Білім

Басқарма бастығы тағы да ескертеді

Ата-аналар құлақ аса ма?

Тазалық акциясына қосылыңыз…

Оқу жылы аяқталуға жақын. Мектеп бітіретін баласы бар үйдің бар тілегі сол баланың үстінде, тапқан-таянғаны да… Өйткені бұл тұрғыда кіршіксіз тап-тазамыз, мінсізбіз дегеннің өзінде қазір ананы, мынаны сылтау қылып, баладан ақша жинайтын мектептер мүлде жоқ деп үзілді-кесілді айта алмайсыз. Бұрын болған. Қазір де бар. Әдет қалмайды ғой…

Облыстың білім басқармасы бұл кеселмен күресудей-ақ күресіп келеді. Оның басында білегін сыбанып облыстың бас педагогы Аманғали Құдайбергенов жүр.  Білім басқармасы күрескенде ақша жинауға даяр тұратын мектеп басшыларымен, мұғалімдермен, оқытушылармен күреседі. Бірақ… ата-аналармен емес. Сондықтан шығар, бұл «майданда» кінәлілер, негізінен, ата-аналар. Рас, бұл барлық мектеп ұжымы бірдей сүттен ақ, судан таза деген сөз емес. Дегенмен, қазақтың тәмсіліне сүйенсек, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» емес пе?.. Яғни, облыстың тұтастай білім жүйесінің жеткен жетістігін мансұқ қылуға, оған көлеңке түсіруге «Құдайбергенов білмейді ғой» деген принциппен балалардан ақшаны судай сапырып жинай беретін жалғыз түйір мектептің «білместігі» жарап жатыр…

Бұл әңгімені қозғауға редакцияға соғылған қоңырау себеп болды. Ата-аналардың бірі болса керек. Баласының биыл мектеп бітіргелі жатқанын, мектепке 120 мың теңгенің сыйлығын алып беруге ақша жинап жатқанын айтты. Аты-жөнін, баласы оқитын мектебін қанша сұрасақ та біле алмадық. Айтса, «мұғалімі баланың бағасын төмендетеді» екен. Естіген құлақта жазық жоқ. Салып ұрып білім басқармасының бастығына бардық.

«Ол мектепке, мемлекетіне жаны ашымайтын адам екен. Егер айтқан сөзі рас болса, қоғамымызда орын алып отырған мұндай келеңсіздікті жоюға көмектесуі керек қой. Мектептің атын айтып, біздің жасап жатқан жұмысымызды жоққа шығаратындармен бірге күреспесек, нәтиже болмайды», — дейді А.Алхатұлы.

Былтыр, араға бес-алты жыл салып колледж директорлығы қызметін үзіп, білім басқармасының бастығы боп қайта тағайындалған А.Құдайбергенов жұмысын осыдан, яғни мектептердегі ақша жинауды тоқтатудан бастады. Политехникалық колледжде директор боп тұрған тұста ол оқытушылар ортасында сыбайлас жемқорлыққа апаратын жаман «аурудың» — оқушылардан ақша жинаудың алдын алуға, оны доғаруға қатысты арнайы механизм жасап,  тазалық акциясын ұйымдастырған еді. Қысқасы, колледжде ақша талап еткен адам өзін нағыз қор санайтындай психологиялық атмосфера орнатқан.

Осы жүйені Құдайбергенов басқармаға бастық боп келген соң да орнатқысы келді. Барлық мектеп басшылары арасында тазалық актілеріне қол қойылды. Облыстағы телеарналардан акция жөнінде роликтер көрсетілді. Былтыр оқу жылы аяқталғанда директорларды жинап, қыркүйек айынан бастап қай мектептің оқушылардан қанша, не үшін, қандай мақсатпен қаржы алғаны, оның қайда жұмсалғаны анықталып, арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұндай тексеру әдісі бірінші рет өткізілген.

Мектепке сыйлық алуға болмайды. Болмайды!

— Тексеру нәтижесінде байқағанымдай, ата-аналар ақшаны түрлі мақсаттарда жинаған. Масқарасы сол, бір мектеп балалардан мектеп бітіргенде естелік суретке түсу үшін бір сыныптан 150 мың теңге жинапты. Яғни, бір баладан 3500, 5500 теңге ақша жинаған. Не деген сорақылық? Мен сол мектептің директорын шақыртып алып, неге сонша ақша талап еткенін, неге қу фотографты қуып жіберіп, арзандау фотограф таппағанын сұрадым. Екінші қайталанбайтынын айтып кетті. Мысалы, бір үйде екі бала оқыса, ол екі балаға мұнша ақшаны қайдан тауып береді? Соны ойламай ма?

