«Ақтөбе — құтты мекен»Тарих

Тәуелсіздік қарсаңындағы жылдар

«…қаламызда «Қазақ» («Казахский») деген көше бар. Оны кім және қалай осылай атағаны белгісіз. Ертеректегі дүмше басшылардың біреуі бастаған іс болу керек. Әйтеуір, кезінде қаланың ең сұрықсыз көшесіне осындай ат тағылған. Ол халықты менсінбеу, кемсіту пиғылын байқататын сияқты. Әйтпесе, қазақ жеріндегі көшеге мұндай атаудың қажеті не? Басқа республикаларда «қырғыз», «өзбек», т.б. көшелер жоқ қой?».

Бұл — облыстық «Коммунизм жолы» газетінің 1988 жылы 24 қараша күнгі санында жарияланған Ақтөбе қаласының тұрғыны, ардагер Айса Төребаевтың «Қарыс адым «Қазақ» көшесі» атты мақаласынан үзінді.

Тәуелсіздік қарсаңындағы жылдарда қазақ жұртын ұлттық мүдденің аяқасты болуы, тіл, діл, салт-дәстүрлерден мүлде айырылу қаупі, жалпы, ұлт тағдыры көбірек толғандырды. Бұл жылдар — ұлттық сананың ояну жылдары болды. Жоғарыдағы мақала — соның мыңнан бір мысалы. Әрі қарайғы әңгімені де осы мақаламен жалғастырсақ:

Ең сұрықсыз көшелер…

Айса Төребаев Ақтөбе жерінде коммунистік партия ондаған жылдар бойы ұран етіп келген ұлттар достығының, интернационализмнің жақсы үлгілерімен қатар, келеңсіз тұстары да бар екенін ашына айтып, бұл ойына облыс орталығындағы көше атауларына байланысты кейбір жайттарды дәлел етеді: «Мысалы, — деп жазады ол. — қаламыздың ескі бөлігінде (төбе жақ бетте) сүреңсіз, қазір ешқандай аты жоқ, қысқа ғана көше бар. 70-жылдардың орта шеніне шейін осы көше Мамедов атындағы көше деп аталып келді. Мамедов дегеннің кім екеніне көпшілік түсіне қоймады. Сондықтан қалалық Советтің атқару комитетіне барып, көшенің кімнің атымен аталғанын сұрауға мәжбүр болдық. Олар көше Совет Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың атымен аталған дегенде, жағамызды ұстағанбыз. Олай болса, әлгі «Мамедов» деген жазуды дереу түзету қажет екенін айттық. Одан кейін жазу өзгертілді. Енді көшедегі үйлерге «Мәметов атындағы» деген жазулар қағылды. Содан кейін Мәншүк ер адам емес, қазақ халқының аяулы қызы деп түсіндіруге тура келді. Одан шыққан нәтиже — көшенің аты көрсетілген барлық жазу жиналып алынды да, содан бері көше атаусыз тұр…

Сөйтіп, біраз уақыттан бері Мәметова атындағы көше ешқандай белгісіз тұр. Мясоедов, Ворошилов атындағы көшелердің басталар тұсына арнайы белгі орнатылып, Батырдың медалі бейнеленген, есімі көрнекті етіп жазылған. Бұл өте дұрыс. Ал біз әңгімелеп отырған көшенің сыйқы әлгіндей. Ол да батыр атында емес пе? Ұлтты құрметтеу дегеннен шығады — қазақ халқынан шыққан екі батыр қыздың бір осы Мәншүк Мәметова емес пе? Неше қайтара айтқанда, оның фамилиясын дұрыс жаза алмау көңілге кірбің түсірмей ме? Бұл көшенің ұзындығы бір қадам, өзі сүреңсіз, батыр атына лайықты да емес.

Өзге облыстарда Мәншүк Мәметова атында фабрика, оқу орындары, совхоздар бар. Ал бізде ең болмаса, бір дұрыс көшені атауға болмас па еді?».

