Басты жаңалықтарМереке

«Жұбановтар әлемі» ашылды

ҚР Тұңғыш Президенті күнінде Ақтөбе қаласындағы «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйінің ашылу салтанаты өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, Жұбановтар әулетінің ұрпақтары — Асқар Жұбанов, Ажар Жұбанова, Ардақ Жұбанова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Төлеген Мұхамеджанов, белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты шара ғимарат алдындағы шығармашылық символына гүл шоғын қоюмен басталды. Ғимараттың ашылуына жиналған жұртшылық алдында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер академиясының президенті Амандос Ақанаев пен меценат Қайрат Мәйтековтің әкесі Амангелді Мәйтеков құттықтау сөз сөйлеп, шығармашылық үйі жастардың өнерін шыңдап, талантын ашуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған зиялы қауым өкілдері Жұбановтар әулетіне арналған мұражайды аралады.

— Жұбановтар әулетінен қазіргі қазақ отбасылары үлгі алу керек. Қазақстанда осындай отбасылар көп болуы керек, сонда ғана біздің еліміздің аты, абыройы асқақтай береді, — деді Б.Сапарбаев.

Салтанатты шара Ғазиза Жұбанованың 90 жылдығына орай облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Жыр жазамын жүрегімнен» атты республикалық ақындар мүшәйрасының қорытынды гала-концертіне жалғасты.

Аталған мүшәйраға еліміздің барлық өңірінен 25 жас ақын қатысып, 70-тен астам шығарма келіп түскен. Қазылар алқасының шешімімен мүшәйра қорытындысы бойынша 7 ақын жүлдеге ие болған.

Шарада Ажар Жұбанова жиналғандарға жылы лебізін білдірді.

  • Бүгін біздің отбасымыз үшін ерекше күн. Өйткені менің әкем Ахмет, оның ағасы Құдайберген Жұбанов, әпкем Ғазиза Жұбанованың өнерін бағалап, соның арқасында Ақтөбе жерінде үлкен ғимарат ашылып отыр. Бүгін мен үлкен толқыныс үстіндемін. Себебі осындай зәулім ғимараттың ашылуы еліміздің Жұбановтарды бағалағаны деп түсінемін. Тек жүректі ауыртатын бір дүние осы кісілердің өмірде жоқтығы. Мен Жұбановтар әулетінің атынан олардың рухын көтерген елімізге, ақтөбеліктерге рақмет айтамын! Жұбановтарды құрметтеп, осындай үй тұрғызу бізге үлкен күш береді. Мұндағы концерт залы, мұражай, бәрі-бәрі өте тамаша. Осында ел-жұрт келіп концерт көреді, әлі талай өнерлі шәкірттер тәрбиеленеді Сондықтан облыс әкімдігіне, осы шығармашылық үйін салған кәсіпкерлерге шексіз алғысымды білдіремін. Жұбановтар рухы сіздерді қолдай берсін! — деді ол.

Бұдан кейін сахнаға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Төлеген Мұхамеджанов шығып, Ғазиза Жұбанованың шәкірті болғанын, ерекше дарын иесі қалдырған мол мұра қазақ халқы үшін алтын қазына екенін айтып, зиялы қауым өкілдерін шығармашылық үйінің ашылуымен, сондай-ақ Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, музыкалық тарту жасады.

Шарада ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева жүрекжарды лебізін білдірді.

— Егер Ақтөбе топырағында Ахметтей ұл тумаса, қазақ даласының қасиеті болмаса, бүгін біз не болар едік? Онда бабалардың сазы жоғалар еді, бәрі ұмытылар еді, барлығымыз басқа тілде сөйлер едік. Сондықтан Ахметтей ұлы тұлғаны дүниеге әкелген бұл топырақ киелі.

Ахмет Жұбанов — қазақ өнерінде, ұлт музыкасында алар орны айрықша ұлы тұлға. Қазақтың қасиетті топырағында талай тұлғалар өмірге келген, қазақ жері барлығын көтерген, бүгінгі ұрпақ соның куәсі. Осы жерде қазақтан шығып, бүгінде әлемді таңғалдырған Димашты атап кетуіміз керек. Мұның бәрі Ақтөбе жерінің киелі, өнерлі мекен екендігін білдіреді, — деді ақын ағынан жарылып.

Салтанатты шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналған жұртшылықты мерекемен, жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады.

  • Адамды қозғайтын, дамытатын, күш-қуат, қайрат беретін — өнер, мәдениет, әдебиет. Сондықтан біз әр кез өнердің алдында басымызды иеміз. Біздің міндетіміз — Жұбановтар әулетінің еңбектерін насихаттап, жастарға осы тұлғалардың қалдырған өсиеттерін жеткізу, осы мұраларды жоғалтпау үшін жұмыс жасау. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да негізі — осы. Егер қазақ өзінің салтын, әдет-ғұрпын, дәстүрін, өнерін, тарихын, әдебиетін ұмытатын болса, ертең халқымыздың қандай болары белгісіз. Сондықтан біз өнерді әрдайым бағалауымыз қажет.

Ақтөбе өңірі — киелі, қасиетті жер. Бұл жерден Жұбановтар әулеті бекерден-бекер шыққан жоқ. Болашақта осы киелі топырақтан тағы да Жұбановтар шығуы керек, олар қазақ мәдениетіне өз үлесін қосуы керек. Биыл біз осы мақсатпен Қайрат Мәйтековке өтініш айтып, өз идеямызды білдірген едік. Алдымен Жұбановтар алдындағы борышымызды өтесек, екіншіден, ұрпақ келешегі үшін игі іс жасасақ деген тілегіміз болған. Міне, бүгін осы тілегіміз орындалып, үлкен орталық ашылып отыр. Бұл жерде тек Жұбановтардың ғана емес, бүкіл қазақтың мәдениеті, өнері талқыланып, орындалуы керек. Осы жерде жаңа әндер, өлеңдер шығуы керек, — деді Б.Сапарбаев.

Шарада ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер академиясының президенті Амандос Ақанаев облыс әкіміне, сондай-ақ Қайрат Мәйтеков пен оның әкесі Амангелді Мәйтековке естелік сыйлықтар табыстап, жиналғандарға тілегін жолдады.

Гала-концертте ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Марат Әйтімов Ғ.Жұбанованың «Жыр жазамын жүрегімнен», ҚР еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева А.Жұбановтың «Абай» операсынан «Ажар» ариясын, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның камералық хоры Ғ.Жұбанованың «Ақшолпан» әндерін орындады.

Шарада Ғазиза Жұбанованың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жыр жазамын жүрегімнен» атты республикалық ақындар мүшәйрасының Бас жүлдесін Астана қаласынан келген ақын Айжан Табарак жеңіп алса, І орынды батысқазақстандық Асылай Ниязбаева, ІІ орынды Астана қаласынан келген ақын, ҚР Ұлттық мұрағатының бөлім меңгерушісі Ұларбек Дәлейұлы иеленді.

Сондай-ақ Ғазиза Жұбанова атындағы арнайы жүлде Шығыс Қазақстан облысынан келген ақын Сәтжан Кәріпбаевқа табысталса, облыс әкімінің арнайы дипломы мен ынталандыру сыйлығы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің оқытушысы Жұлдыз Қожабековаға бұйырды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button