Жақында осы мәселеге байланысты мектеп директорларын жинап, биыл мектеп бітіретін балаларға қатысты кеңінен әңгіме қозғадық. Мектеп бітіру кеші адамның өмірінде бір рет болады, сондықтан оны жақсылап өткізу үшін шамалы ақша жинайтын шығар, дегенмен, мұғалім, сынып жетекшісі өз қолымен еш уақытта баладан ақша жинамауы керек. Ол нәрседен тыс жүруі қажет. Оны, егер қажет жағдайда, ата-аналардың өздері ұйымдастырады. Бұл, білім басқармасының бастығы солай айтты екен деп, ата-аналар жаппай ақша жинауы тиіс деген сөз емес. Ешбір ата-ананы ақша бер деп қинауға, одан талап етуге болмайды. Ата-аналардың бірде-бірі ренішсіз болуы керек, — дейді білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов.

— Сіз солай дегенмен, мектеп бітіретін балалардың барлығының жағдайы керемет деп айта алмайсыз. Рас, ауқатты, дәулетті тұратындар баласы үшін мектепке төгіп-шашып беруі мүмкін. Бірақ тұрмысы орташа балалардан да ауқатты отбасылар беріп жатқан ақшаны бер деп талап етуге бола ма?

— Болмайды! Мектеп директорларының басын қосқанда дәл осы мәселені көтердік. Тағы қайталап айтамын, ешбір ата-ана ренішсіз болуы керек. Егер қандай да бір ата-ана мектепке сыйлық жасағысы келсе, өзінің еркі. Бірақ басқаларын «мен жасағандай жаса» деп соңына ертуге болмайды. Осындай істің басында жүрген мұғалімдер кейін сол ісі үшін жауап беретінін біледі.

— «Құдайбергенов білмейді ғой» деп оқушылардан астыртын ақша жинайтын мектептер бар шығар…

— Мүмкін бар да шығар. Бірақ әдейі білім басқармасына қарсы ұйымдастырады деп айта алмаймын. Барлығын бүлдіретін тағы да ата-аналар. Мұғалімдер, директорлар заңды біледі. Және соншама жыл жинаған абыройын бір-ақ күнде төгіп алудан кез келген педагог қорқады. Мұғалім үшін абыройсыздық деген өліммен тең. Қай мектеп екенін айтпай-ақ қояйын, менің алдыма еңіреп жылап келген директорлар болды.

— Мектептерде қазір мектеп бітіру кеші үшін 11-сыныптың балаларынан ақша жинай бастады. Бермеген балаларды шеттетіп, бағасын төмендетіп, бөлектейтін көрінеді…

— Жоқ, ондай болмайды. Біз ондайға жол бермейміз. Егер сондай жағдайлар орын алса, білім басқармасында арнайы сарапшы жұмыс жасайды, соған келіп мән-жайды айтуы керек. Немесе 56-42-18, 55-08-63 сенім телефондарына қоңырау соғып, жағдайын, аты-жөнін, мектебін айтуы қажет. Сенім телефонына түскен ақпараттардың барлығы тексеріледі.

— Түлектер мектепке сыйлық жасауға дайындалып жатқан көрінеді. Тіпті балалардан мектепке 120 мың теңгенің затын алып беруге талап етіп жатқан оқу орындары да бар дегенді жазықсыз құлағымыз естіді.

— Жақында мектеп директорларының басын қосқанымызда осы мәселе де сөз болды. Ешбір сынып жетекшісі, ешбір директор оқушыларға мектепке сыйлық жасаңдар деп айтуға құқысы жоқ. Біз барлық мектеп басшыларына тапсырма бердік. Көріңіз де тұрыңыз, «бізге сыйлық керек емес» деп ертең мұғалімдердің өздері айтатын болады.

— Ал әлгі  сыйлық беруге құмартып тұрған ауқатты ата-аналарды қайтеміз?

— Бергісі келсе, естелік ретінде шағын сувенирлер беруге болатын шығар. Бірақ жаңағы сіз айтқандай 120 мың теңгенің заттарын, музыкалық орталық, телевизор секілді заттарды беруге болмайды.

— Ал жыл сайын әңгіме болатын мектеп бітіру кештері мектепте өте ме, әлде мейрамханаларда өткізіле ме?

— Бүкіл әлемді жайлаған қаржылық дағдарыс біздің елімізді де айналып өтпегені белгілі. Үйдегі жағдайды базардағы нарық бұзады емес пе? Яғни, мейрамханаға баруға барлық балалардың бірдей жағдайы көтермеуі мүмкін. Оның үстіне балалар мейрамханамен емес, он бір жыл оқыған алтын ұясымен — мектеппен қоштасады емес пе? Мектептің өзінің аурасы, өзінің иісі болады. Меніңше, қоштасу кеші мектептерде болғаны дұрыс. Сондықтан қалалық білім бөлімі түлектердің қоштасу кешін мектептерде өткізу қажет деген бұйрық шығаруы керек. Ал жеке меншік мектептер қайда өткізсе, өздері біледі.     