Қазақ жұрты маңдайындағы қос жұлдызындай көретін екі батыр қыздың бірі — Мәншүк Мәметоваға Ворошилов, Мясоедовтарға көрсетілген құрметтің көрсетілмеуі ұлтқа деген көзқарастың айқын көрінісі ретінде қабылданатынын ардагер осылайша алға тартады…

Бүгінде Ақтөбедегі Мәншүк Мәметова атындағы көше қаланың көрнекті жерлерінің бірінде орналасқан, сондай-ақ, медициналық колледжге батыр қыздың аты берілгені белгілі. Ал қаланың «ең сұрықсыз» әрі, әдейі істелгендей, жүйке аурулары диспансері орналасқан көшесіне берілген, өз жерінде азшылыққа айналған ұлттың ашуына тиген «Қазақ» атауы тәуелсіздік жылдарында өзгертілді.

Қазақ мектебі жоқ аудан

Бұл жылдары, әсіресе, тіл мәселесі басты назарда болды. Мысалы, лениндік ұлт саясатын насихаттау жөніндегі облыстық қоғамдық-саяси орталықтың меңгерушісі А. Өтегеновтің облыстық «Коммунизм жолы» газетіне (1989 жыл,1 маусым) жазғанындай, Ақтөбе қаласындағы 98 балабақшаның тек 19-ында ғана қазақ тілі үйретілген, ал бірыңғай қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшаның саны… екеу-ақ болыпты.

Сол тұста облыста тіпті бірде-бір қазақ мектебі жоқ аудан да болған. Мына үзіндіге қараңыз: «Өкінішке қарай, Ақтөбе қаласында қазақ мектептері мен балабақшаларының тиімді желісі қалыптасқан жоқ. Бұл бағыттағы жұмыс аудандарда да жетілдіруді қажет етеді. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы 31 мектептің үшеуі ғана қазақша, ал Ақтөбе ауданында 27 мектептің бірде-бірі қазақ тілінде оқытпайды. Сондай-ақ, Мартук ауданында 27 мектептің үшеуі, Новоресей ауданында 37 мектептің жетеуі ғана қазақша».

Ал облыстық халыққа білім беру басқармасы басшысының орынбасары В. Мисюриннің мәліметтері («Коммунизм жолы», 1990 жыл, 17 қаңтар) бойынша, Ақтөбе қаласындағы орыс мектептерінің 13-інде ғана қазақ тілі толықтай, яғни 1-9 кластарда оқытылған. Басқаларында қазақ тілі тек 1-4 кластарда оқытылыпты. Керек десеңіз, қазақ тілі негізгі пәндер қатарында орта білімі жөніндегі аттестатқа (орыс мектебін бітіргендер үшін) да енгізілмеген. Тек 1992 жылдан бастап енгізу көзделіпті.

Әрине, коммунистік билік бұл жағдайға байланысты қазақтардың өздерін кіналау арқылы ақталды. Мәселен, жоғарыда аталған В. Мисюрин Қобда ауданындағы Калинов орта мектебінде оқушылардың 83 пайызы жергілікті ұлт өкілдері болғанмен, ата-аналардың ауылдағы мектептің орыс мектебі болуын қалағанын айтады.

Ал, А.Өтегенов «қазақтар балаларын қазақ тіліндегі мектептерге бергісі келмейді» деген пікірге қарсы уәж ретінде, мектепке дейінгі тәрбие мен орта білімнен әрі қарайғы білім жүйесін тек орыс тілінде жүргізу арқылы ата-аналарға басқа таңдау берілмей отырғанын алға тартқан. «Облысымыздағы 12 техникумда да қазақша бөлімшелер мен топтар жоқ», — дейді ол. Ақтөбедегі жоғары оқу орындарындағы жағдай да осындай еді.

Бір айта кетерлігі, қазақтар шоғырланған аудандарда, керісінше, орыс тілін меңгеру деңгейі төмен болған. Айталық, Ойыл, Байғанин аудандарынан әскер қатарына шақырылған жастардың орысша сөйлей алмайтыны да газет бетінде мәселе ретінде көтерілген. Осылайша, бір облыстың аумағында тұрып жатқан жандар, құдды екі мемлекеттің халқы секілді, бірін-бірі түсіне алмайтын халге жетіпті.

Басқалар және қазақтар

Кеңес заманында Қазақстанда қазақтың тұрмысы өзге ұлт өкілдерінен төмен болуының себептері жөнінде де осы жылдарда ашық айтыла бастады. Басты себеп — қазақтардың жақсы жұмысқа орналаса алмайтындығында еді. Облыстық «Коммунизм жолы» газетінің 1989 жылғы 29 наурызда жарық көрген санында «Жергілікті кадрларға өгейлік» атты мақала жарияланды. Мақала авторы Е. Кенебаев өндіріс орындары көп шоғырланған Октябрь ауданындағы кәсіпорындарда жергілікті кадрлардың үлес салмағының аздығын, бұған байланысты халықтың ренішін, сондай-ақ, нақты басшылардың: Октябрь мұнай-газ өндіру басқармасынан — В. Бурашниковтың;  жерді терең бұрғылау жұмыстары басқармасынан С. Зиминнің қазақтарды жұмысқа қабылдауға құлықсыздығын баяндайды.

