттың рухын оятуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргеновтің қилы тағдыры жайында болатын. Отыз жетінің саяси қуғын-сүргінінің құрбанына ұшыраған халқымыздың аяулы  перзенті туралы көпшілік қауым еліміз Тәуелсіздік алғанға дейін көп шындықты біле бермеді. Кеңестік саясаттың қуғын-сүргініне ұшырап атылып кеткені, кейін ақталғаны, қазақ мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген еңбектері жайлы қысқа ғана айтылып жүрді. «Темір нарком» атанған Темірбек Жүргенов өзінің лайықты бағасын еліміз тәуелсіздігіне қол жеткізген жылдарда ғана алып жатыр. Ол туралы көптеген зерттеу еңбектер жазылғаны, деректі кинофильм түсірілгені белгілі. Алайда кеңестік заманның бастапқы қанқұйлы кезеңінде сан қилы тағдырды бастан кешкен аяулы арысымыздың әлі де бізге жетпеген, кеңестік саясат бүркемелеп ұстаған беймәлім  тұстары жетерлік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұсынылған бұл премьера тарихи оқиғаларды жаңаша көзқараспен зерделеуге жетелейді.

Бұған дейін де халқымыздың талай аяулы арыстарының бейнесін сахнаға алып шыққан, пьесалары еліміздің көрермендеріне кеңінен таныс, тек қазақ емес, шетел оқырмандарын да шығармалары сүйсіндіріп жүрген белгілі жазушы, драматург  Рахымжан Отарбаев бұл жолы да аянып қалмаған екен. Нақты деректермен, суреткерлік шеберлікпен, философиялық ойлармен, байыпты байламдармен берілген, біздің өңіріміз үшін жүрекке мейлінше жақын тұлға хақындағы қойылымды Ақтөбенің талғампаз көрермендері  соншалықты жылы қабылдады. Тарихи драманың күйзелісті тұстарын көпшілік көрермендер егіліп отырып көрді.

Өйткені бұл қойылымдағы оқиғалардың бәрі кешегі кеңестік заманнан бізге жеткен нақты деректі жазбалармен үндесіп қана қоймай, мүлде беймәлім сырларға да көз ашты. Көрермендер әке мен баланың, яғни Темірбек пен Қараның арасындағы диалогтан осы жайларды анық аңғарды деп ойлаймыз. Өзі адал қызмет еткен кеңестік қоғамның жақсылыққа бастайтынына қылаусыз көңілмен сенген Темірбек әке мен баланы, ұлтты тапқа бөлген құйтырқы саясаттың құрбаны болады. Бұл жерде Абай сынаған ұлтымыздың бойындағы жақсыны көре алмаушылық, қызғаншақтық, сатқындық сынды жағымсыз қасиеттері де  аз роль атқармайды.

Тарихи драмалық шығарманың тартымды сахналануына қойылымның  режиссері Мейрам Хабибуллин, қоюшы суретші, ҚР мәдениет қайраткері Әсия Құрманалина көп еңбек сіңіргенін аңғардық. Кеңестік сұрқай заманның суық  лебін сездіретін сахналық көріністер, киімдер де жақсы таңдалған. Соның ішінен Темір нарком Жүргеновтің еңбегімен жарқ етіп көрінетін, қазақтың өнер жұлдыздары Күләш Байсейітованың (Жанар Кемелбаева), Шара Жиенқұлованың  (Әдемі Нәжмеденова) бейнелері, сөз жоқ, көрермендерді селт еткізді. Әсіресе, Темірбектің әкесі Қараның ролінде ойнаған ҚР мәдениет саласының үздігі Әсет Оразалиннің шеберлігі көпті тәнті еткені даусыз. Сол сияқты оның әйелі Дәмештің бейнесін сомдаған Айгүл Оразалина да көрермендердің жүрегіне жол тапты. Жалпы премьераға қатысқан актерлердің қай-қайсысы да өздеріне жүктелген ролдерді жақсы алып шықты. Мұны премьера соңында қонақтар да, көрермендер де айтты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атынан сыйланған ықылас гүлі де осы ризашылықтың белгісі еді.

Премьераның аяқталуымен сахнаға көтерілген Темірбек Жүргенов атындағы қордың төрағасы Сәби Аңсат ұлтымыздың аяулы тұлғасының бейнесін сахнаға шығаруға үлес қосқан облыс басшылығына, мәдениет, театр жетекшілеріне қоғамдық қордың атынан шынайы алғысын білдірді. Қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Қазақ мәдениеті Темірбекке қарыздар» деген сөзін келтіріп, бүгін сол қарыздың бір парасы атқарылғанын айтты. Қойылымға қатысқан актерлердің ойынына жоғары баға берді.

— Өзім қатты риза болдым. Соңында сахнаға Темірбек пен Дәмеш (Әсет-Айгүл) шыққан кезде көзіме жас алып толқыдым. Бұл — өнердің құдіреті, — деді ол. Ал «Темір нарком» тарихи драмасының авторы Рахымжан Отарбаев:

— Ұлтымыздың арыстары туралы пьеса жазуға ерте араластым. Мүмкін, бірі жақсы болар, бірі орташа болар. Бірақ қазақтың қасиетті сахнасына Бейбарыс сұлтанның, Жәңгір ханның, Мұстафа Шоқайдың, Темірбек Жүргеновтің образын алғаш мен алып шықтым.  Мұстафа Шоқай туралы пьесам қазір Қызылорда да, Семейде де жүріп жатыр. Ал бүгінгі пьесаны жазуыма Темірбек Жүргенов атындағы қордың төрағасы Сәби аға мұрындық болды. Бұл пьеса Қызылордада қойылды. Енді,міне, кешеден бері ақтөбелік азаматтардың ықыласына бөленіп, көңіліміз өсті. Темірбек Жүргенов те, Ұзақбай Құлымбетов те, қазіргіше айтқанда, ұлты үшін отқа түскен мемлекетшіл тұлғалар. Елдің экономикасын жасаумен бірге, ұлтымыздың рухын оятуға бар күш-жігерін жұмсап келе жатырған бүгінгі қоғам қайраткерлері Иманғали Тасмағамбетовті, Қырымбек Көшербаевты, Бердібек Сапарбаевты мен осы қатарға қосар едім, — деп аяқтады ол сөзін.

Жаңа премьераның қойылымына ақтөбелік зиялы қауым өкілдерімен бірге, Темірбек Жүргеновтің ұрпақтары, Ұзақбай Құлымбетовтің қызы Орынша Қарабалина, Алматы, Қызылорда, Шымкент қалаларынан қонақтар қатысты.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button