Басты жаңалықтарМереке

Бірліктің ұйытқысы

Ақтөбеде «Қазақ халқына мың алғыс» атты ескерткіш-стела орнатылды.

Ескерткіштің ашылу салтанаты ҚР Тұңғыш Президенті күнінде өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған облыс басшылары, ардагерлер, этномәдени бірлестіктер мүшелері, Ақтөбе қаласының жұртшылығы қатысты.

Ескерткіш-стеланың екі жағына қыпшақ, Қазақ хандығы жауынгерлерінің киімін киген жастар сап түзеп тұрды. Ал этномәдени бірлестіктер мүшелері жиынға ұлттық киімдерімен келді. Жиын көне жыраулар туындыларымен басталды. Алыс ғасырлардан жеткен толғауларды көпшілік алдында қобызшы Жетес Жәмеков орындады.

Бұдан кейін облыс басшысы Бердібек Сапарбаев құттықтау сөз сөйледі.

Жұртшылықты Тұңғыш Президент күнімен құттықтай келіп, облыс әкімі Қазақстан халқының тәуелсіздік жылдарында Елбасы басшылығымен қол жеткізген табыстарына егжей-тегжейлі тоқталды.

— Сол табыстардың бәрінің бастауы, негізі — туған Отанымыздағы бейбітшілік, Қазақстан халқының ынтымақ-бірлігі. Қазақ халқы қашанда елімізде тұрып жатқан барлық ұлттардың бірлігіне, татулығына ұйытқы болып келеді. Бауырмалдық, сыйластық, адамға деген жанашырлық — қазақтың қанындағы басты қасиеттер. Мұны елімізде өмір сүріп жатқан басқа ұлттар өкілдері жақсы біледі, сондықтанолар қазақ халқын ерекше құрметтейді. Міне, бүгін ашылғалы тұрған ескерткіш — соның дәлелі, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс басшысы бұл ескерткіштің жастар үшін тәрбиелік мәні жоғары болуы керектігін атап өтті.

— Ата-бабалар өнегесі, халқымыздың ғасырлар бойы ұстанған салт-дәстүрлері — біз үшін бүгінгі және болашақтағы ынтымақтың, ырыстың қайнар көзі. Осыны жадымызға мықтап түюіміз қажет. Мен жерлестерімізге, әсіресе, жастарға үш тілек айтар едім: біріншіден, отбасы құндылықтарын қадірлеп, отбасы алдындағы борышты бәрінен жоғары қойсақ; екіншіден, өз ұлтымызды, оның абыройын, бірлігін, халқымыздың ертеңін ойлап өмір сүре білсек; үшіншіден, соңымызда із қалдыруды мақсат тұтып, әр күнімізді адал еңбекке, жақсы істерге арнасақ деймін, — деді ол.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев ескерткішті орнатуды қолға алған кәсіпкерлерге және оны тұрғызған құрылысшыларға алғыс айтты.Сөзінің соңында ол көпшілікке мерекелік тілектерін жеткізді.

Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, «Динар-Электромаш» ЖШС-ның іс басқарушысы Сергей Вишняк пен ардагер ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі Қамалхан Қуанов құттықтау сөз сөйледі.

Ал ескерткішті ашу құрметіне Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, «Динар-Электромаш» ЖШС-ның іс басқарушысы Сергей Вишняк, облыстық корей ұлттық-мәдени бірлестігінің жетекшісі Людмила Ким, ҚР құрметті құрылысшысы Шамиль Каспранов, «Оксана» украин ұлттық-мәдени орталығыжетекшісінің орынбасары Татьяна Нечитайло және «Азери» әзербайжанұлттық-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Қасым Халелов ие болды.

Жиын соңы қалалық Мәдениет үйі өнерпаздарының күшімен әзірленген концертке ұласты.

Айта кетелік, Ақтөбедегі ең жаңа ескерткіш — «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ашылды. Ол кәсіпкерлер қаржысына тұрғызылды.

Ескерткіш облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті мен Өнер орталығы арасындағы алаңда орналасқан. Биіктігі — 30 метр. Оның орта тұсында Қазақстан картасы бейнеленіп, «Қазақ халқына мың алғыс» деген жазу айналдыра жазылған. Ал ескерткіш іргетасын айналдыра қойылған гранит тақтайшаларда Қазақстанның ежелгі заманнан бүгінге дейін тарихынан мәліметтер бар: Таңбалытастағы «күн басты» адамдар бейнелері; Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» бейнесі; ортағасырлық қалалар; Қазақ Ордасы хандарының портреттері; Алаш қайраткерлері, т.б.

Ескерткіштің жоғары жағындағы киіз үй түріндегі композиция бір шаңырақ астындағы тату-тәтті тірлікті айғақтайды.

Индира ӨТЕМІС.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button