Мақалада көтерілген мәселелер 5 мамырда өткен аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде қаралған. Жиында жергілікті кәсіпорындарда байырғы ұлт өкілдерінің үлесі аз екендігі расталған. Мысалы, Октябрь бұрғылау жұмыстары басқармасында 1643 адам жұмыс істесе, қазақтың үлесі соның небәрі 11,8 пайызын құраған. Тіпті, қазақ қана емес, бұл кәсіпорында жергілікті тұрғындар үлесінің өзі 36,5 пайыз екені анықталған. Өзгелері — вахталық әдіспен шеттен кеп жұмысқа орналасқандар. «Чилисайтяжстрой» тресінде кәсіпорын басшының 5 орынбасары мен 10 басқарма бастығының ішінен, әйтеуір, жалғыз ғана бір қазақ табылыпты, т.б.

Ал осы ауданға көршілес Темір ауданындағы жағдай жөнінде журналист М. Әділхановтың облыстық кеңес депутаты, Шұбарқұдық селолық теміржол ауруханасының бас дәрігері І. Көбеновпен сұхбатында («Коммунизм жолы», 1990 жыл, 4 шілде) былай баяндалады: «Вахташылар саны күннен-күнге өсе түсуде. Егер де мұнайға немесе барлау жұмысына байланысты өте сирек ұшырасатын мамандық иелерін әкеліп жатса, оған да шүкірлік етуге болар еді. Ал одақтың өзге республикаларынан сантехниктер, аспаздар, автомашина жүргізушілер, тіпті заправщиктерге дейін келіп жатса, бұл әділеттілік пе?».

Кеңес билігі қазақтарды басшылық қызметтерге, табысы мол салаларға жолатпағанмен, бейнеті шаш-етектен, демалысы жоқ мал шаруашылығына, соның ішінде қой шаруашылығына барынша пайдаланды. Ресми дерек бойынша, республикадағы шопандардың 98 пайызы қазақтар еді. Ал Одақ ыдырар алдындағы құлдыраулар басталған тұста, ең алдымен, күйреуге ұшыраған салалардың бірі нақ осы қой шаруашылығы болды «Коммунизм жолы» газетінің 1988 жылдың 29 наурыз күнгі санында Қобда ауданында соңғы үш жылда «60 мыңнан астам қой өлім-жітімге ұшырады, 32 мыңдай қой «амалсыздан» сойылып, осының барлығынан 1,8 миллион сом зиян келді. Өткен жылы саулық бағатын 149 шопанның 66-сы ғана төл алу жоспарын орындады. Жүн өндіру жоспарын үш жылдан бері «Қиыл» совхозы ғана жүзеге асырып келеді» — деген деректер келтіріліп, тез арада осы кемшіліктерді жою шаралары алынуы керектігі айтылған. Аталған аудандағы Ильич атындағы колхоздың озат шопаны, Ленин, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордандерінің иегері Орынбасар Сағиев бұл жағдайға басшылық, яғни олардың қой шаруашылығын дамытуға деген көзқарасының нашарлауы кінәлі деп есептейтінін жеткізген.

Сондай-ақ, СОКП-ның ХХVIII съезіне делегат болып сайланған Ырғыз ауданы, «Ырғыз» совхозының шопаны Зарлық Қалиев те Кремльдегі Съездер сарайына табани тисе болды, «малшы-шопандардың, барша қарапайым халықтың көкейтесті мәселелерін бар дауысымен жеткізетінін», егер сөз бермесе, жазып беретінін, әйтеуір үнсіз қалмайтынын айтыпты. Съезд делегатының дерегі бойынша, 100 пайыз дерлік қазақтар тұратын Ырғыз өңіріндегі адамдардың орта жасы сол уақытта 36-37 жас екен… (1990 жыл, 19 маусым)

Әзірлеген И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Деректер облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетінің 1988-1990 жылдардағы сандарынан алынды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button