Спорт

Колумбиядан қола алып қайтты

Колумбия астанасы Богота қаласында джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатында ақтөбелік екі спортшы қола жүлдегер атанды.

Чемпионатқа 37 мемлекеттен 360-тан астам спортшы  қатысты.

Джиу-джитсудың не-ваза-систем бағыты бойынша ҚР ұлттық командасының сапында жаттығатын  жерлестеріміз Нартай Қажеков пен Андрей Гаврилюк әлем чемпионатында жеңіске жетті.

Жарыс жолында қола жүлдеге ие болу оңай болған жоқ. Барлық күшімізді салдық. Алда Қазақстан чемпионаты және келер жылы өтетін Азия ойындары күтіп тұр. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін тыңғылықты түрде дайындалу керек, — деді  Нартай Қажеков.

Аталған жарыс джиу-джитсудың файтинг-систем, не-ваза-систем, дуо-систем бағыттары бойынша өтті. Қазақстанның намысын ұлттық  құрамадағы 23 спортшы қорғады.  Олар жалпы есепте бір алтын, бір күміс және бес қола медальды иеленді.  Олардың арасында әлемдік турнирлердің және Азия ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері бар.

— Ұлым Нартай мен оның  досы Андрейдің Колумбияға барып, көк туымызды желбіретіп келгеніне өте қуаныштымын. Жастарға  осындай мүмкіндік берген облыстық дене шынықтыру басқармасына және жаттықтырушысы Әшім Қалиге алғысымды айтамын, — деді  Нартайдың анасы Балмоншақ Қажекова.

Әлем чемпионатының жүлдегерлерін әуежайдан  облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлері, джиу-джитсудан облыстық федерация өкілдері, спортшылардың ата-аналары және жанкүйерлері зор қошеметпен қарсы алды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button