— Сіз бастама көтеріп, ұйымдастырып жатқан тазалық акциясының пайдасы бар ма?

— Меніңше, пайдасы бар. Тоқсаныншы жылдары еліміз қиын жағдайды бастан кешіргені белгілі. Мектептің де жағдайы мәз емес болатын. Ол жылдары мемлекеттен бөлінген қаржы тіпті электр қуаты мен жылуға  төлеуге жетпей жататын. Ол кездері ата-аналардан аз мөлшерде ақша жинауға рұқсат етілетін. Меніңше, оқушылардан ақша жинау сол кезден басталған сияқты.  Санамызға сіңіп, әдетке айналып кете жаздаған балалардан ақша жинау кампаниясы қазір жоқ. Салыстырмалы түрде алғанда Ақтөбе облысын басқа облыстарға қарағанда бұл тұрғыда әлдеқайда таза деуге болады. Мұндай акция тек біздің облыста ғана екі жылдан бері жүргізіліп келеді. Ендігі жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз.

P.S.

Айта-айта «Алтайды»…

… Жамал апай қартайды. Бұл сөзді оқытушылар қауымы жақсы біледі. Мейлі ата-аналар бастасын, мейлі мұғалімдердің өздері бастасын, әйтеуір оқушылардан ақша жинамайтын мектептің мүлде жоқ емес екенін облыстың бас педагогының де іші сезетін сияқты. «Мүмкін бар да шығар. Бірақ әдейі білім басқармасына қарсы ұйымдастырады деп айта алмаймын. Барлығын бүлдіретін тағы да ата-аналар. Мұғалімдер, директорлар заңды біледі», — деді ол әлгіндегі бір сөзінде. Заңды жақсы білетін шығар, бірақ…

Жақында 11-сынып бітіретін бір баламен сөйлестім. Ойында ештеңе жоқ, маған барлық «сырды» жайып салды: « Жыл сайын спорт залға доп, секіретін скакалка алу үшін 20-30 теңгеден ақша жинаймыз, тест кітапшасы үшін 300 теңге төлейміз, ал егер тест кітапшасын медициналық институттан өзіміз барып сатып алғымыз келсе, институтқа кіру үшін тағы қосымша 50 теңге төлейміз. Былтыр мектепке ремонт жасаймыз деп әрқайсымыздан 500 теңгеден жинады. Сынып жетекшіміздің туған күні, жаңа жыл секілді мерекелерде міндетті түрде ақша жинап, сыйлық аламыз. Биыл мектеп бітіреміз. Мейрамханаға барамыз деп жатыр, сол үшін әрбір оқушыдан 6 мың теңгеден, баласына еріп баратын ата-ананың әрқайсысы үшін тағы 6 мың теңгеден жинаймыз. Мектепке сыйлық алу үшін 3500 теңге ақша береміз, естелік суретке түсу үшін, яғни виньетка үшін 4 мың теңге төледік. Мейрамханаға киетін киімім бар, аяқ киімім бар, барлығының ақшасын қосқанда бір 40 мың теңгедей ақша керек боп тұр…» деп бастырмалатып алып бара жатыр. Жағамды ұстадым. Сосын менің журналист екенімді біліп, неге айттымға қалып, «мектебімді айтпағаным жақсы болған, бірақ атымды айта көрмеңізші, сынып жетекшім ұрсады, ертең менің соңыма түседі» деп жата-жастана жалынды. Әлбетте, БАҚ туралы заң бойынша мен оның атын жария етпейтініме уәде бердім.

Әрбір баласы мектеп бітірген сайын өліп-тірілетін байғұс ата-аналар-ай… Әлде, тып-тыныш ұйып отырған мектептің атына кір, арына дақ келтіретін ата-аналар-ай… деп айтқан жараса ма?

Қалай болғанда да әрбір мұғалімнің, әрбір ата-ананың басқан ізін аңдып, шам алып жүруге жалғыз Құдайбергеновтің әлі келмейді. Ол — көпшіліктің ісі.

Облыс әкімі Елеусін Сағындықов биыл халық алдында есеп бергенінде 2009 жылы облыстық бюджеттің 30 пайызынан астамы білім беруді қолдауға және дамытуға бағытталғанын, биыл бұдан да көп қаржы бөлінетінін айтты. Сонда мектепке оқушылардан ақша жинайтындай не күн туды?

Сіз не дейсіз, мұғалім?

Сіз не дейсіз, ата-ана?

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button